Sport

Жамбылдық жас режиссерлердің жарқылы

Былтыр қарашада өңірдегі шығармашыл жастардың кино өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, кәсіби шеберлігін шыңдау, отандық кинематографияның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосатын арнайы мамандарды даярлау мақсатында «Taraz film school» атты оқу курсы ашылған болатын. Жуырда Тараз қаласындағы «Премьер Қазақстан» кинотеатрында аталған курста тәжірибесін жетілдіріп жүрген жамбылдық жас таланттардың тырнақалды туындылары таныстырылды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі табысының қомақты бөлігі Голливудтың еншісінде. Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз» деп нақты тапсырма бергені белгілі. Яғни, мәдени һәм өнер туындыларымыз да жаһандық бәсекеге қабілетті болуы қажет.

Шығармашылық пен шеберліктің шыңына жеткен шетелдік кино туындыларынан ондағы даму қарқынының қарыштап кеткенін көріп жүрміз. Соңғы кездері сапасы сәтті шыққан отандық кинотуындылар да көпшіліктің көңілінен шығып, техника мен тәжірибе болса, өзімізден шыққан дүниенің өзгелерден еш кем түспейтінін іспен дәлелдеп келеді. Көңіл қуантарлық бұл іске енді жамбылдық жастар да өз үлестерін қоспақ. Үш ай бұрын ғана жұмысын бастаған тараздық кино мамандарын даярлайтын арнайы мектептің жас таланттары қысқа уақытта өмірдің өзінен алынған, әр түрлі тақырыпты қамтитын деректі фильмдерін түсіріп үлгерген. Кино өндіруші және актер шеберліктері салалары бойынша ниет білдірген 300-ге жуық үміткердің арасынан іріктелген 30 жас АҚШ кино саласында кәсіби білімін шыңдаған продюсер, режиссер-сценарист Дәурен Қамшыбаев, Елжас Рахымбаев, Олжас Байлыбаев, Дәурен Шораев сынды мамандардан тұрақты түрде тегін дәріс алып, тәжірибе жинақтап, өздері түсірген деректі фильмдерді көне шаһар тұрғындарының назарына ұсынды.

– Сарапшы мамандардың іріктеуінен өтіп, көрермендерге жол тартқан он төрт туынды қазақ және орыс тілдерінде түсірілді. Кино өнеріне мамандар даярлайтын дәл осындай мектеп елімізде бұрын-соңды болмаған. Дәурен Қамшыбаев кино өндірісі мамандарын даярласа, Елжас Рахымбеков актерлік шеберлікке баулиды. Шеберлік дәрістері ақысыз, тегін жүргізілуде. Мұндағы басты мақсатымыз – жастардың шығармашылыққа, өнерге деген ынтасын қалыптастырып, қолдау жасау. Сол үшін еліміздегі ең алдыңғы қатардағы мамандардың басын қостық. Олар жас режиссерлермен тәжірибе бөлісуде. Ал, жастар тәжірибелік курстардан алған білімін өз ісінде, идеяларын жүзеге асыру бағытында пайдалануда. Деректі фильм туындыларының ішінде воркшоптар, әлеуметтік жобалар да бар. Бұл әлі жұмыстың жартысы ғана. Енді олар жұмыс барысында қысқаметражды кино түсіреді. Басты жоспарымыз – 2020 жылы Тараз шаһарында мүмкіндігі мол, заманауи киностудия ашу. Сол үшін маман даярлау ісіне алдын ала мән беруді жөн көрдік, – дейді Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Нұрлан Қанатов.
Шара барысында біз дарынды жастарға дәріс беріп, олардың қабілетін шыңдауға жетекшілік етіп жүрген білікті мамандардың да пікірін білдік.

– Үш ай бұрын бізге келуге ниеттенген жастардың арасынан қабілеті жоғары, өзіне сенімді үміткерлерді іріктеуден өткіздік. Өзім АҚШ-та тоғыз жыл тұрдым. Ондағы киношеберлерінен терең тәжірибе алдым. Енді сол білімімді ел жастарымен бөлісуге бел байладым. Олардың әрқайсысының өз стилі, қолтаңбасы бар. Өмірге деген сұрақтарына кино өнері арқылы өздігінше жауап іздейді. Арасынан музыкалық бейнеклиптерді шебер түсіре алатын және болашағы бар деректі фильм режиссерлерін байқадым. Барлығының талабы таудай, бастысы табанды еңбек етуден жалтармайды. Өз мүмкіндіктеріне сеніммен қарайды. Ал, біздегі отандық киноиндустрияға табандылық пен сенім ауадай қажет. Тек тәжірибені шыңдай түссе жап-жақсы дүниелерді жасауға болады. Ол үшін, әрине, ізденіс пен еңбектену керек. Жеке өзіме оңтүстікқазақстандық танымал режиссер Сергей Дворцевойдың 2008 жылы Канн фестивалінің «Ерекше көзқарас» номинациясын және әлемдегі бірталай кинофестивальдардың бас жүлдесін иеленген «Қызғалдақ» («Тюльпан») атты фильмі өте қатты ұнайды. Біздегі жастардың да болашақта осындай абыройға кенелеріне сенімдімін. Себебі, олардың да қоғамға, өмірге көзқарастары ерекше, – дейді Дәурен Қамшыбаев.

Тұсаукесер рәсімінде жас режиссерлер Нура Махамбет, Күнзипа Рахымқызы, Аружан Бақтыбаева, Милана Исраилова, Стас Гольцев, Нұрсұлтан Жораев, Нұржан Құрманалиев, Талғат Байбосынов, Диляра Әлімбаева, Иннокентий Пак, Азат Фазылов, Мария Гочияева, Фазил Закиров, Жасұлан Садықовтың түрлі бағыттағы воркшоптары мен деректі фильмдері көрсетілді. Әсіресе, Күнзипа Рахымқызының асқар тау әкесінен, жақындарынан айрылып, жалғыз қалған бойжеткеннің тағдырын бейнелеген «Мен адаммын» («Я есть человек») атты деректі фильмі көпшіліктің көңілінен шықты. Туынды желісінде жан күйзелісіне душар болған қыз мүмкіндігі шектеулі жандармен сырласып, сол арқылы қайтадан өмірге деген қызығушылығы оянады. Мұнда астарлы ой да, шынайы бере білген режиссерлік шешім де әдемі үйлесім тапқан.

Таныстырылым арқылы жұртшылық жастардың бастамасымен жүзеге асқан істің нәтижесін көрді, лайықты бағасын берді. Ендігі алар асу алдағы уақыттың еншісінде.

Н.Серікханұлы

ПІКІР