Жамбылполитехтің жан-жақтылығы жаныңды жадыратады

0 4

Бүгінгі таңда отандық еңбек нарығы білікті кадрларға мұқтаж. Сондықтан да өңірлер мен жалпы Қазақстанның дамуы үшін мамандар даярлаудың тиімді жүйесін жолға қою маңызды. Бұл ретте Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің ұжымы мен әкімшілігі кәсіптік бағдар шараларын қолға алып, жұмысын жолға қоя білді.

2020 жылдың наурыз айынан бастап еліміздің барлық оқу орындары қашықтан оқытуға көшкені белгілі. Салдарынан сынып сағаттарына, ата-аналар жиналыстарына қатысу, жеке әңгімелер, кәсіби сынақтар, ашық есік күндерін өткізуді, үлестірме материалдарды тарату мүмкін болмады. Ұстаздар қашықтан жұмыс істеуге дағдыландық.
Дегенмен оқу үрдісін тез қалпына келтіру, бүкіл жүйені өзгерту қажеттігі туындады. Оқу жоспарын, жұмыс формаларын түзету, ең бастысы мектептермен, оқушылармен және олардың ата-аналарымен байланысты жоғалтпау маңызды еді. Осы мақсатта жаңа форматтағы кәсіптік бағдар беру жұмыстарының алғашқы, дәстүрлі кезеңі зерделеуден басталды. Колледж ұжымы облысымыздағы еңбек нарығын жан-жақты зерттеді. Әлеуметтік серіктестермен «дөңгелек үстелдер» өткізді. Нәтижесінде іріктеу қандай мамандықтар бойынша жүргізілетіні анықталды.
Екінші кезеңде сол іріктелген қажетті мамандықтар бойынша әлеуметтік желілерге жүктелетін жарнамалық бейнероликтер жарысын ұйымдастыруды мақсат еттік. Жарнамалық бейнероликтер жарысының басты мақсаты– барлық түлектер мен ата-аналарға ақпарат жеткізу. Колледждің жарнамалық науқаны ауқымды түрде жүргізілді. Түрлі бейнероликтер, интернет-брошюралар, электрондық буклеттер жасалды. Мұның барлығы колледж ұжымының ерен еңбегі.
Бұл мәселеде әлеуметтік серіктестеріміз де қол қусырып қарап қалмады. Серіктес кәсіпорындардың барлық бөлімшелерінің өкілдері жарнамалық науқанды өткізуге көмек көрсетті.
Колледждің кәсіби бағдар беру жүйесінің тек облысымыздың ғана емес, еліміздің басқа да өңірлеріндегі техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін қызықтыруы бекерден-бекер емес. Ал облыстық сарапшылар кеңесі жасалған жұмысты ең тиімді жүйе деп таныды.

Мұқағали БОРАНОВ,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.