Жамбылдық жастар аянып қалмайды

0 0

Облысымыздың көшбасшы жастары арнайы форумда бас қосып, замандастарын алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырды. Ел тарихының жаңа парағы ашылатын сәтте әрбір қазақстандықтың бұл саяси науқанға өз үлесін қосуы – ертеңгі күнге басталар тың қадам екенін тұшымды сөзбен жеткізді.

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен алқалы жиында сөз бастаған жас депутат, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі Серікбол Берікқожа:
– Тәуелсіздігімізді алғалы бері ел көшін бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға қамқорлық көрсетіп, үнемі қолдап келеді. Соның арқасында біздің жастардың заманға сай білім алып, өзі таңдаған мамандықпен халыққа қызмет етуіне мүмкіндік мол. Өзім де сол мүмкіндікті пайдаланып, ізденіспен ойлаған мақсаттарыма қол жеткізіп жүрген жастардың бірімін. Мемлекетіміз жастарын қолдау арқылы елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуда. Әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық жүйеміз қалыптасты. Осы қарқынмен бұдан да биік белеске бірге жетеріміз анық. Сондықтан да әр азаматтың, әр қазақстандықтың парызы – сайлауға қатысуы деп білемін. Осы жылы өтетін кезектен тыс сайлауда барша Қазақстан халқын белсенді болуға, еліміздің Президентін бірге анықтауға шақырамын, – деді.
Жиында сөз алған Тараз мем­ле­кеттік педагогикалық уни­вер­си­тетінің жастар ісі жөніндегі комите­ті төрағасы Айбек Қадралиев пен М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­ле­кет­тік университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Арнат Сұлтанбаев та барша қазақстан­дықтарды сындарлы сәтте өз таңдауын әділ жасауға шақырды.
Сөз соңында Марал Хантөре­қызы Елбасына арнаған өлең шумақтарымен жиынды қорытын­ды­лады.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА

Leave A Reply

Your email address will not be published.