"Шабыт"

Жамбылдық жыр патшайымдары

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.
«Қыз өссе елдің көркі» деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам, — деп ақиық ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, ел бірлігі мен ұлт ұлағатына, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан ғазиз аналарымыз бен елдік, ерлік жолында есе бермеген қайсар қыздарымыздың ғасырдан-ғасырға құлақ құрышын қандыратын аңыз болып келе жатқаны баршаға аян. Бұл қатарда «Өлең -сөздің патшасы» деп ақылдың абызы Абай атамыз айтқандай, нәзік махаббат пен сарқылмас саф сезімді, халқымыздың қаһарман рухы мен болмыс-бітімін, ерлік пен өрлікті өлең жолдарымен өрнектеп, қазақ әдебиетінің төрінен орын алған жыр ханшайымдарының есімдерін де айрықша атап өтуге болады. Еліміздің өзге өңірлері сияқты Әулиеата жерінде де талантымен талайдың таңданысын тудырған ақын арулар аз болмаған. Осы ретте ұлтымыздың ұлағатты ақыны Ұлбикенің есімі бірден ойға оралады.
Әке сөзін жасымнан жаттап алғам,
Тал бойыма жинақтап хаттап алғам.
Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп,
Өлеңімді әніммен баптап алғам.

Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,
Бесігінде үйренгем мен өлеңді.
Балапандай кезінде қайран шешем,
Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді, – деп жырлаған ақынның ғұмыры қысқа болғанымен, оның өрнекті өлеңдері мәңгілік мұраға айналды. Талас топырағында ізі қалған Ұлбикенің анасы Жаңыл да ақындық қабілетке ие, эпостық жырларға ерекше бейім болған екен. Мұны аяулы ақын жайлы мәлімет жинақтап, ұрпағына қалдырған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының: «Ұлбикенің әкесі — Жанкелді де, шешесі — Жаңыл да ақын» деп жазғанынан аңғаруға болады.
Ұлбике 12-13 жасында сөз сайыстарында, дүбірлі жыр додаларында топ жарып, есімі ертеден-ақ елге танылды. Оның айтыстағы айтулы қабілетін Мәшһүр Жүсіп: «Бұрынғылар домбыра ұстап, «Қайым білесің бе?» деуші еді. «Қайым» деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда «Қайым» өлеңінің басын Күдері қожа мен Ұлбике айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі – мақал, тақпақ. Бұлардан бұрын жырлап сөйлейтіндер болған, жырлап сөйлеушінің тұңғышы — ноғайлыдан шыққан Мөңке би, Орманбет хан заманында қосшы бала, қазақтан жырлап сөйлейтін Бұқар жырау. Олардың заманында өлең тіпті жоқ. Күдері қожа албырт бозбала күнінде Ұлбикемен айтысамын дегенде Күдерінің әкесі (Еркөшек қожада ақын екен, жырлап сөйлейді екен): «Бала, Ұлбикемен айтысамын десең, Бұхарға барып үш жыл оқып кел. Әйтпесе онымен сен айтысуға жарамайсың» деп, нақты мысалдармен бейнелейді.
Өмірінде қара сөзбен емес, өлеңмен сөйлейтін Ұлбике Жанкелдіқызын жұрт «Ұлекеңнің таңдайында өлең ұясы бар» деп айтып жүріпті. Оның жауһар жырлары бекзада болмысының биік, мінезінің қайсар, сөзінің семсердей салмақты һәм өткір, өзінің жасындай жарқылдаған дана екенін дәлелдеп тұр. Алайда, оның замандас ақындар «тілі шешен, жүзі көркем» деп жырға қосқан хор қызындай көркін қызғанып, сөз құдіретінің парқын білмейтін ұрда-жық, қызғаншақ күйеуінің қолынан небәрі 24 жасында мерт болуы жүрекке назды мұң ұялатады. Айтулы айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы, тал бойына алуан түрлі өнер дарыған ару аз ғана ғұмыр кешсе де, айтыс өнерінің тарихында өзіндік сарыны мен орнын айқындап, өз мектебін қалыптастырып үлгерді.
