Жамбылдық жастарды не алаңдатады?

0 41

«Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев облысқа іссапармен келді. Жұмыс сапары аясында Нұржан Арғынұлы «Nur Otan» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутат болып сайланған жастармен жүздесті.

«Достық» үйінде өткен кездесуде партия ықпалымен жоғары заң шығарушы және жергілікті атқарушы органдардағы жас депутаттардың үлесінің артқаны сөз болды. Жаңадан жасақталған облыстық мәслихаттың VII шақырылымындағы депутаттардың орташа жасы 60-тан 48 жасқа дейін төмендеген. Өңірдегі барлық деңгейдегі мәслихаттарда қазір 30 жас депутат бар. Ендігі кезекте «Nur Otan» партиясының «Жастар – Отанға!» атты бағдарламасын іске асыру жас депутаттар корпусының еншісінде. Сондай-ақ оларға өңірдегі «Nur Otan» партиясының жанынан жаңадан құрылған жастарды қолдау жөніндегі кеңестің жұмысын үйлестіру міндетін мүлтіксіз атқару жүктелген.
Кездесуде Нұржан Жетпісбаев жастардың ой-пікірін, жоба-ұсыныстарын тыңдап, басқа да мәселелер төңірегінде кеңестерімен бөлісті. Басқосуға қатысқан өрендер өздерінің көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Атап айтсақ, қазіргі таңда өңірде жастарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Жиында жұмыссыз жүрген бүгінгі буынды қолдау мәселесі де сөз болды. Өз кезегінде Нұржан Арғынұлы кездесуде көтерілген бірқатар мәселелерді шешудің тетіктері «Жастар – Отанға!» бағдарламасында қарастырылғанын жеткізді. Яғни облыста белгіленген индикаторлар бойынша алдағы
5 жылда бұл мәселе шешімін таппақ.
Одан кейін «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде студенттермен де жүздесті. Айта кетсек, бұл университет аймақтағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. Мұндағы жүздесуде студент жастар ой-пікірлерін ашық білдіріп, ерікті жастарды барынша қолдау, жатақхана және шәкіртақы мәселесі төңірегіндегі шешімін күткен жайттарға тоқталды.
«Дулати» университеті жастарын мұқият тыңдаған «Jas Otan» төрағасы айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер жерде қалмай, назарға алынып, шешімін табатынына сендірді.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.