Жамбылдық жазушының жетістіктері

0 6

Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің 22 ақпандағы санында жарияланған Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Дарабоз» әдеби сыйлығының бас жеңімпазы, I Халықаралық «Рух» әдеби сыйлығының Гран-при иегері, көрнекті жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Кісі иесі» әңгімесі қаламгерлер мен оқырмандар арасында резонанс тудырды. Түркиядан жеткен хабар: шығарма түрік тіліне аударылып, басты әдеби басылымдарында жарияланғалы жатыр.

Біздің жерлес қаламгеріміз Халықаралық Еуразия Жазушылары қауымдастығының Құрметті мүшесі. Бұған дейін оның Анкарадан «Жол» деген атпен үлкен кітабы түрік тілінде жарық көрген болатын. Түркі мәдениетін дамыту ұйымы ТҮРКСОЙ атынан көрнекті түрік қаламгері және талантты драматург Халдун Танердің медалімен марапатталған.

Жазушы таяуда, Халықаралық «Шанхай» ұйымы мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен бағдарламасы бойынша «Тараз тағдыры» тарихи-публицистикалық кітабын жазып бітірді. Ол Пекинде аударылып жатыр. Ол үш тілде: қытай, орыс және қазақ тілдерінде Қытайдың Мемлекеттік «Синь-Синь» баспасында басылып, 100 елге таратылады.

Жерлес жазушының жетістіктері өз жалғасын таба беретініне сенеміз. Және оған тілектеспіз.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.