Мәдениет

Жамбылдың жарқ еткен жас ақындары

Written by Aray2005

СЕГІЗ АҚЫН: ДЕРЕКСІЗ ПОЭЗИЯ

Поэзияға келіп жатқан жас толқындардың ерекше екпін-қуатын, көркемдік пайым-парасатын, тылсым құбылыстарын тап басып тану – өнердегі өрен жүйріктердің ғана өркениетті танымына тәуелді. Жергілікті жерлерде ондайларды шам алып іздесең де таппайсың. Білетіндері образдап айтқанда, дастарқан басында айтылып жататын жаттанды батагөйліктің ар жақ, бер жағы. Әдебиетте оңбай жататын тұстарымыз да осы жерде. Сондықтан біздің Әулиеатада осы замандық орда бұзар оқшау ойлары, оқыс орамдары ортаңқол, тіпті одан да төмен ақынсымақтарды он орап әкететін бір топ талантты жастың топтамаларын қазақтың белгілі жазушысы, философ, әдебиет сыншысы Дидар Амантайға арнайы тапсырыспен талдап беруді сұрап едім. Назарларыңызда міне, соның қорытындысы.

Несіпбек Дәутайұлы,
жазушы, республикалық «Жамбыл» әдеби-көпшілік, танымдық журналының
директор-Бас редакторы

Бастау

Бәрімізге белгілі, шын өлеңде дерек жоқ екені – рас. Көркемдікте деректің көмескі елесі ғана болады. Оны түскен ізінен байқаймыз. Өзі дерексіз, ізі көмескі. Белгісіз. Әдетте, ақпар-мәліметке сүйенген өлең, сонымен қатар хабарға сілтеме жасаған жыр метафоралық әсерінен, эпитет әсемдігінен, ауыспалы мағынасынан, образды тілінен, поэтикалық қуатынан айырылады.
Поэзия жанры, ақындық қасиет негізінде – салыстыра сөйлеу құдыреті жатыр (Әрбірден соң, ойшылдықтың өзі салғастырудан басталады). Өлең табиғаты әдемі образдан, бай эпитеттен, кең тынысты теңеулерден тұрады. Талант төгіп-төгіп жібереді. Немесе ел алдында жан дүниесін ақтарып тастайды, оқырманға бар сырын, жеке басының құпиясын жайып салады.
Бірақ біздің іздейтініміз – сәулелі өлең, жарқын бейне, жан-жағына жұпар шашып тұрған жайма-шуақ атмосфера, көңіл-күй, жұмбақ сезім. Кейде жайдарман, кейде қападар. Биография поэзиядан гөрі кино образға көбірек қажет, жырдағы кескін бұлыңғыр, күңгірт, тұманды болуы тиіс, фильмдегі көрініс бірде анық, бірде буалдыр. Әрекетке құрылған кино табиғаты айқындықты талап етеді, алайда видео-поэзия, арт-хаус-фильм деген ұғым-түсініктер де өмір сүретінін білеміз. Ақындық кино – кинематограф өнерінің шыңы. Шоқтығы биік нұсқасы.
Біз жырды оқыған соң, келтірілген құнарлы ой-пайым, құнды образ нені білдірді екен деп ойланып-толғанып отыруға тиістіміз. Ақын жұмбағын оқырман шешеді, оқырман – поэтикалық образдың жүзеге асуы. Егер автор сырында құпия болмаса, жұмбақтың орнында жауап жүрсе, ол көсемсөзге (публицистика) айналады.
Енді шытырман желі туралы сөз қозғасақ. Сюжет – пьесаларда, театрлық қойылымдарда, драматургиялық шығармаларда, кинотуындыларда, прозада, поэзияда, тіпті телевизиялық жаңалықтардың өзінде де бар, демек, бұл айырма-белгі емес, сонда аталған жанрларды бір-бірінен бөліп тұрған не деген сауал туындайды, әрине, дұрыс айтасыз – өзіндік тілі және төл атмосферасы. Сондықтан сюжет аса зәру нәрсе емес, әдеби-көркем бәйгеде, маңыздылық тұрғысынан алғанда, ең алдыңғы орынға топ жарып жазу мәнері, яғни форма шығады. Формасыз өнер жоқ. Брехт мырза уәжіне жүгінсек, жаңа мән-мағынаны тек жаңа форма ғана паш ете алады.

Арайлы Жақсылық
«Сұрауы жоқ дерекпін…»

Әсілі, Арайлы Жақсылық өрелі жыр ақиқатын дөп басқан, ол дерексіз өлеңдер жазады. Әдетте, көрмеген, танымаған, білмеген дерек – сұраусыз, оның анық себебі бар – қалың оқырман, оқымысты жұрт, тегінде, түсінбеген не түсінген нәрсесін көп сұрайды, сұрауға мүдделі, тануға қызық.
Бірақ қарауытқан, қылаң берген, жылт еткен нәрсені түйсікпен танып, жүрекпен ұғады. Тілсіз– тіл (Абай). Әлемді мәтін (жазбалар) тұрғысында, белгілерін тілі (жазылған таңбалар) ретінде қабылдаған постмодернизм шарт-ұстындары тәрізді.
Сіз терген білім, оқып-тоқыған кітап мәтін беттерінен емес, жазу мәнерінен көрініп тұрады.
Мәтінде оқығаныңыз тұрса, ол сіз айтпақ ойдың сәнін, құнын қашырады. Білетін нәрсені жазбай, айналып өткен немесе түсіріп кеткен жөн. Жасырған жұмбақтың шешімі көп болады.
Бұл өре (білім) мен сырдың (тылсым) тоғысқан тұсы.
Жас ақын – шығармашылық жаңалық жаршысы: формалық ізденістердің, ой-пайымдық талпыныстардың, тылсым дүниені зерттеп-зерделеудің – көмбесі, қоймасы, қойнау-қолаты.

Арайы өлген күнді көрдім түсімде,
Сен деуге оны қимадым.
Жалғыз қалу үкім бе әлде шешім бе?
Қандай ауыр ұйғарым…

Сағынышты кешпедің не, кештің не,
Үмітімді тірілтпес,
Жалғыздығың керек емес ешкімге,
Ғұмырыңды күліп кеш.

Мен Арайлыға, мүмкін бүкіл, әлде біраз шығармаларындағы ұтымды тұстарын қалдырып, жалпы, өлең шумақтарын қысқарту жөнінде кеңес берер едім. Кезінде өзім бастан кешкен жайт.

Әрине, шығармашылық тұлға өзі біледі, десек те қалың нөпір арасында кейде топ жарған жүйріктері, дүлдүл тұлпарлары көтерілген шаң, қапталдай шапқан лаң арасында көрінбей қалады.
Ұзақ өлең ықшам нұсқасында ұзақ өмір сүреді. Әйтпесе жақсыдан көз жазып қаламыз. Мысалы, «Элегия»:

Батар күннің ең соңғы сәулесіндей,
Езуімде күлуге күш қалмады.

Қандай тамаша! Бірақ екі-үш рет оқымасаң, күзгі бақтың қызылды-жасылды, жасылды-сарылы жапырақтары арасында жасырынған соңғы жемістеріндей бірден көзге түсе қоймайды. Автордың мұндай таңғажайып жолдары баршылық.

Балға тәтті балаған бақытыңның,
Айырбастап жібергем бәрін У-ға!

Не:

… Бар шері нөсер аспандай.

Тағы:

… Ойдағы балдай сәттердің,
Тек саған барлық обалы!

Арайлы шығармаларының сұлтаны – «Қыз жайлы өлең»:

Көзіндегі оттай семіп үміті.

Немесе:

Бар баққаны баянсыз жыр демесең.

Болмаса:

Есігі тұр өткен күзден қағылмай.

Данияр Әлімқұл
«Адасқан ақылдың ізі,
Көшелер бетіне таңба»

Қаламы төселген, талғамы қалыптасқан, айтар ойы – анық. Жыр жолдарында – оқшау тағдыры, орайын тапқан ой-толғамы, кестелі сөзі, кесек-кесек образы бар.

…Жүрек жеңілді, алдырмайын деп ем…
…Сезім шетінеп, тірі қалды ой…
…Сені жалғыз қалдырмайын деп ем…
…Жалғыздық жылап, тұрып алды ғой…

Бірақ көп нүктесі көп, меніңше, азайту керек. Сырды көп нүкте емес, жазу мәнері құпиялайды.

Жұмбақ менмұндалап тұрмағаны жөн, хал-қадарынша тасада, қалтарыста жасырынғаны абзал. Есейген қалам ескіні жаңартып, жаңаны айқындап, яғни сұлбасын жарқыратып, көлеңкелі тұстарына үнемі жарық түсіре бермей, аң-таң жұртқа ақ-қарасын көрсетпей, сергек көңілді сергелдеңге салып, емеурінін ашық білдірмей, шыңырауында тығып ұстауы керек. Ой тереңде жатсын, толғаныс бетіне шықпай, буырқанған, толқыған алай-түлей күйін қара ағысы сырт көзден епті жасырған дариялардай – үсті тыныш, асты құйын болсын. Жалпы, автор Данияр Әлімқұл – шайырдың нақ өзі:

Тағдыр болып қасыңда жүргенімде, деп жазады, енді бір тұсында:

Кірпігіңмен отырсың мұң бұрғылап, дейді.
Образға бай өлеңдер жеткілікті:

Шуақ боп және шумақ боп кеттің,
Өмір мен өлең теңескен кезде.
Жегіліп отырғанша мұңға ауыр,
Егіліп отырсам ғой қасыңда бір.

Жүргенде жанарыңа – тұныпты күз.

Ақынға айналдырып дүниені,
Өлең боп өзің қалшы, талдырмаш қыз.

Мына бір өлең шумағын тұтас бергім келіп отыр:

Оянады екенбіз түн үстінде,
Сөйлеседі екенбіз тыныш тілде.
Көбелекке айналып кетеді деп,
Тозаң болып тұрамын гүл үстінде.

Немесе:

Оқу мен өмір – заңды
Түнегін түрмегелі.
Езуден көңіл қалды,
Жүрегім күлмегелі.

Жалқылық демеп жатыр,
Жалғызды заңын жаттап.
Көшелер келе жатыр:
Үстімен… жанымды аттап.

Данияр Әлімқұл – дарынды қалам иесі. Жалпы, сөзді үнемі қарым-қабілетінше, үнемдеп қолданса екен деген тілегіміз бар, сонда образдары, өлең бояулары ашыла түсері сөзсіз демекпіз.

Жанғазы Ахмет
«Қала маған бермеді ырық,
Мен қаланы ұқпағам»

Әсілінде, автордың «Аңсау» атты жырында XIX-XX ғасырларда қалыптасып, кеңестік кезеңде күшейген, бір халықты екі топқа бөлген, таптық көзқарастың салқыны, екіге жарылған алаш жұртының қыр-жатақ табиғатынан көрініс тапқан дәстүрлі дүниетаным қайшылығы жатыр. Қысқартып беріп отырмыз:

Түсін, әке, ұғын, ана,
Керім қала – кем көңіл.

Не болмаса:

Әлдекімше кіжінген ем,
Әлсіз екем бірақ мен…
Тіліп түсті тілдегенім,
«Соры қалың шаһар» деп.

…Қайран ауыл, кешір мені,
Қайта табар қазығым.
Бір түйінім шешілмеді,
Күдер күрмеп қажыдым.

Қала маған бермеді ырық,
Мен қаланы ұқпағам.
Өлсем өлем сенде жүріп,
Құшағыңды аш, Құтханам!

Қала – құбыжық, ауылды жер – періштелер мекені. Меніңше, шаһарды құбыжық көру заманы өткен сияқты, бұрын– рас, қыр баласын қала өркениеті қырына алатын, қақпасын ашса да, есігін бермейтін, күзет қатты еді, құлып берік болатын.
Қазақ боп туғанына арланатын қазақ ауылда, қазақ боп туғанына өкінетін қазақ қалада туатын еді (Сайымжан Еркебаев).

