Жамбыл жаңалықтары

Жамбылдықтардың өз «шымбұлағы» болады

Жасыратыны жоқ, бұрындары жамбыл­дықтардың қысқы демалысты қызықты өткізу үшін қыр асуына тура келетін. Өйткені, Әулиеата жерінде шаңғы тұрмақ, коньки тебетін келісті орын жоқтың қасы. Сондықтан да жамбылдық ағайын ат арытып, Алматыға қарай ағылады. Себебі, алып шаһардағы «Медеу» мұзайдыны, «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты сынды еліміздегі теңдессіз қысқы демалыс орындары тек отандастарымыз ғана емес, әлем жиһангездерін өзіне магниттей тартатын. Ақ қар, көк мұзда жүздеген шақырымды артқа тастап әсем қалаға сапарлаған, жол ауыртпалығын көрген кез келген тұрғын өзіміздің өңірде де қысқы демалыс орталығының ашылғанын армандаған болар. Талайдың осы бір аяулы арманының ақиқатқа айналатын күні алыс емес.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен жыл басынан бері талай тірлік тындырылып, кенже қалып келе жатқан бірқатар саланың бойына қан жүгірді. Мәселен, бүгінде облысымызда сыртқы және ішкі туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Нәтижесінде туризм саласының тірлігі тіктеліп, жұмысы бір жүйеге түсті. Ел тұрғындарының, әлем туристерінің сан ғасырлық тарихты қойнауына бүккен Тараз шаһарына деген ықыласын ояту мақсатында бірнеше тың жобалар қолға алынды. Осы ретте, әулиеаталық әмбе жұрттың көңілінен шыққан «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің базасы туралы айтпай кетуге болмас.
Жуалы ауданының аумағындағы тау-шаңғы кешенінің құрылысы дәл қазіргі уақытта қыза түскен. Аймақ басшысы Асқар Исабекұлынан тиісті тапсырма алған құрылыс компаниялары білек сыбана іске кірісіп, күн-түн демей дамылсыз еңбек етуде.
– Қазіргі таңда инфрақұрылым желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша уақытында жүргізіліп жатыр. Жалпы, демалыс кешенінде қонақтар жыл он екі ай бойы демалуға мүмкіндік алады. Жаз мезгілдерінде саумалмен, қымызбен емдейтін, атпен серуен құратын орындар ашылады деп күтілуде,–дейді Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов.
Жалпы, нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Жобаның жалпы құны – 4 миллиард теңге. Туристік нысан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолының бойынан 7 шақырым қашықтықта, Алатау тауының баурайында теңіз деңгейінен 1 600 метр биіктікте бой көтеруде.
Сонымен қатар, Алатау тауының ұшар басынан кешенге дейін 2 500 метр сырғанау жолағы түседі екен. Қазір жолдар тегістеліп, инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Жақында ғана ұзындығы 3 шақырым аспалы жолдың құрылысы басталды. Аспалы жол құрылысына қажетті қондырғылар Австрия елінен жеткізілген. Жоспар бойынша аспалы жолды монтаждау, орнату жұмыстары екі ай ішінде бітуі тиіс.
Ал, құрылыс компаниясының учаске басшысы Ерғали Сералиевтің сөзіне сүйенсек, кешен құрылысы ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Жоба толықтай жүзеге асырыла бастағанда тәулігіне 4 мың адамға дейін қабылдай алады. Сондай-ақ, мұнда
50 адамға шақталған қонақүйлер, заманауи үлгідегі мейрамхана мен өзге де сауда-саттық орындары салынады. Бір сөзбен айтқанда, туристер мен демалушыларға барлық жағдай жасалмақ.

Талғат НҰРХАНОВ
Жуалы ауданы

ПІКІР