Sport

Жамбылдық жасөспірімдер жеңіс тұғырында

Written by Aray2005

Тараз қаласындағы Бокс сарайында жасөспірімдер арасында республикалық чемпионаттың аймақтық іріктеу турнирі өтті. Турнир облыстың Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Кеңесхан Ахаевты еске алуға арналды.

Былғары қолғап бәсекесіне еліміздің Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Жамбыл облыстарынан 150-ге жуық боксшы қатысты. Сондай-ақ «Оңтүстік» өңірлік біріншілігінің құрметті қонақтарының сапында бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Феликс Цой, Төлен Әмірхан, Олимпиада ойындарының жүлдегері Болат Жұмаділов, бокстан IBA, IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, «Жамбыл» кәсіпқой бокс клубының жетекшісі Марат Мәзімбаев сынды саңлақтар болды. Балғын былғары қолғап шеберлері бәсінің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков жамбылдық бокс мектебінің даңқы халықаралық дәрежеде мойындалғанын тілге тиек етіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Сонымен бірге жарыстың ашылу салтанатында Кеңесхан Ахаевтың Мақұлбек Байгелдиев, Омарбек Айсеитов, Жапар Сатылғанов сынды үзеңгілес жолдастары сөз сөйлеп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.
20 салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатқан турнирде облыс намысын 37 спортшы қорғады. Өз салмақтарында үздік атанған былғары қолғап шеберлері бокстан жасөспірімдердің ұлттық құрамасы сапына алынып, оларға ел намысын Азия біріншілігінде қорғау мүмкіндігі берілмек. Сондықтан да жарыс тартысты деңгейде өтіп, боксшылар өңірлік біріншілікте топ жаруға барын салды. Алайда жамбылдық спортшылар намысты қолдан бермеді. Ақтық сынға 14 жергілікті боксшы жолдама алды. Сондай-ақ үшінші орын үшін шаршы алаңда болған тартысты жекпе-жекте 14 жерлесіміздің асығы алшысынан түсті.
Ал ақтық сында 30 келі салмақта облыс намысын қорғаған Темірлан Абай түркістандық Асқар Дүйсенге жол берді. Есесіне 32 келі салмақта шаршы алаңға көтерілген Қасым Аманжол алматылық Руслан Қансейітовтен басым түсті. 36 келі салмақта ақтық кезеңге дейін атой салған Ерасыл Асылбек те шымкенттік қарсыласы Бек Жолдасбектен айласын асыра алмады. Сол секілді 42 келі салмақта өнер көрсеткен Ерасыл Рәсілбекұлы да түркістандық Бақтияр Анарбаевқа қарсылық таныта алмады. 44 келі салмақта облыс намысын қорғаған Дархан Нұржігіт те күміс алқаны қанағат тұтты. Ол ақтық сында түркістандық Мейрамбек Жамбековпен қолғап түйістірген еді.
Облыс құрамасына алғашқы алтынды 46 келі салмақта шаршы алаң төріне көтерілген Артур Пак алып берді. Артурдың жеңісті жолын 48 келі салмақта өнер көрсеткен Сұлтан Молдаш сәтті жалғастыра білді. 50 келі салмақ дәрежесіндегі кездесуде екі жамбылдық боксшының жолы түйісті. Сайыс нәтижесінде Ілияс Акерин алтыннан алқа тағынып, оның қарсыласы Икрам Сайдахраровқа күміс жүлде бұйырды. 56 келі салмақ дәрежесі бойынша сайысқа түскен жерлесіміз Айдос Матаев пен алматылық Дамир Қайыпбек арасындағы жекпе-жек жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Үш раунд бойы бір-біріне үздіксіз шабуыл жүргізген бұл жұптан жамбылдық Айдос Матаевтың жұлдызы жанды. Сол секілді шаршы алаңда жасындай жарқыраған жамбылдық Диас Нағмет, Исамедин Хожамжаров, Ердос Шәріпбектер де жеңіс тұғырынан көрінді.
Осылайша турнир қорытындысында 8 алтын, 6 күміс, 14 қолаға иелік еткен жамбылдық жасөспірім боксшылар құрамасы жалпыкомандалық есепте де көш бастады.

Шынболат Күзекбаев

ПІКІР