Енді қазір заман өзгерді. Қыр далаға техника келді, жат қалаға сақаралықтар көшті. Екі ауылдың арасы қара жол боп жатты. Таяу кенттерге көшпелі жұрт ағылды. Көліктеріне жүктерін теңдеп, қашық елді мекендерге маңдайын түзеп, қалың көш жүрді. Қазақ тілі шаһар тілі бола бастады, жаңа терминдерге байыды, біртіндеп саяси шешім қабылдайтын көрнекі құралға айналды, үстемдік танытты, басымдылық көрсетті. Бұдан былай жылаудың реті жоқ. Задында, қала да – алтын бесік, дала да– ұлт отаны. Бөліп-жаратын ештеңе жоқ. Мегаполистер, орталықтар қазақтануы тиіс. Мұрат осы. Осы мұратқа қызмет етуіміз қажет.

Зарпын ұрттап зарықтым зор қаланың,
Ол зорсынса, мен құрдай жорғаладым.
Жұмағымнан кем көрмес Жуалымнан,
Жуа таппай түсімде қор боламын…

Қала менен «даламды» жырақ қылған,
Кімге артамын назымды мұң арттырған…
Кіл керісіп күндермен жүрем ылғи,
Күнкөрістің қамымен жылап тұрған.
Басқа қайтем…

«Нала», «Жазкөшу», «Менің ауылым», «Сен тұратын қаланың бағы басым» өлеңдері де сол сарындас:

Жазған елге жөн сілтеп саналы топ,
Жаз да өтті саратан самалы боп.
Ауыл жаққа қарайлап қоям мен де,
Айтары көп адамдай амалы жоқ.

Сонымен қатар:

Осы ауыл –
Жүрілген жолдардың куәсі,
Мен жайлы менен кем білмейтін.
Осы ауыл –
Амандық аңқыған дұғасы,
Кештірген балаң күн гүл кейпін.
Осы ауыл –
Кешенің келбетін сақтаған,
Өзгермес өткеннің өзегін.
Осы ауыл –
Мен үшін кір шалмас ақ ғалам,
Қиялдың күттірген кезегін.

Қорытындылай айтқанда, Жанғазы Ахмет– өзіндік пәлсапасы бар ойшыл ақын. Отанды, елді жырлаған туындылары – кіршіксіз де қуатты.

Нұржан Қадірәлі
«Өлсек те бірге,
Бір тудың аға – Астында жатар моламыз!»

Сөзсіз – есті өлеңдер. Ержеткен, ертелеткен, еркін жеткен жыр шумақтары. Тақырыптары – ірі, тартқан қаламы – дегдар, таңсық образдары – соқталы.
Жыр техникасын меңгергені анық, формасын тапқаны – айқын, жазу мәнерін қалыптастырғаны– айшықты.

Рухың солай биікке жалау болған,
Аттап өтіп күннен де алаулаған.
Қаратауға бір қонып,
Алатауға,
Одан кейін төменге оралмаған.

Нұржан Қадірәлі туындылары – әлі қадірімді білесіңдер деп тұрғандай. Шынымен, жырлары арынды, қырда жатқан бес қаруы сай жырынды жау қолын дабыл қағып, қаптай шапқан, «өртке тиген дауылдай» (Қасым) өршіген, алапат шеріктердей сұсты, өткір екен. Өзі – кешегі өткен баба Қазтуғандардай майдангер жырау, қаһарман шайыр!
Бұзау терісі, өгіз терісі шыңдауылдар дүрсіл­деп жаңғырып шақырғанда, жау тобына қарай омыраулата шауып, шеп бұзған, өкпе тұстан найзасын толғай тастап, қабырғасын қақырата сөгіп, қатарын селдіреткен, тұтқиылдан соқтыққан, сарбаздардың жігеріне жігер қосқан, айбатты шабуыл жырлары. Кәдімгі жорық сарыны, жортуыл әні.

