Жамбыл жаңалықтары

Жамбылдың үздік тауарлары анықталды

Written by Aray2005

Жылда жабық ғимарат ішінде өтетін кәсіпкерлер арасындағы «Жылдың үздік тауары» байқауы биыл бірінші рет ашық аспан астында, яғни Таразда жылдың басында ғана ашылған «Жастар» аллеясында ұйымдастырылып, оған келуші қонақтар қатары да көп болды. Өйткені облыс әкімдігінің қолдауымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Жылдың үздік тауары – 2019» тек үздіктерді анықтайтын байқау ғана емес, сонымен қатар онда келушілер өзіне ұнаған тауарын сатып ала алатын көрме-жәрмеңке түрінде де өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл бұл жобаға бірінші рет қатысып, бағын сынап келіп отырған кәсіпкерлік субъектілері аз емес екен. Аймақтық көрме-байқауға 93 тауарөндіруші өз өтінімдерін беріпті. Олар «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауарлар», «Халыққа арналған ең үздік тауарлар» және «Ең үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша бағын сынап, байқау бәйгесінде барын салуға тырысты. Көрмедегідей қаз-қатар тізілген түрлі тауарлардан көз тұнады. «Жақсыны – көрмекке» демекші, көрме қызықтап келген тараздықтардың қайтарда қолына сөмке ұстап шығып жатқандары көңілге қуаныш ұялатты. Оның үстіне көрмедегі өнімдер нарықтағы бағадан төмендеу сатылып жатты.
Конкурстың салтанатты ашылуынан бұрын құрамында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен шағын және орта бизнес жұмысшыларының облыстық кәсіподағы комитетінің өкілдері бар сарапшы топ тігілген шатыр астындағы әр тауарөндірушінің өнімдерін жеке-жеке көріп шықты. Ал көрме-байқауға азық-түлік түрлері, киім-кешек, жиһаз, ыдыс-аяқ, кәдесый бұйымдары мен инновациялық әдіспен өндірілген мал шаруашылығына қажетті құрама жемдер де шығарылды.
Байқаудың ресми бөлімін облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов ашып берді.
– Көрме-байқауға қатысып отырған барлық кәсіпкерлердің өнімдері көңілден шықты. Сарапшы топ барлығын мұқият қарап, дұрыс шешімін шығарды деп ойлаймын. Ол біздің тауарөндірушілерге бұдан да жақсы әрі басқа да өнім түрлерін шығаруға түрткі болады деп есептейміз, – деді Н.Календеров.
Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры О.Қаржауов бұл байқауда сан емес, сапаға басымдық берілетінін айтып өтті.
– Мұндай көрме, біріншіден, халық пен тауарөндірушілер арасындағы байланысты арттырса, екіншіден, тұтынушыларға қажетті тауарын жеңілдетілген бағада ешбір делдалсыз тікелей сатып алуына мүмкіндік бермек. Сонымен қатар қатысушы кәсіпкерлердің бір-бірімен жақын танысып, әріптестік орнатуға қолайлы алаң болмақ, – деді ол.
Оның айтуынша, облыста жергілікті тауарөндірушілерді қолдауға жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Ол үшін палата отандық тауарөндірушілердің «онлайн-каталогын» дамытып жатыр екен.
– Әрине, сарапшы топқа 90-нан астам үміткер арасынан үздік тоғызын таңдап алу оңайға соқпады. Оның үстіне жыл сайын қатысушылар жаңа ізденіспен, сапасы жетілдірілген озық технологиялы өнімдерімен келген. Бұл өз кезегінде сапаға баса мән беріліп келеді деген сөз. Сондықтан біздің кәсіпкерлер тауар өндірісі мен қызмет көрсету бойынша елімізде алдыңғы орындардан көрініп, тіпті әлем бойынша да «Қазақстанда жасалған» немесе «Жамбылда жасалған» деген сауда белгісімен елімізді танытып жатса, қандай керемет. Сондықтан көрме-байқаудың барлық қатысушыларына сәттілік тілейміз, – деді палата директоры О.Қаржауов.
Жұрт байқау жеңімпаздары кімдер болғанын асыға күтті. Бірақ қорытынды шыққанша көпшілік Тараз атын сыртқа танытып жүрген жергілікті сән агенттіктері мен дизайнерлік студияларының ұлттық нақыштағы әрі заманауи үлгімен үйлестірілген киімдерінің дефилесін тамашалады.
Сонымен, сарапшылар тобы аймақтың ғана емес, еліміздің химия саласы мен тыңайтқыш импортының көшбасшысына айналған «Қазфосфат» ЖШС-ның өнімдерін жоғары бағалап, «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауарлар» аталымы бойынша үздік деп таныды. Бұл топта елімізде алғаш болып инновациялық әдіспен натрий цианидін өндіріп жатқан «Talas investment company» ЖШС мен Арқа төсіндегі цемент патшалығы аталған мойынқұмдық «Жамбыл Цемент Өндірістік Компаниясы» ЖШС да үздік үштікке ілінді. Жұрт «Жамбыл цемент» атап кеткен Мыңарал кенті маңындағы бұл зауыт қазақстандық және еуропалық стандарттар бойынша өндірген өнімдерінің экспорттық әлеуетін жылдан-жылға арттырып келеді.
«Халыққа арналған ең үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Good Look» ЖШС, «Бионика Ритм» ЖШС мен «Дана Дель» жеке кәсіпкерлігі үздік деп танылса, «Ең үздік азық-түлік тауарлары» аталымында үздіктер қатарында «Әулие-Ата-Феникс» ЖШС, «Сәуле» кондитерлік фабрикасы» ЖШС және «Greenwill» ЖШС-нің аттары аталды.
Сондай-ақ көрме-байқау аясында палатаның Іскер әйелдер кеңесі мүшелігіндегі кәсіпкер қыз-келіншектер арасында ұйымдастырылған «Жыл жаңалығы» қосымша байқауының жеңімпаздары жария етілді. Бұл байқауда «Дана Дель» жеке кәсіпкерлігінің директоры Бақыт Тоқтыбаева, жеке кәсіпкер Анар Бексұлтанова және «Бионика Ритм» ЖШС директоры Шахиста Мұхамеджанова марапатталды.
Жоғарыда аталған үш аталымның үздік тоғыз жеңімпазы алдағы уақытта облыс намысын республикалық байқауда қорғамақ.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР