"Шабыт"

Жамбылдық жас ақын-жазушылардың кеңесі құрылды

Quill pen and inkwell resting on an old book with green background concept for literature, writing, author and history
Written by Aray2005

Елбасының бастамасымен жарияланған Жастар жылында еліміздегі жас буын өкілдеріне толайым мүмкіндіктер жасалуда. Әсіресе көзінде жалыны, жүрегінде жарқын болашаққа деген ұмтылысы бар азаматтардың ұсыныстары назарға алынып, істерінің қолдау табуы олардың жігерін қайрап, құлшыныстарына қанат бітіріп отыр. Бұл игі істерден Жамбыл облысы да шет қалып отырған жоқ. Мәселен, жуырда аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің қаулысымен облысымыздағы дарынды жастардың басын қосқан жас ақын-жазушылар кеңесі құрылды.

Облыс әкімдігі жанынан құрылған аталмыш кеңеске облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова төрағалық етеді. Ал оның орынбасары қызметін ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Хамит Есаман атқармақ. Хатшы болып ақын, облыс әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Нұрболат Сатымқұл бекітілді.
Жалпы, жас қаламгерлердің шығармашылығын дамыту және насихаттау бағытында жұмыс істейтін кеңес әдебиет пен өнер салаларында жастар саясатын жетілдіру, әдеби форумдар, мүшәйралар мен өзге де шаралар өткізу, аталған бағыттағы ұйымдармен байланыс орнатып, жұмыс жүргізу секілді мәселелерді де назарға алады. Жергілікті атқарушы органдарға мәдениет саласында туындаған сұрақтар бойынша консультативті көмек көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне маңызды деп тапқан мәселелері бойынша ұсыныстар беруге де құқылы.

ПІКІР