Сорлы жүректі сезіммен өртеп,
Семсердей сесті сұлбасы.
Өлең де – еркек,
Өлім де – еркек,
Бұл өмір ғана – ұрғашы…

Немесе:

Бабасы текті,
Баласы кекті,
Бұл аян сор ма, бақ па екен?..
Әділдікті іздеп адасып кетті,
Жаралы жалғыз ақбөкен.

Тағы:

Мұрагер етіп қалған қайғыға,
Жұтқан әр демі уындай.
Үмітсіз өмір – маңдайға мына,
Шайтанның жазған жырындай.

Ақбөкен-тағдыр,
Жол ашып берген,
Бас ием сенің тегіңе!
Әділдікті іздеп адасып келген,
Адалдық болып еліме.

Нұржан Қадірәлі – елдің амандығын, ұрпақтың адалдығын жырлаған ақын. Майданда батыры, бейбіт күнде – күзеті. Болашағынан сүбелі туындылар күттіретін талант, тұлға, тарлан. Жеңіл атақ, үстірт даңқ іздеп, ақбөкендей адасып кетпесе болғаны.

Тоқмейілсіген қалам сергек, елгезек қасиетінен айырылады, сондықтан қашанда көңілі де, көкірегі де ояу жүрсін, шығармашылық – тоқтамайтын созылмалы азап-бейнет. Шыдағаны шыдайды, шыдамағаны басқа кәсіп іздеп ел аралап, қыр асып кетеді.

Табиғат Абаилдаев
«Өлеңімде түпнұсқамын,
Өмірімде көшірмемін»

Шын мәнінде, Табиғат Абаилдаев – сыршыл ақын. Өлең алдында – жаны таза, ары таза, тұлғалы жыршы, адал дос, айнымас серік.
Махаббаттың ескі-жаңасы жоқ, тағдыры, тарихы – қашанда замандас, толғандырады, ойландырады, сонау Қарахандардан бастап, тіпті Адам ата-Хауа ана шежірелі баяндарынан бері мазмұны, мәні, мағынасы бір өзгермей келе жатқан рухани тәжірибе, сезімнің бастан кешкендері. Бір-бірін қайталаса да, «Анна Каренина» кітабы, романы алға тартқан, әулие көкірек айтқан нақылы, ғақлиясындай – бақыты бір, бақытсыздығы– басқа-басқа.

Дәуірім, жеткіз шапағаты бар,
Құсни хаттардың қимай қанатын.
Кей адамдардың махаббаты бар,
Мыңжылдыққа да сыймай қалатын.

Немесе:

Дүнияға тәуелді ме ереже?
Шарт қояды адам бізге не түрлі.
Күн сәулесін түсірмейтін терезе,
Ғасырлардың көзәйнегі секілді.

Бір тұсында:

Бұл күндері қона алмаса көлге қаз,
Дала бізді кешір, қала құлымыз.

Әрі:

Есімде еді, есіңде еді…
Кұлы болып күдіктің,
Мен бәрін ұмыттым,
Сен де ұмыт!

Файзулла Төлтай

«Қарғыбауын өмірдің тағып келем»

Әдетте, өлеңде атау болмаған жақсы. Ол да – қарғыбау. Тақырыпты шектеп тұрады. Негізінде еркін өлең, биікте шарықтаған қыран, төменде асау желмен жарысқан сәйгүліктер, арғымақтар, дүлдүл тұлпарлар. Бірінен-бірі өткен. Сондықтан өлеңде атау болмаған жақсы. Мысалы, төмендегідей өлеңді қалай атар едіңіз:

Көктемнен мынау шеттеліп қалып,
Көктегі халық көз ілді.
Кешірдім бәрін, кектеніп барып,
Кешірдім сосын өзімді.

Немесе:

Бұзақы бұлттар көңілді бұлғап,
Көзімде қалды шер тұнып.
Сол уақта қалдым өмірді қорғап,
Бақытымызды өлтіріп.

