Жамбылдық журналистер жарады

0 4

Алматы қаласында республикалық «Жас Алаш» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан республикалық турнир өтті. Бильярд бәсекесінде облыс журналистерінің намысын қорғаған «AULIEATA-MEDIA» серіктестігінің құрамындағы «Aq jol» газетінің «Мәдениет және спорт» бөлімінің редакторы Табиғат Абаилдаев пен журналисі Ерғали Қартайған жүлделі ІІ және ІІІ орынды жеңіп алды.

Турнирге еліміздің әр қиырынан келген журналистер қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған жарыста Т.Абаилдаев пен Е.Қартайған сенім үдесінен шығып, жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Финалға қиналмай жеткен Ерғали Қартайған шешуші кездесуде республикалық «КТК» телеарнасының журналисі Ерланби Дәулетиярға есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтса, жартылай финалға еркін жеткен Табиғат турнирде ІІІ орынға ие болды.
– Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әрине, қарсыластар осал болған жоқ. Алайда Ерғали екеуміз жарыс барысында жақсы ойын өрнегін көрсеттік. Екеумізге де жеңімпаз атануға мүмкіндік болған еді. Алайда алғашқы ойындарда қиын позициялардағы шарларды бірінен соң бірін лузаға тоғытып жатқан соң өзімізге тым қатты сенімді болып, жеңіліп қалдық. «КТК» телеарнасының журналисі Ерланби Дәулетияр оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Бұйырғаны – күміс пен қола, – дейді әріптесіміз Табиғат Абаилдаев.
Күміс жүлде иегері Ерғали Қартайғанға бильярд таяғы, Табиғат Абаилдаевқа смартфон табыс етілді. Ал дода жеңімпазына белгілі журналист Жолдасбек Дуанабай атындағы сыйлық (ноутбук) берілді.
Әріптестерімізді жарқын жеңістерімен құттықтаймыз!

Есет ДОСАЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.