Мәдениет

Жамбылполитехтағы ерекше байқау

Written by Aray2005

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай шаралар өз жалғасын табуда. Осы жолы аталған оқу орнының ұйымдастыруымен «Абай әлемі» атты байқау өтіп, онда оқытушылар сынға түсті.

Шараның шымылдығын оқу орнының өнерлі оқытушыларынан құралған әншілер тобы Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» әнімен ашты. Жанды дауыста шырқалған мазмұнды ән көрермендерге әдемі әсер сыйлады. Ал қатысушылар үш номинация бойынша сынға түсті. «Ғибрат» номинациясында дара тұлғаның қара сөздерінің қылын шертіп майын тамызса, сайыстың екінші шарты «Өлең сөздің патшасы» кезеңінде ақынның өлеңдері жатқа оқылды. Ал үшінші «Көзімнің қарасы» шартында қатысушылар Абай шығармаларындағы бейнелерді сурет ретінде салып, қазылар назарына ұсынды. Жалпы байқауға 30-дан аса оқытушы қатысып, бақтарын сынады.
Қазылар алқасы қатысушы­лардың оқу шеберлігіне, сахнада өзін ұстауына, көрермендерге ойын жеткізе білуіне және қара сөздердің философиялық мәнін түсінуіне назар аударып, бағалады.
«Ғибрат» номинациясы бойынша бірінші орынды Абайдың 7 қара сөзін нақышына келтіре оқыған «Қазақ тілі мен мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу пәндері» циклдік әдістемелік кабинетінің оқытушысы Айман Қарауылова иемденді. Ал екінші орын «Қазақ тілі мен мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу пәндері» циклдік әдістемелік кабинетінің оқытушысы Лаура Қолдасоваға бұйырса, үшінші орынды «Ағылшын және орыс тілі пәндері» циклдік әдістемелік кабинетінің оқытушысы Сағадат Алиева мен «Қазақ тілі мен мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу пәндері» циклдік әдістемелік кабинетінің оқытушысы Меруерт Ақбердиева өзара бөлісті.
«Өлең сөздің патшасы» номинациясы бойынша бірінші орынды «Қазақ тілі мен мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу пәндері» циклдік әдістемелік кабинетінің оқытушысы Жанел Мырзалы жеңіп алса, «Жаратылыстану пәндері» циклдік әдістемелік кабинетінің оқытушысы Нұрила Абильдаева екінші орыннан көрінді. Үздік үштікті «Сәндік-қолданбалы өнер және сызу пәндері» циклдік әдістемелік кабинетінің оқытушысы Венера Шаламанова түйіндеді.
«Көзімнің қарасы» номинациясы бойынша «Сәндік-қолданбалы өнер және сызу пәндері» циклдік әдістемелік кабинетінің оқытушысы Марат Тұрғынбаев Абай Құнанбайұлының «Жазды күн шілде болғанда» өлеңіндегі бейнелерді дәл әрі аса шеберлікпен салып, бірінші орынды иеленді. Сонымен бірге аталмыш циклдік кабинетінің тағы бір оқытушысы Гаухар Тойшыманова «Қансонарда» өлеңін бейнелеп, екінші орынды олжаласа, аталған кабинеттің екі ұстазы Алмас Манапов пен Айман Ембердиева «Қыс» пен «Абай портретін» тақырып ретінде алып, үшінші орынды місе тұтты.
Байқау қатысушылары мен жеңімпаздарына алғыс хаттармен оқу орынының өнерлі студенттері жасаған кәдесыйлар табыс етілді.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

ПІКІР