Ой жалғасы:

Егіліп,
Жылап,
Күрсініп ішім,
Бұлттардың жасын көтергем.
Өлеңін көктің түсіну үшін,
Жаңбырға еріп кетем мен…

Файзулла – сөз қадірін білетін ақын, шумақтарында қателік-кемшілік жоқ, мінсіз, әрі тылсым құпиясына дендеп енгендей сан қилы мән-мағынаға толы.

Дұғамды оқып іңірге,
Мен қара жер ұлымын – аспан жасын сімірген.

Енді бір тұсында:

Шатастырып,
шарһ ұрып,
бақытымның бағытын.
Көтерем де жүремін,
Ойларымның табытын, деп жырлайды. Үлкен тақырыптарға бойлайды, маңызды тұжырымдар жасайды:

…Періштең ем ең соңғы,
Пейіш төрін дәметтім кіл күнәммен мен сорлы.

«Һақ» деген туындысында жаңа формалық ізденістерге барады. Ізденістері сәтсіз де емес, қарап көрейік:

Менің жолым –
Менің бұйра бұралаң шаштарымдай
жел тербеген.
Ел көрмеген ешқашан, жер көмбеген.
Үкі көзбен үңіліп, қарайды кеп,
Жанымды ап кетердей ертең менен.

…қара ағаштың жапырақтарын билетіп,
Қараша үйдің шаңырағын күйретіп,
Қамшы үйіріп тұр алап…
Тоғыз жүз жыл өмір кешкен Адамның
Күнәларын көтеріп жүр, сірә, бақ.
Бұдан былай Мәриямның бейнесі
көрінбейді,
Көкжиектің иығынан сығалап.

Хамит Есаман

«Қабырғам бітеу суырылғандай»

Бұрым сұлу көрінер өрілгенде,
Жүрек тыным табар ма егілгенде.
Бүрген көйлек көңілге от салады,
Жыр туады сол бұрым төгілгенде.

Хамит Есаман өткенге бүгінгі талғамды жалғап, ертеңге ұштастыратын шебер ақын. Дәстүрлі форма, сөз қоры, нық орам, нақ образ, тың ұйқас, зады, айтқанымызға куә, алға тартқанымызға айғақ, кейде ескі сарын басымырақ, кейде заманауи ізденістер көбірек.
Ескілікті қозғаса да, жаңаша жазады. Сөз– жады, тарих, дерек. Деректі сөзден дерексіз поэзия туындайды. Нақ образдың бейнесі тақ, бірақ көрінісі әртүрлі, демек, автордың жырлары– әр заманда әртүрлі оқуға мүмкіндік беретін кешенді, кемел, керегелі туындылар. Ерекше қабілетке ие, айрықша қасиетті болмыс. Не құбылыс.
«Ақ ләйлек» өлеңінде екі бастау қатар келіп, бір арнаға құйылып отырады. Мысалдан көрейік:

Сол аруға сәлем айтып қойыпты,
Арманымды бұрын білген ақ ләйлек.

Немесе:

Өртенбесін өзектегі өлеңім,
Сарқылмасын көзімдегі сағыныш.

«Өліара» жыры да – тұжырымдамалық шығарма, бүкіл жазған-сызғандарының түйіні, ізденістерінің квинтэссенциясы сияқты.

Қабырғам бітеу суырылғандай алайда,
Қан жылап тұрып қоштастым бүгін өлеңмен.

Бір жерінде өмір болмысына салыстырмалы пәлсапалық анықтама бере кетеді:

Өмір деген өзің жазған күнделік.

Сараптамамызды «Шаһар мен шайыр» жырымен аяқтағымыз келеді:

Ақын болдым бір аруды сүйіп қап,
Мәжнүн болып әлемде жоқ ән салам.
Шалқасынан шаһар жатыр ұйықтап,
Түрлі-түсті көзқарастан шаршаған.

