Жамбылдық жайдарманшылардың жұлдызы қашан жанады?

0 1

Бүгінде жастарды тәрбиелеп қана қоймай, қоғамдағы келелі мәселелерді астарлы әзілмен жеткізіп жүрген «Жайдарман» жобасы қанатын кең жайып келеді. Ұлттық арнадан көрсетілетін бұл бағдарламаның рейтингісі де жоғары. Дегенмен соңғы жылдары жамбылдық жайдарманшылардың жағдайы анау айтқандай көш ілгері емес-тұғын. Оның үстіне әлемдік пандемияға байланысты жастардың сүйікті ойыны тұралап қалғаны да жасырын емес. Осы ретте біз жамбылдық жайдарманшылардың жай-күйіне тоқталғанды жөн көрдік.

Жалпы, жайдарман ойындары – қазіргі таңда ауқымды аудиторияны қамтыған, ең ірі жастар қозғалыстарының бірі. Сондай-ақ жастар саясатының бір пұшпағы іспеттес бұл өнер түрі жас таланттардың шығармашылық потенциалын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер берері сөзсіз. Негізінен, жайдарман ойындары жастардың шығармашылық алаңы ғана емес, қоғамдағы түйткілді мәселелерді әзілмен астарлай жеткізетін өнер додасына айналған және қазақстандықтар сүйіп көретін телевизиялық жоба ретінде қалыптасты. Бұл ойын алаңының еліміз бойынша мектеп жасындағы жеткіншектермен қатар студенттерді, жұмысшы жастарды қоса алғанда 200 мыңға жуық талантты топтастырғаны көңіл қуантады.
Дегенмен, жайдарманға жастар көп жиналатындықтан әлемдік пандемияға байланысты жыл басындағы жоспарлы ойындар өтпей қалғаны жасырын емес. Бірақ, осы уақытқа дейін қол қусырып отырмағаны белгілі. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жайдарманнан» орталық лига ойындарын өткізуді жоспарлаған екен.
– Жалпы «Жайдарман» ойындары кіші, орталық және жоғары лига болып бөлінеді. Соның орталық лигасын Тараз қаласында өткізу туралы келісім болған. Сонымен қатар Жуалы ауданында республикалық жайдарман ойындарының фестивалі де жоспарға кірген. Мұның барлығы карантинге байланысты өткен жоқ. Ал оған бөлінген қаражатты толығымен облыстық бюджетке қайтарып бердік. Әрине, «Жайдарман» ойындарының басы-қасында жүргендерге қолдау білдіріп отырамыз. Мәселен осыған дейін олар жоғары лига ойындарына барып келді. Сол секілді елімізге енді ғана танылып келе жатқан «Мәдениет жігіттері» командасы көңілді тапқырлар алаңына барып, өнер көрсетіп қайтты. Әлбетте, жайдарманшыларға әркез көңіл бөлуіміз қажет-ақ. Сондықтан келесі жылы орталық лиганы жаңғыртып, республикалық ойындар өткізу үшін қазірден қаражатты қарастырып жатырмыз. Бір айта кетерлігі, алдағы уақытта облыс әкімінің кубогін өткізу жоспарланып отыр, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.
Осы орайда жастар саясатының аяқ алысы мен іске асырылуы ілкімденіп, өзгеше жұмыс істейтіні белгілі. Оның ішінде әрине жайдарлы жайдарманшылардың да қосып жатқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен өңірдегі «Жайдарман-Тараз» филиалының жетекшісі Хан Бакирамов та биыл аймақта «Жайдарманның» орталық лига ойындарын өткізуді жоспарлағанын, бірақ пандемияға байланысты оның өтпей қалғанын айтады. Сондай-ақ аталған ойынның басқа да жоспарланған бәсекелері кейінге шегерілген. Соған қарамастан жамбылдық жайдарманшылар қол қусырып, босқа қарап отырмастан «Онлайн-биатлон» сайысын ұйымдастырыпты. Екі апта бойы әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы өрбіген жарыста өңірдің мықты деген әзілкештері бақ сынапты. Соның ішінен әзілі дөп түскен «Мәдениет жігіттері» командасының белді ойыншысы Самат Кеңесбаев топ жарған. Бұл да болса, бүгінгідей уақытта жайдарманшылардың ойыннан «суып» қалмауына өз септігін тигізсе керек.
– Рас, биыл алға қойған мақсаттарымыз көп еді. Оған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы да қолдау көрсетуге дайын болатын. Дегенмен пандемия жоспарланған көптеген шараларымызды кейінге шегеруге мәжбүрледі. Жалпы өңірде жергілікті лигада 20, бірінші лигада 3, ал оқушылар лигасында 30 команда өнер көрсетеді. Бұл командалар қазірдің өзінде өнер көрсетуге дайын. Сол секілді карантин талаптарын сақтай отырып, республикалық жарыстарда өнер көрсетіп жүрген командаларымыз да баршылық. Атап айтқанда, республикалық жайдарман ойындарының премьер-лигасында «Медиум» және «Болашақ» командалары өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жетті. Ал орыс лигасында өнер көрсететін жуалылық «С акцентом» командасы финалға шығып отыр. Бұл да болса біздің өңір үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар «Әзіл әлемі» театрының жанынан құрылған КТА ойындарына «Мәдениет жігіттері» және шулық «Шу-Чу» командалары қатысты. «Мәдениет жігіттері» командасы жартылай финалда ойыннан шығып қалса, Шу ауданының жігіттері финалда өнер көрсетуге жолдама алды. Әрине, бұл ойындардың барлығы карантин талаптарын сақтай отырып, бүгінге дейін өтіп келген ойындардың нәтижесі, – дейді Хан Бакирамов.

Өңірдің жайдарманшыларына жауапты азаматтардан білгеніміз, осы уақытқа дейін демеушілерсіз ойнап келген командаларға әкімдік тарапынан қолдау көрсетіле бастапты. Ендігі жерде республикалық бәсекелерде бәсі бәсеңдеп қалған жамбылдық жайдарманшылардың жарқырайтын кезі келді. Себебі, облыстың оң имиджін қалыптастыруда сахнадағы әзілкештердің де алар орны маңызды.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.