Жамбылдық жастардың «лидері» Мадияр Орынбаев қайда жүр?

0 484

Мадияр Орынбаев есімі жамбылдықтарға, әсіресе жастарға жақсы таныс. Еңбек жолын облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы болып бастаған Мадияр Батыйханұлы бірнеше жыл жастар саясаты саласында жемісті еңбек етіп, ақыл-парасатымен, ұйымдастырушылық қабілетімен өзінен кейінгі буынға үлгі-өнеге бола білді.

Кейіпкеріміздің өмірбаянына үңілсек, М.Орынбаев 1986 жылы Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті бітіргеннен кейін сол кездегі Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Сонымен қатар 2007 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Экономист» мамандығын тәмамдап шығады. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін екі жылға жуық жасотандықтардың көшін бастап, жастық жалынмен жарқын істерге ұйытқы бола білген жалынды жас 2009 жылы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс жөніндегі бөліміне ауысады. 2010 жылға дейін аталған бөлімде маман, кейін бөлімнің басшысы қызметін абыроймен атқарады.
Білімді де білікті маманға қай кезде де сұраныс жоғары. 2010 жылы ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінен ұсыныс түсіп, еңбек жолын Нұр-Сұлтан қаласында жалғастыруға белді бекем буады. Студент шағынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастармен жұмыс істеп, әбден ысылған жас маман жаңа ортаға да тез сіңісіп, жауапты қызметті ұршықтай үйіріп алып кетеді. Министрлікте бір жылға жуық сарапшы, бас сарапшы болып жемісті еңбек етеді. ҚР Президенті Әкімшілігінің стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының сарапшысы болғанда да артылған жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп, сенім үдесінен шыға біледі. 2013-2016 жылдары – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының кеңесшісі, 2016-2018 жылдары – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының корпоративтік хатшысы, 2018-2020 жылдары «Кедентранссервис» акционерлік қоғамының атқарушы директоры қызметтерін атқарып, тәжірибесі толысқан, шеберлігі шыңдалған маманға айналды.
Қызметтегі құтты қадамы Жамбылдан басталып, Нұр-Сұлтанда сәтті жалғасқан, екінің бірінің қолы жете бермейтін жауапты қызметтерді атқарған жерлесіміз қазір қайда жүр? Мүмкін, өмірбаянымен танысып шыққаннан кейін қазір де министрліктердің бірінде немесе жеке компанияларда жұмыс істеп жүрген болар деп топшылауыңыз әбден мүмкін. Мадияр Батыйханұлымен телефон арқылы тілдескенге дейін біз де солай ойлағанбыз. Қаталескен екенбіз.

Мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинаған Мадияр Орынбаев қазіргі таңда кәсіпкерлікке бет бұрып, жеке ісін бастаған. Нақтырақ айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласында өткен жылдың қараша айында «Premium meat» ет дүкенін ашып, бүгінде 5-6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кешегі мемлекеттік қызметкер, бүгінгі кәсіпкер Мадияр Батыйханұлымен кездесудің мүмкіндігі болмағанымен, телефон арқылы тілдесіп, жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кескен шешімі, кәсіпкерлік саласындағы алғашқы қадамдары жайлы сұраған едік.
– Он жылдан аса уақытымды мемлекеттік, қоғамдық қызметке арнадым. Шүкір, одан жаман болған жоқпыз. Өстік, өндік. Мемлекетіміздің дамуына мүмкіндігіміздің жеткенінше өз үлесімізді қостық. Әлі де мемлекеттік қызметкерлердің қатарында жүре беруіме болатын еді. Дегенмен өткен жылы бизнесте бағымды сынап көру туралы ой келді. Бірақ қандай кәсіп ашамын, неден бастаймын? Он ойланып, тоқсан толғандым. Бала кезімізден ауылда төрт түлікке жақын болып өстік. Сондықтан да ет дүкенін ашу туралы ұйғарымға келдім.
Дүкен ашуға шамамен 10 миллион теңге кетті. Көлігімді саттым және жақын жолдасым да қаржылай көмек көрсетті. Ақшаның басы құралған соң тәуекел етіп бастап кеттім. Алғашында етті Жуалы ауданынан тасымалдаймын деп ойлағанмын. Бірақ бағасы қымбатқа түсті. Жол тасымалына айтарлықтай қаржы кетеді екен. Мұздатқышы бар арнайы көлікпен тасу керек. Сол себепті Қостанай облысындағы шаруашылықпен келісіп, қазіргі таңда сол жерден «Халал» сертификаты бар ет алып отырмын.
Жалпы елорда тұрғындары талапшыл келеді. Сондықтан біз үшін өнімнің сапасы және тазалық ең басты орында, – дейді Мадияр Орынбаев.


Еңбегін ұйымдастыра білген адам кәсібін дөңгелете алатынын Мадияр Батыйханұлының ет дүкенінің тыныс-тіршілігімен таныса отырып ұғына түстік. «Еңбектің көзін тапқан, бақыттың өзін табатынын» шын мәнінде сезіндік. Сөз соңында кәсіпкер жастарды өз-өзін шектемей, дер кезінде тәуекел етіп, батыл қадамдар жасау арқылы табысты болуға шақырды.
– Шыны керек, біз көбіне өзіміз сызып алған шеңберден шыға алмаймыз. Анығы, шыққымыз келмейді. Белгілі бір ортаға, қызметке әбден үйреніп, төселіп аламыз. Сол ортадан алыстағымыз келмейді, үйреніп қалған жұмысымызды істеп жүре бергенді жөн көреміз.
«Бір тәуекел бұзады, мың қайғының қаласын» дейді дана бабаларымыз. Сондықтан тәуекел етіп, өз-өзімізді сынап көруден қашпаған жөн. Әсіресе жастар жастық жалынды, жігерді дұрыс пайдалана білу керек. Көп жастар кәсіп бастайын десе алғашқы капиталының жоқ екенін айтады. Бірақ қымбат көлік мініп жүреді. Егер шынымен кәсіп бастағың келсе, мейлі көлігіңді сат, болмаса басқа бір амалын табуға болады. Яғни ақша жоқ деп көз жасыңды төккенше, тәуекел етіп тер төккен әлдеқайда маңыздырақ, – деген кәсіпкер ұсыныс болып жатса, мемлекеттік қызметке қайта оралуы мүмкін екенін жеткізді.
Ал біз жерлесімізге қайда жүрсе де, қай саланың тізгінін ұстаса да топқа емес, ұлтқа адал қызмет етіп, жаңа табыстарға жете беруіне тілектестігімізді білдірдік.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.