Талас өңірінен шыққан жыл дүлдүлдерінің бірі — Үшаралдың тумасы Жаңылдық ақын. Ол туралы деректі ғалым М.Жолдасбеков «Жүз жыл жырлаған жүрек» кітабында көрсетеді. Оның Қарақожа, Құдайберген, Төреқожа, Рақымбай, Қалыбек секілді суырыпсалма ақындармен сөз сайыстырғаны айтылғанымен, ол айтыстардың толыққанды нұсқасы бізге жете қоймаған. Тек ғалым М.Жолдасбековтың басшылығымен Қазақ Ұлттық өнер университеті, Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институты әзірлеген «Қазақ өнерінің антологиясы» кітабының 2-томында (Астана, «Күлтегін» баспасы, 2014 жыл) Жаңылдық ақынның Құдайбергенмен айтысы берілген.
Жаңылдық ақынның бойында да еркіндік пен өжеттік басым. Құдайберген «Ауылыңның бір қызы ата дәстүрін бұзып, өзі ұнатқан жігітпен қашып кетті» деп қағытпақ болғанда, Жаңылдық өз басындағы жайды батыл мінезбен жайып салады.
Ағаңыз мені алатын Құрманәлі,
Қандай ед, айтып бергін оның хәлі?
Алам деп иектерің қышымасын,
Он шақырым аулақ жүр менен әрі! – дейді. Ұтқыр сөйлейтін ұшқыр ойлы Жаңылдықтың ауылы Қаратаудың етегіне көшіп келіп, құдыққа су алуға барғанда, біреу «Қайдан көшіп келдіңдер, руларың кім?» деп сұрайды. Сонда құдықтан су тартып тұрған Жаңылдық:
Сұрасаң руымыз – Ошақтымыз,
Бұл жерге көшіп келген оншақты үйміз.
Қоя бер тағы-тағы сауалыңды,
Бәйгеден күнде келген күнқақтымыз! – деп жауап беріпті. Ал, Рақымбай ақынға қайырған жауабында:
Асып ем жиырмадан, жасырмаймын,
Басымнан жігіт сөзін асырмаймын.
Ақынды тура келген арыныма,
Жүн қылмай, шүйкелемей басылмаймын, – деп сөйлеуі оның шарықтаған шалқар шабытын шыңға жетелейді.
Жалпы, Жамбыл жерінде Ұлбикенің ақындық дәстүрін жалғастырған ақын қыздар көптеп саналады. Солардың бірі – 1860 жылы Қордай ауданындағы Сұлутөрде дүниеге келген айтыскер ақын Әлмен Байқалмақызы.
Үш ұлдың ортасындағы қыз ерке, өжет болып өседі. Ақындық өнерімен елге ерте танылады. Бірақ, бесіктегі күннен-ақ байдың баласына атастырылып қойылған екен. Өсе келе ақын қыз, болашақ күйеуін менсінбесе керек. «Оған берсең, у ішіп өлем» деп қорқытқаннан кейін әкесі құдаларына астыртын хабар жеткізіп, қызының нағашысына бармақ ниетін айтып, жолдан алып кетуге кеңес береді. Тағдырына еріксіз көнген ару «Сайрап жүрген саяда бұлбұл едім, мойныма түсірді-ау тұзақ тор ғып», — деп ішкі шерін жырлайды.
Бүгінгі күнге Әлмен қыздың Қабасақалмен, Тәкен салмен айтысы жеткен.
Онда Қабасақал:
Сипай келдім, Әлменжан, сақалымды,
Іздеп келдім алыстан атағыңды.
Шыбыш құсап отырсың шыжбың қағып,
Айтып қойшы, шырағым, жатағыңды – деп тиісе сөз бастағанда, Әлмен қыз іліп әкетіп:
Бақылдаған текедей Қабасақал,
Мұнша ұзын сақалың, бойың тапал.
Күзеп алып сақалын базар сатса,
Талай пайда қылады алған бақал, – деп ұтқыр жауап қатады. Мұндай өткір сөздер Әлмен ақынның Тәкен салмен айтысында да байқалады. Ел аузындағы әңгімеге сүйенсек, Тәкен сал Әлмен қызбен талай рет айтысып жеңе алмапты.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Әулиеата өңірінде өмір сүріп, өнерімен танылған ақын қыздарды сөз еткенде Ақбөпе Өтелбайқызын айтпай кетуге болмас. Ол Сауытбек ақынмен он сегіз жасында айтысқан толағай талант иесі. Майлықожа, Мәделіқожа мұраларын зерттеуші Әсілхан Оспанұлы өзінің «Семсер сөз» атты кітабында кер заманның кесірінен небәрі он тоғыз жасында құсадан қара жер қойнына кірген Ақбөпе Өтелбайқызының қасіретті тағдыры туралы жазады. Жалпы, Сауытбекпен болған айтысты бастайтын да, түйіндеп, аяқтайтын да Ақбөпенің өзі. Бұдан Ақбөпенің ақындық қуаты тап осы тұста Сауытбектен жоғары екенін аңғаруға болады. Сондай-ақ, бұл айтыста «махаббат пен ғадауат майдандасқан» сезімдер сыр шертеді.
