Мәдениет

Жамбылдықтар «Жұбановтар әуені» байқауынан жүлделі оралды

Written by Aray2005

Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының 75 жылдығына орай «Жұбановтар әуені — 2019» Халықаралық ұлт аспаптар оркестрлер және ансамбльдер фестиваль-байқауы өтті. Биыл аталмыш фестиваль қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы , академик Ахмет Жұбановтың туған күнімен тұспа-тұс келді. Сондықтан, шараға қатысушылар алдымен музыканттар әулетінің ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойды.

Дәстүрлі шараға Тәжікстан Республикасынан «Чоргох» квартеті, Қырғызстанның Бішкек қаласының ансамблі, Түркияның «Анадолы» триосы, сондай-ақ, Нұрсұлтан, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Шыңғырлау, Алматы және Ақтөбе қалаларының ұлт-аспаптар оркестрлері мен ансамбльдер, барлығы 180 өнер ұжымы қатысуда. Жұбановтар дүниеге келген қасиетті топырақта осы жолы олардың да қолтаңбалары қалды. Фестивальге қатысушылар Өнер орталығының алдына өз қолдарымен жасыл-желек отырғызды.

Қазылар алқасының төрағасы Ресей Федерациясының халық артисі – Александр Цыганков. Сондай-ақ байқауға түркиялық және отандық музыкатанушылар да төрелік етті.

Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде Ақтөбе облыстық филармониясының А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен Қызылорда облыстық филармониясының «Ақмешіт» фольклорлық ансамбліне бұйырды. Ал І орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Астана сазы» фольклорлық ансамблі мен Шымкент қаласынан келген Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі және Қарағандының Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі алды. ІІ орынды К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының қазақ ұлт аспаптар оркестрі, Қырғызстаннан келген «Қырғыз» ансамблі, сондай-ақ Алматы облысынан келген «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі иеленсе, 3-орынды Түркияның Стамбұл қаласынан келген «Анадолы» триосы мен Тәжікстанның Душанбе қаласынан келген «Чоргох» тобы және А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің халық ұлт аспаптар оркестрі бөлісті.

Құрылғанына небәрі 7 жылдан астам уақыт өтсе де, кәсіби деңгейде өнер көрсеткен, республика бойынша ең жас оркестр үшін де бұл жоғарғы жетістік.

ПІКІР