Беймезгілде оянбайды қайтадан,
Бермейді ғой үмітіме жан салып.
Арманды ойлап автобуста шайқалам,
Өзге үйдің жарығына тамсанып.

Шапағат Әбдірұлы
«Бақанға әкеп байрақ басын байлатып»

Әлқисса, әр ақын қолына қалам алған күннен бастап өзіндік дауысын, дара қолтаңбасын тапқысы келеді. Тақырыбын да іздейді. Біреу ерте, біреу кеш, әйтеуір бірде мұратына жетеді. Әдетте, сол мезеттен шығармашылық басталады.
Бірі күреске теңеген, бірі рақатқа балаған– шығармашылық жолы. Мехнатына бақыты, қуанышына қайғысы қатар жүретін, қадірлі де қасиетті – қызмет. Ұлтқа қызмет, адамзатқа– еңбек. Өнер – адамгершілікті, кісілікті жырласа ғана өнер. Гуманистік принциптері жоқ талпыныстар ел мен қоғам үшін қауіпті, бір халық екінші бір әлеуметтен биік немесе аласа, тар немесе кең емес.
«Арпалысқан дұшпанды, ат қылымен бауыздап» деген сөз екіұдай күй кештіреді, әрине, алаш жұрты үшін «атын естігенде алты құрлықтың иті абайлап үретін баһадүр Шыңғыс хан» – біз үшін мақтаныш. Бірақ түркі нәсілі қырғынымен емес, қатігез заманда алып мемлекет орнатқанымен мақтанады. Мұхтар Мағауин төрт томдығында Сайыпқыран деп атаған Шыңғыс ханды қанішер емес, әлемді билеген парасатты тұлға ретінде қадірлейміз.

Бақанға әкеп байрақ басын байлатып,
Жеңіс тойлап алтын тәжін айға атып…
Жолбарыстың жүрек майын алғызып,
Алты таспа қамшының,
Алақанын майлатып…
Қас жауының қабырғасын отын ғып,
Самаурын қайнатып…

Шапағат Әбдірұлы жазғандарынан көне түркілік сарын естіледі, ел қоруға, жер қорғауға шақырады. Шынымен, елдік мәселелер – ақынның анық тақырыптары. Қаламы бостан, халықаралық сөздіктен қосқанда – виртуоз. Кез келген ой, сезім, уақиғаны оңай игеріп, еркін меңгеріп кетеді.

Дұшпанын қойдай қырғызған,
Ыммен бұлт мойнын бұрғызған…
Қорамсағына қол салса,
Нұр сауып ішкен жұлдыздан…
Намазға ұйытып қаһары,
Сайтанды сапқа тұрғызған…

Өлеңдегі екпін:

Жымиысынан жылып дем,
Күрсінісі от бүріккен…
Күнәсінің өзінен,
Күн сескеніп үріккен…
Қайыған жебесін жыланның,
Жағына салып жібіткен…
О, хан ием! Хан ием!..

Немесе «Хан нама» өлеңі:

Біз ұмыттық, ұмытпапты күз бірақ,
Келем алдан шығатындай сіз гүл ап…
Табытына айналыпты елестің,
Орындыққа ойып жазған біздің ат…
Түн,
Ай ұйқыда…
Манаурайды ояу маң,
Сан мың түрлі сағынышпен боялған.
Кеудемде бүр жарады бір іңкәрлік,
Қайтқан қаздың қаңқылынан оянған!

Күрмеу

Негізі, жазба әдебиетін құнарлы ауыз екі тіл, тұрақты сөз тіркестері, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, тіпті алып ауыз әдебиетімен шатастыруға болмайды.
Қаріп те, әріп те – басқа, бөлек өркениет.
Қала цивилизациясы.
literature – дыбыссыз әріп, liter! Жаңашылдықтың бәрі осы жолда.
Жамбылдық дарынды жастардың бағыт-бағдары дұрыс, мақсат-мұраты айқын, таланттары– анық.
Ақ жол!

1-8 cәуір, 2019 жыл
Алматы – Қарағанды – Астана
(«Жамбыл» журналы)

ПІКІР