Қазақ ақын қыздарының жазба әдебиетке дейін түрлі айтыстарда аты шығып, ел жадында жатталғандарының саны шамамен 80-ге таяу болса, сол топтың арасында қазіргі Мойынқұм ауданында өмір сүрген Ләтипа Баймағамбетқызы да бар. Ол Шу өңірінің алты ақынын, атап айтқанда Сауытбек, Жидебай, Қайрақбай, Әлібай, Көшкімбай, Бейсенбекті жеңіп, халыққа танымал болған. Бұл айтыстар ел арасына кеңінен тараған. Әулиеата мен Жетісу өңіріне айтыс ақыны ретінде белгілі болған Ләтипа жиырма бір жасында Кенен Әзірбаевпен де айтысқан.
Әдейі ат терлетіп келдім тойға,
Айкүміс, әуелден-ақ болдың ойда.
Әуірі басылмаған албырт едім,
Асығыс айтқаныма кінә қойма.
Немесе:
Айкүміс, асықпауға шамам бар ма,
Жастық кез ұрындырды талай жарға.
Сен үшін жатсам-тұрсам, арманым көп,
Жем болып кете ме деп жамандарға, – деп жыр алыбы Жамбыл бабамыздың айтыстағы асыл сөзіне арқау болған Айкүміс ақынның да өшпес өнегелі өнері өз алдына бір төбе. Жамбыл мен Айкүмістің жыр додасы шежіредегі қыз бен жігіт айтысының озық үлгісі болған. Сондай-ақ, Шәлипа қыздың Кененмен айтысы да сол кездегі дүйім жұрттың делебесін қоздырған. Әулиеата топырағына әуелеп әні мен жыры сіңген Шәлипа қызбен Кенен айтысының үзіндісі ретінде дүниеге «Көкшолақ» әнінің келгені де бүгінде көпке беймәлім. Өкінішке қарай, жамбылдық ақын қыздардың бірқатары туралы деректер толыққанды сақталмаған. Мысалы, Бармақ ақынмен айтысқан Жанат қыз, Ойық руынан шыққан Дүрия, қылыш тілді Қырмызы мен Баян, М.Жолдасбековтың еңбектерінде азғантай ғана деректері жинақталған Өзипа ақын да солардың қатарында.
Ал, Қордай ауданының тумасы, ақын, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Рза Қунақова көркем әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірі болды.
Ақшоқының елестетем жартасын,
Бүгіп жатқан арыстандай жотасын.
Қандай ыстық топырағың, туған жер,
Жыр жазайын, сағынышым тарқасын.
Немесе:
Жүрсем де қашан, қайда мен,
Туған жер, биік шоқтығың.
Кетсем де самғап Айға мен,
Қолымда жүрер шоқ гүлің – деп, алтын бесігін асқақтата жырлайды. Ақынның жауһар жырларын «Сурет», «Жас жүректер», «Жәннәт жер», «Керімсал», «Ерке елік», «Кемпірқосақ», «Келеді көктем», «Аққулы жаз», «Менің достарым», «Қызыл жалау», «Сырымды айтам» атты өлең кітаптарынан оқуға болады. Сонымен қатар оның қаламынан «Ол он жетіде еді» атты прозалық шығарма да дүниеге келген. Қазір Қордай ауданындағы Ырғайты орта мектебі Қунақованың есімімен аталады.
Бұдан әрі Ұлбикенің ұлағатты жолын қазіргі қазақ поэзиясының ханшайымы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова жаңашылдықпен жалғады. Күләш ақын қазақы әйелдің ұлттық психологиясын, идеалды иман-инабаттылығын, елге, Отан анаға деген перзенттік махаббатты, адалдық пен дария достықты жыр тілінде сөйлетті. Оның «Туған жер» атты тырнақалды өлеңі небәрі 14 жасында жарық көрді. Содан бері кіндік кескен киелі Жамбыл жерінде ғибратты ғұмыр кешіп келеді.
Басқа әйелде басқа арман, басқа мұрсат,
Отырады асықпай әңгіме айтып.
Ал мен үшін әрбір күн — қас-қағым сәт,
Еркіндікке енбеймін енді қайтып, – деп шырылдаған көгершін көңілін, табиғи поэзиялық портретін оның «Ақын әйел» атты өлеңінен байқауға болады.
Ақынның мөлдір махаббат, имандылық, кішілік пен кісілік, адал достық және патриоттық тақырыпта жазылған туындылары қалың жұртқа мойындалған һәм өскелең ұрпақтың таптырмас тәрбие құралына айналды. Күләш Ахметова жас кезінде Ұлбикеге ұқсап айтысқа да ат шалдырған. Атақты Кенен Әзірбаевтың «жақсы ақын боларсың» деген батасы жазба ақындықтағы жетістігіне жол бастағандай болғаны анық.
Қазақты жамандама, қазақ бала!
Халық қой қазақ деген аз-ақ ғана.
Осынау Ай үстінде, Жер үстінде,
Қазақтың жанашыры қазақ қана! – деп жүректе жаңғырар жыр жазған Күләш ақынға кезінде мұзбалақ Мұқағали «Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер, Сырдың желі мойнымды шарпып жүрер» деген ғажап өлеңін арнағанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Өмір мен өлеңде ұстанымы бір ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ділдәқызы көтерген шаңырақ бүгінде жастар үшін өнеге ошағына айналған.
«Қазақ деген пәк періште баладай,
Кімге болсын мейірі ыстық анадай.
Жер -жаһанда мұндай халық жоқ шығар,
Мырзалығы, дархандығы даладай» деп, еліне һәм байтақ даласына зор махаббатын маржан сөзбен кестелеп жүрген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айша Көпжасарованың шығармашылығында да шынайы сезім, нәзіктік пен ұлттық философия басым. «Шұғыла», «Жаз келеді», «Бақытым менің», «Соны соқпақтар», «Тал бесігім – Таразым», «Аяулы қазақ қыздары» атты кітаптарын оқи отырып, тәлім-тәрбиеге, туған өлкенің түйір тасына дейін ғашық болуды аңғару, сезіну қиын емес.
Аймақтың айтулы ақын аруларының қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Меркі ауданының Құрметті азаматы, ақын Шырын Мамасерікова да бар.
Жауқазын жыр – шаттығымның шуағы,
Жұлдызы ыстық, пәк сезімнен туады.
Жабырқаған кездерімде жыр-сезім,
Жанарымнан қайғы бұлтын қуады, – деп сүйіспеншілік пен мейірім қасиеттерін жырлаған Шырын ақын өзінің туған жерін:
Таңғажайып көркің,
Туған өлкем – Меркім.
Ту ғып ұстар халқы,
Адалдықтың сертін, – деп әспеттейді. Оның жырлары ұлттық намыс, бірлік, елдік, мөлдір сезім мен рухты оятар шыншыл ойларға толы. Сондай-ақ, Шырын Мамасерікованың жазушылық қасиетін де оқырман қауым жақсы біледі.
Жұрттың жадында жарқын бейнесі, жақұт жырлары қалып қойған Эра Орманованың да өзіндік өрнегі бар. Ақын «Ақ орамал» атты өлеңінде:
Еркелікті ұмытсам, қайтіп әйел болғаным,
Байлығына қызықсам, қайтіп әділ болғаным.
Жоқ нәрсеге жүдесем, қайтіп жалын болғаным,
Халқымменен бір жүрсем, сол ғой тасып-толғаным, – деп тұнық сырды төге жырлады. Ақынның «Бабалар аманаты», «Ақ орамал», «Қасиет», «Бата» атты өлеңдері мен «Жыр тұмар», «Имандылық ғасыры» кітаптарынан ибалылықтың игі қасиеттеріне қанығасыз.
Бір кездері талантына талай толағайлар таңданып, жырларына жарыса алғы сөз бен ән жазып жүрген, өмірден өтсе де көңілден кетпейтін Мадина Көбееваның да орны бөлек. Белгілі ақын Исраил Сапарбай оның жыр жинағына жазған алғы сөзінде: «…Кезінде әуен-сазбен бәрімізді елең еткізген, өзіне баураған мына бір өлеңге құлақ түріңізші:
Жақын болып кеттің-ау, жаным маған,
Кездерім жоқ сені аңсап, сағынбаған.
Шағаласыз шарқ ұрып теңіздей боп,
Іздейді екен беймезгіл шағын да адам.

Жұлдыздар да серіксіз сөнеді екен,
Қара аспан, қайғырғанда төнеді екен.
Күн шуағын жаныңа төгетұғын,
Бір жүрек бір жүрекке керек екен… Есіңізге түсті ме? Жинақта дәл осындай әнмен әспеттелген немесе әуен, саз шақырып тұрған өлең жолдары жетіп артылады. Оларды тек оқу керек, олармен тек оңашада сырласу керек» — деп жазды. Ақынның табиғатындағы сезімдер мен мезгілдерді, бұлқыныс пен жалғыздықты, жанайқай мен ой тұңғиығын «Іңкәр дүние» атты жыр жинағы, сыр сандығынан табуға болады.
Бәріңнің адал, ақ пейіліңді
арқалап кете барайын,
Қайда жүрсем де сендердей,
Елім, тілекшім бар деп санайын.
Ауылда қалған, атамекеннің
қадірін білші, Ағайын,
…Қаланы бетке ап, Қаратау асқан
соңғы көш мен-ақ болайын, – деп жүрегінен жыр ақтарылған, шығармаларында шынайы туған жер лирикасы тұнып тұрған Үміт Битенованың өлеңдері де өзіндей сұлу, әсерлі, халыққа жақын.
Жалпы, көнеден кие қонған Жамбыл жерінде өлеңмен өмір сүріп жүрген ару ақындардың шығармалары өңірдің ғана емес, барша қазақ даласының, қазақ әдебиетінің көктеміне айналған. Оған дәлел – аймақтан шыққан нәзік жандылардың наркескен жырлары. Төл өнеріміз айтыстағы жүйріктер Күміскүл Сәрсенбаева мен Алтынкүл Қасымбековалардың дарыны да өз алдына бір төбе.
Білесің бе, жас шықпады көзімнен,
Айрылдым деп ойласам да төзімнен.
Сабырлы боп көрінсем де сырт көзге,
Көңілімде боздап тұрды бозінген.
Боздап тұрды сол сағыныш, мұңымен,
Жүрек сорлы жұбанбай ма, шынымен?
Аласұрып буырқанған теңіздей,
Көпке дейін тыншымасын ұғып ем, – деп өн бойындағы булыққан сезім мен құштарлықты, махаббат пен парасатты дәріптеген сөзі де, ісі де, өзі де келбетті ақын Ғайни Әлімбекқызының туындыларынан ақынның өзі жырлаған Клеопатраға тән қасиеттерді кездестіресіз.
Осынау нәзік жанды таланттардың гармониялық үндестігі, жауһар тізімнің жалғасы ретінде жамбылдық ақын Нәзира Бердалыны да айрықша атап өткен жөн. Ақындығы да, жаратылысы да ерекше, жаны сұлу, жырлары нәзік ақынның:
Әйел болып, От болмасам – мәнсізбін…
Күн де Оттан жаралған!
Күнді күтіп, кірпігіммен таң сыздым…
Көз жасыма малшындым,
Көз жасы – Су…
Ал мен – Судан әлсізбін, – деген сыр сарынынан-ақ оның іңкәр ойлары мен қиял кеңістігіне көз жүгіртуге болады.
Найзағай боп тіл қатам,
Нардай болған ғасырға.
Құстың көріп тізбегін,
Қанатымды іздедім, – деп жырында моншақтай нәзік сыр тізілген таластық ақын қыз Жұлдыз Бейсекованың да шығармашылығынан шынайы сезім, бойжеткеннің болмысына тән, бойына тұнған лириканың лебі еседі.
Сені қайтем?
Ернім тұрса өбердей,
Көзді қайтем?
Жел үрлесе сөнердей
Жүрегімнен қайда қашам?
Қай жаққа?
Бұл сезімнен құтылмаймын мен өлмей, – дейді Жұлдыз жұмбақ сырларды көңілге кестелеп. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты атанған Жұлдыздың өлеңдерімен республикалық «Жас толқын» және облыстық «Тараздың жас таланттары», «Алтын бесік» ұжымдық жинақтарынан оқып, танысуға болады.
Бүгінде поэзиялық үрдісті Арайлы Жақсылық, Назерке Оңғар, Жанна Бахатай секілді жалынды жас ақындар жалғастыруда. Алдыңғы буыннан үлгі алған, көркем әдебиетпен мейлінше сусындап өскен бұл жастардың шығармашылығы да өзгеше өрнектеліп, өркениетімізбен бірге өніп-өсіп, жан-жақты жетіліп келеді. Лайым, солай болғай!..

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР