Жамбылдық журналистердің жарқын жеңісі

0 2

Республикалық «Темірқазық Ой» газетінің жарық көргеніне 10 жыл толуына орай бильярдтың аралас пирамида деп аталатын түрі бойынша Шымкент қаласында БАҚ өкілдері арасында командалық жарыс өтті. Бұл додаға тілшілер қауымынан бөлек полицейлер де қатысып, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Тастаяққа аңсары ауғандар арасында ұйымдастырылған турнирде сегіз команда бақ сынап, жамбылдық журналистер жүлделі екінші орынмен оралды.

Жалпы жарысқа қатысқан командалар төрт-төрттен екі топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша дода көркін қыздырды. Құрамында «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, аталмыш басылымның «Мәдениет және спорт» бөлімінің редакторы Табиғат Абаилдаев, республикалық «Жас Алаш» газетінің облысымыз бойынша меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің маманы Серік Тәжібай және «Aq jol» газетінің Мойынқұм, Шу аудандарындағы меншікті тілшісі Ерғали Қартайған секілді ойыншылары бар «Тараз БАҚ» командасы бұл күні ойдағыдай ойын өрнегін көрсете білді.
Жалпы, журналист Анар Сүлеева басқаратын басылым бүгінде БАҚ саласында өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген. Ал бұл турнирде таяуда ғана сексен жасқа толған журналистика саласының ардагері, Оңтүстік журналистерінің төбе биі атанған Байдулла Қонысбектің қолына кий алып, бір кісідей бильярд ойнағаны жастарға үлгі болғаны даусыз.
Бильярд турнирінің бір ерекшелігі сол, жақсы ойын өрнегін көрсете білген бірнеше қатысушыға арнайы жүлделер тағайындады. Нәтижесінде облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт «Сұрмерген» номинациясы бойынша жеңімпаз болып танылды. Осылайша күн санап жақындап келе жатқан журналистердің кәсіби мерекесі Шымкентте басталып кетті.
Дәл осы күні Талдықорған қаласында қазақ журналистикасында өзіндік орнымен дараланған, телевизия саласының мықты маманы, марқұм Бейсен Құранбекті еске алуға арналған шағын футбол турнирі өтті. Бұл жарыста облыс намысын «Тараз-Пресс» командасы абыроймен қорғады. Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Алматы, Шымкент қалалары журналистерінен құралған мықты командалар қатысқан додада жамбылдық журналистер жүлделі екінші орынды иеленді. Финалға дейінгі қарсыластарын қиналмай жеңген «Тараз-Пресс» жігіттері тек шешуші кездесуде алматылық командаға есе жіберді.

Бағжан ӘУЕСБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.