Жамбыл жаңалықтары

Жамбылдықтарға әрбір спорттық нысан қолжетімді болады

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласында жүргізіліп атқан спорт нысандарының құрылыс барысымен танысты. Бұған дейін дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте өңір басшысы спорт нысандарының санын арттыру керектігін айтқан болатын. Аталған жиында облыс әкімі тұрғындарды саламатты өмір салтына тарту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Бүгінгі таңда облыс орталығында 552 спорт нысан мен алаң бар. Ағымдағы жылы Таразда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында үш спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Облыстық мамандандырылған №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, №2 спорт мектебінің және жекпе-жек спорт клубының базасында бой көтеріп жатқан нысандар қараша айында пайдалануға берілмек. Өңір басшысы аталған нысандардың құрылыс барысын көзбен көріп, мердігерлерді әңгімеге тартты. Өз кезегінде құрылысшылар жұмыстың кесте бойынша жүріп жатқандығын айтты.
Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша әрбір нысан 400-ге жуық адамды қабылдай алады. Және оларда спорттың балалар футболы, волейбол, баскетбол, гандбол, жекпе-жектер, каратэ және таеквондо сынды түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалады. Сондай-ақ нысандар кең залдар, киім ауыстыратын және жуынуға арналған бөлмелермен жабдықталатын болады.
– Спорттық ғимараттар ашық, кең және жылы болуы керек. Мұнда балалар өздерін жайлы сезінулері тиіс. Нысандардың қаланың әр аумағында салынып жатқандығы қуантады. Барлық балалар өздерінің сүйікті спорт түрлерімен ыңғайлы жағдайда шұғылдана алады. Тағы 10 спорт кешені аудандарда салынуда. Бұған дейін атап өткенімдей, спорт бұқаралық сипат алып, әрбір жамбылдыққа қолжетімді болуы тиіс. Сонымен қатар спорттық және мәдени нысандардың көптеп ашылуы өскелең ұрпақты бала кезден тәртіпке баулуға және жақсы дәстүрге тәрбиелеуге мүмкіндік береді, – дейді Бердібек Сапарбаев.
«Ұлан» стадионында болған өңір басшысына стадиондағы қайта жөндеу жұмыстарының қазіргі аяқалысы баяндалды. Құрылысшылар 1988 жылы салынған стадионның стендтер, жүгіру жолдары мен футбол алаңдары сынды ескірген бөліктерін жаңалауда.Бұл нысанға қосымша жекпе-жек залы салынуда. Нәтижесінде болашақта стадионда футбол, жеңіл атлетика сынды спорт түрлерімен бірге еркін күрес, дзюдо, армрестлинг, каратэ және бокспен айналысу мүмкін болады. «Ұлан» стадионын қайта жаңғырту жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қаржыландыруда.
Сәйкесінше облыс әкімі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековке нысандарға құрылыс барысын қатаң бақылауды тапсырды.
Өңір басшысы облыстық мамандандырылған №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде де болды. Мұндағы теннис корттары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Кешен төрт ашық және екі жабық теннистік корттан тұрады.
Облыс әкімі мердігерлерге бірқатар олқылықтарды ескертіп, оларды тезірек түзетуді тапсырды. Өңір басшысы елімізде үлкен тенниске айрықша көңіл бөлініп жатқандығын айтып, аталан спорт түрі осыған соған сай нәтиже шығару керектігін тілге тиек етті.
Жалпы жамбылдықтар арасында да үлкен тенниспен айналысушылар көбейіп келеді. Бүгінгі таңда өңірдің екі спортшысы ұлттық теннис құрамасына мүшелікке өткен. Басқарма басшысы «Тараз-Арена» спорт кешенінің жанынан теннис корттарын ашу, 6 теннис кортын жөндеу шаралары осы спорт түрінің дамуына жаңа серпін беретініне тоқталды.
Бұдан соң Бердібек Сапарбаев құрылысы жүріп жатқан «Денсаулық» паркіне де ат басын бұрды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР