Жамбылдың тойы – ел тойы!

0 10

Әрбір ұлтты өзгелерден даралап тұратын деректі тарих қана емес, қастерлі әдебиеті мен мәдениеті, өшпес руханияты екені өмір айғақтаған ақиқат. Осы ретте халқымыздың адамзат тарихындағы тұңғиыққа тұнған табиғаты мен ұлттық болмысын, қасиеті мен киесін айшықтаған әдебиетіміздің орны орасан. Ал сол төл әдебиетіміздің түп-тамыры ауыз әдебиеті екені белгілі. Түгел сөздің түп атасы Майқы биден бастап, сөз сүлейлері алтын сарынды алақанында сапырып, ұрпақ сабақтастығына ұластыра білді. Сондай ауыз әдебиетіміздің асқақ тұлғасы, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 28 ақпанда 175 жыл толады.

Домбырасын серік қып,
Өткізді Жамбыл ғасырды.
Өлеңді төгіп, өрнектеп,
Асулардан асырды, – деп ұлы ақынның өзі айтқандай, осынау ұлан-ғайыр ұлы далада ғасырлардың асылына айналған жыраулық мектеп болды.
Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет, Жиенбет, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Қаблиса, Сүйінбай сынды сөз сүлейлері бастаған жыр көшін жырдың қызыл жолбарысы атанған Жамбыл бабамыз жалғастырды. Жалғастырып қана қойған жоқ, құзға қондырып, шыңға шығарды. Ұлы ақын, жырау, жыршы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жамбыл бабамыздың Әулиеата топырағында кіндік қаны тамғанының өзі Тәңір сыйы деуге болады. Жасынан өлең жырға қанып, сөзі сүйектен өтіп, қара қылды қақ жарған Сүйінбайдың дариясына суарылып өсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары ел жүрегінен ойып тұрып орын алып, ақынға деген халқының құрметін арттыра берді.
Жамбыл ақын қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. Елуге жуық тілге аударылған оның маржан мұралары әлемнің түкпір-түкпіріне тарады. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды.
Рас, бұл күнде Жамбылдың есімі еліміздің бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, мектептерге, көшелерге берілген. Қазақ халқы Жамбылдың 100, 125, 150 және 160 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті. Десек те Жамбылдың революцияға дейінгі өмірі әлі толық зерттелмей келеді. Оның азаматтық қырлары, Балуан Шолақ, Әсет ақын, Шашубай сынды ақындармен арасындағы әңгімелері қалың оқырманға жеткен жоқ. Осыған орай жамбылтану ілімінің жаңа дәуірін бастайтын кез де жеткен секілді.
Қалай айтсақ та атақты Майкөт пен Құлмамбетті жеңіп, Жетісудың бірінші ақыны атанған Жамбыл баба қандай құрметке де лайық. Тау тұлғаның толағай мұраларын ардақтап, жауһарының жұмбағын, сарқылмас қазынасының сыр сандығын ақтару – бүгінгі сіз бен біздің һәм келешектің еншісінде.
175 жылдық мерейтойындағы айтар ойымызды ақынның өз сөзімен қорытындыласақ:
Қақты қанат жаңадан,
Кең даламда домбырам.
Қайта естілді аулымда,
Жырлап Жамбыл салған ән!

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.