«Жан-дүниең жұтаңданса, рухани кемтарлыққа әкеледі»

0 0

27 наурыз – Халықаралық театр күні. Сала қызмет­кер­лерінің кәсіби мерекесіне орай Жазушы-драматург, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжановпен сұхбаттасқан едік.

– Сізді жұрт ақын, жазушы, журналист ретінде жақсы біледі. Алайда, еңбек жолын актер ретінде бастаған бүгінгі театр директорына өнер жолын таңдауға кім ықпал етті? Кімге еліктедіңіз?
– Бала күнімізде осы облыстық қазақ драма театрының актерлері ауылға келіп, спектакльдер қойып тұратын. Мен сондай қойылымдардан қалмайтынмын. Бәрін көруге құштар болдым. Өзім құралпы балалардың кейбірі театр өнеріне онша құмар емес еді. Десе де, мен оларды үгіттеп, қойылымдарға қалдырмай ертіп апаруға тырысатынмын. Достарым да бұдан кейін амалсыз қойылым көруге көнетін.
Жалпы, мен біреуге еліктедім деп айта алмаймын. Бірақ, өнер жолын таңдауыма бәлкім, театр өнеріне деген бала кезден бергі құштарлығым себепкер болған шығар.
Қазір қарап отырсам мені сол кездегі Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне жетелеп әкелген де сол құштарлық екен. Ол осы аймақтағы кіл кәсіби мамандар дайындайтын оқу орны еді. Бізге Өзбекстанның Ташкент қаласындағы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының театртану факультетін, былайша айтқанда ең алғашқы Орта Азияда ашылған, ең үлкен өнер институтын бітіріп келген театр сыншысы Яхия Шынәсілұлы дәріс берді. Одан кейін аталған оқу ордасының түлегі Оразәлі Жамалбековтің де тәлімін көрдік. Бүгінде Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы актерларды қалай даярласа, мен білім алған училище де дәл сондай талап бойынша оқытқан екен. Ол кезде училищеде актерлік шеберлік, режиссура, би секілді сабақтар өтетін. Сол арқылы болашақ актерлер сахналық жүріс-тұрыстың, дауыс ырғағын қоюға, мимика арқылы жұмыс істеуге машықтанып, грим техникасын меңгеріп шығатын. Тіпті сахнаны безендіруді де, сахна сөзін де үйретті. Сахналық музыка мәнін безендіру сабағын жібермейтін кез келген студент фортепиано немесе баянда ойнай алатын. Бұл егер актер халықтық театрдың сапында жүрсе ән шырқайтын топты осы аспаптарда өзі сүйемелдей алуы керек деген қағидаға байланысты енгізілген міндетті сабақ еді. Ол кездегі талап сондай. 1978 жылы аталған училищені бітіріп, 19 жасымда осы театрға жұмысқа тұрдым. Осында ең алғаш Қазақстанның Халық әртісі Шәріпбай Сәкиев, Мұхамедқали Табанов, Тұрар Ізбасаров, Тұрар Дүйсебаев секілді театр алыптары, корифейлерімен қатар еңбек еттім. Олар – училищеден кейінгі менің өнердегі ұстаздарым. Егер қандайда бір жетістікке жеткен болсам, ол осы аты аталған және басқа да өнер майталмандарының еңбегінің жемісі.
Кейінірек Алматы қаласындағы қазіргі Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Училищеде алған білімнің арқасында мен ол оқу орнына дайын болып барған едім. Себебі училищеде Я.Шынәсілұлы қазақ, орыс, әлем классиктерінің шығармаларын жатпай-тұрмай оқытатын. Нәтижесі сол – әр классикалық шығарманы талдайтындай деңгейге жеттік.
Театрда 5 жыл қызмет еткенде бірнеше рөлдерді сомдадым. 20-21 жасымда Әлдихан Қалдыбаевтың «Шаншар атай» спектаклінде Санатбай атты бас кейіпкердің рөлін ойнап, бүкілодақтық театр фестивалінің лауреаты атандым. Бұл – менің өнердегі алғашқы әрі үлкен жетістігім еді.
– Бала кезімде достарымды театрға ертіп баруға тырысатынмын дедіңіз. Ал бүгінде «Жастар театрға бармайды» деген пікірді көп естиміз. Көрерменнің, әсіресе, жас буынның театрға қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек?
– Шындыққа жанаспайды. Анығы қып-қызыл өтірік. Жастар театрға неге келмейді, келеді. Біздің көрермендеріміздің дені – жастар. Жасыратыны жоқ, «Қазір театрға адамдар бара ма?» деп сұрайтындар бар. Оларға айтар жауабым біреу: «Сенен басқа адамның бәрі келеді». Өйткені мұндай сұрақты өзі театрға бармайтындар ғана қояды. Олар өнерден мақұрым қалған, сезімі селт етпейтін адамдар. Олар маған адам емес зат секілді көрінеді. «Театр деген адамның жүрегіне асыл қасиеттер егетін орын» дейді ойшылдар.
Ел арасында «Әкімдер немесе басқа да шенеуніктер театрға бара бермейді-ау» деген екіұдай пікір де қалыптасқанын жасырмаймыз. Бұл да қате ұғым. Олар театрды студент кезінде тамашалаған, әлемдік классикаларды көрген. Қай уақытта да театрға жетелейтін сол таным-көзқарастан ажырамаған. Сондықтан адамдар мұндай оймен күн кешпеуі, мүмкіндік болса театрға баруы керек. Театрдың берерінен құр қалмауы қажет. Адам өзінің жан дүниесін эстетикалық жағынан ақсатпауы ләзім. Рухани кемтарлыққа әкелетін де осы жан-дүниенің жұтаңдығы.
– Өзіңіз басқарып отырған ұжымдағы жас актерлер мен режиссерлердің кәсіби деңгейіне берер бағаңыз… Шындығын айтыңызшы, ойыңыздан шыға ма?
– Жас актерлардың барлығы бірдей керемет талантты, тұла бойы тұнған дарын десем, бұл артық болар. Бірақ «Қарға баласын аппағым» дейді емес пе?! Қазіргі кезде мейлінше, талантты жастар шоғырландырдық деп айта аламын. Әйтсе де бүгінде кадр тапшылығы – барлық аймақтағы театрлар үшін үлкен мәселе. Мен жоғарыда қалай білім алғанымызды айтып өттім. Ал бүгінде өңірімізде сол кездегідей мамандар даярлайтын орын жоқ. Сондықтан дайын актер тапшы. Ал Нұр-Сұлтан, Алматы секілді ірі қалалардағы оқу орындарын бітірген түлектер облыстарда еңбек етуге құлықсыз. Қазіргі негізгі проблемамыз – білікті режиссерлердің зейнет жасына жеткені. Оларды жалынып-жалбарынып жүріп шақыртамыз. Келуі қиын. Әуелгі себеп – әлеуметтік тұрғыдан қолдау жоқ, екіншіден олар танымалдылығымыз төмендейді деп ойлайды. Егер бізге келіп бір спектакль қойып берсе, актерлар үшін бұл таптырмас шеберлік сабағы болар еді. Сақа режиссерлардың жұмыс істеу тәсілінің өзі – сабақ.
Екінші жағынан кәсіби режиссерді шақырту арқылы актерлердің шеберлігін шыңдаймыз. Оларды жас кезінде шыңдамаса, сүйегі қатайғанда пайда жоқ. Жастар қазір республикалық телеарналар арқылы жылтыңдап, жеңіл шоулардан көрінсе, соны мықтылық санайды. Шындығына келсек, театр актері үшін бұл құлдырау. Киелі сахна өнерпазы қалай десек те жеңіл шоумендерден, жеңіл әзілдің соңына ергендерден әлдеқайда биік тұратынын естен шығармағанымыз жөн. Өйткені актер – парасат иесі. Ол бір рөлді сомдау үшін жанын салып, сол кейіпкер болып өмір сүреді. Сахна негізі жерден биік тұрады. Театр актері осы биік сахнада жүріп үн қататындар. Ол көрерменнің жүрегіне өз лүпілі, дірілі арқылы әсерін тілмен айтып жеткізе алмайтындай ғаламат сезім ұялатады.
– Театр қызметкерлерін қолдау аз, осыдан кейін жастар мұнда еңбек етуден қашады дедіңіз. Сонда мемлекет назарынан мүлдем тыс қалып отырсыздар ма?
– Негізі театр өнерпаздары шығармашылық тұрғыдан өрістеуі үшін оларға алдымен жергілікті жерде қолдау көрсетілгені дұрыс. Мәселен, қазір біз облыстық орыс драма театрымен бірге бір ғимаратта отырмыз. Бір ғимаратты екі театрдың бірге пайдалану тәжірибесі басқа өңірлерде жоқ. Ал бұл өз кезегінде үлкен қиындықтар туындатады. Себебі сахнаны бір апта олар, бір апта біз пайдаланамыз. Белгілі бір қойылымдардың премьерасы жақындағанда 20 күндей үздіксіз дайындық жүргізілуі қажет. Ал бір апта дайындалып, бір апта үзіліс жасау актерлердің қалыптасуына кедергі келтіреді.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев өте тәжірибелі, бірнеше облыстарды басқарған әкім. Ол өнер иелеріне, олардың жағдайына немқұрайды қараған емес. Бердібек Машбекұлы Ақтөбе өңірін басқарып тұрғанда үлкен өнер орталығын салдырды. Ақтөбе театры жанынан жыл сайын өтіп тұратын «Балауса» республикалық театр фестиваліне қолдау көрсеткенін білеміз. Оның алдында Шығыс Қазақстан облысында қызмет атқарғанда да өмірден ерте озған Рүстем Есдәулетов есімді жас режиссердің атындағы фестивальді өткізіп тұруға мұрындық болды. Осының бәрін саралай келе, облыс әкіміне қолқа салсақ, біздің ұсынысымызды аяқсыз қалдырмас деп ойлаймын. Біз жаңадан театр ғимаратын салып беріңіз демейміз. Тек орыс драма театрын Тараз қалалық мәдениет үйінің ғимаратына қоныстандырса дейміз. Онда қазір қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі отыр. Бұл жай ғана мекеме. Ол мекеме қарамағында ансамбль, оркестр секілді шығармашылық топ немесе театр үйірмесі жоқ. Олар сахнаны қажет етпейді. Сондықтан облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы секілді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі кез келген ғимаратқа орналасуына болады. Бұл ұсынысымыз қолдау табады деген үмітіміз басым.
Ал актерлердің әлеуметтік жағдайына келсек, олардың еңбекақысы сәл ғана көтерілді. Шамамен 60-80 мың теңге көлемінде. Бірақ, осы айлықпен олар еліміздегі баспана алуға мүмкіндік беретін түрлі мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмай отыр. Екінші деңгейлі банктер үй алғысы келгендерді мұндай еңбекақымен маңдарына жуытпайды. Әлеуметтік қолдау жоқ деуімнің сыры осы.
– Драматургтермен байланыс­та­ры­ңыз қандай, репертуарларыңыз қаншалықты жаңартылды?
– Драматургтермен байланысымыз жақсы. Олармен келісе отырып, шығармаларын сахналаймыз. Мәселен өзіміздің қазақ драматургтерінің ішінде Дулат Исабековтің «Тыныштық күзетшісі», «Әпке» деген драмасын, Сұлтанәлі Балғабайұлының «Ең жақсы еркек», «Ең әдемі келіншек» пьесасын сахналадық. Өзіміздің классикалық шығармалардан бастап, шетелдік Уильям Шекспирдің туындыларын қойып жүрміз. Сол секілді заманауи, бүгінгі қоғамдық мәселелерді қозғайтын пьесалар да бар. Бірақ, ол туындылардың авторлары көбіне қаламақы үшін қомақты қаражат сұрайды. Оған бізде мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан авторлар пьесаларын бізге бергеннен гөрі, сол шығармасы арқылы республикалық бәйгелерге қатысқанды жөн көреді. Себебі ол бәйгелерге бұрын бір жерде сахналанған туындыларды ұсына алмайды. Егер бізге бөлінетін қаржы көбірек қаралса, жұрт жаңа туындылармен қауышар еді.
Жалпы, театрдың негізгі жұмысы – репертуарды түзеу. Мен осыдан 5 жыл бұрын директор болып келгенде бір кемшілікті байқадым. Ол – репертуардың олқылығы. Содан кейін үлкендермен, көркемдік кеңеспен ақылдаса отырып, әлемдік және төл классикаларымызды сахналауға ұйғарым жасадық. Соның арқасында өзіміздің «Еңлік-Кебек», «Қыз Жібек», «Ақан сері», «Айша бибі», «Қазақтар», «Беу қыздар-ай» секілді мәнін жоймайтын таңдаулы шығармалар енгізу арқылы репертуарымызды біршама жаңаладық.
– Сіз басшылық ететін ұжым – облыстағы жалғыз қазақ драма театры. Өнер өлкесінде бәсекелестік пайда болу үшін театрлар саны көбеюіне қалай қарайсыз?
– Театр санын көбейту мақсат емес. Елімізде 56 театр болса, біз бәсекеге солармен түсіп жүрміз. Одан бөлек қырғыздың, өзбектің театрларымен де бәсекелестігіміз бар. Бүгінгідей заманауи технология қарыштап дамыған заманда кімнің немен айналысып жатқанын көріп-білу мүмкіндігіне иеміз. Республикалық, халықаралық дәрежедегі фестивальдерге қатысып тұрамыз. Егер біз олармен бәсекелеспесек, олардан артта қалсақ, нағыз құлдырау сол болар еді. Негізі 85 жылдық тарихы бар театрмен кеше-бүгін құрылған театр ешқашан бәсекелес бола алмайды. Өйткені бұл театрда кезіндегі Шәріпбай Сәкиев секілді оқыған-оқымаған, табиғи тума талант актерлердің мәнері сақталған. Солардың салған сара жолы бар мұнда. Әр өңірдегі театрдың өз мектебі болатынындай, бізде де мектеп қалыптасқан. Театрлардың бір-бірінен ерекшелігі, құдіреті осында.
– Әңгіме кәсіби мерекеге қатысты болғандықтан, негізгі тақырыпты театр төңірегінде өрбіттік. Енді өзіңіздің шығармашылығыңыз жайында айта отырсаңыз…
– Орайы келгенде кеше ғана соңғы нүктесі қойылған «Абай – Ақмай» деген драмамды айтуға болады. Бұл әлі сиясы кеппеген дүние. Осы тақырыпта қалам тербеуіме ел арасында айтылып жүрген «Бір кездері Абай Құнанбаев Жетісуға, оның ішінде Қордай ауданындағы Сұлутөрге келді» деген әңгіме арқау болды. Алайда, Абайды біреулер біздің өңірге келді десе, ал енді бірі оны жоққа шығарып даурығуда. Кенен Әзірбаев «Аңыздар сыры» атты кітабында Абайдың Қордайға келгенін растайды. Нысанбай Төреқұлов деген атақты ғалым, Рымғали Нұрғали есімді академик, жазушы Марал Ысқақбаев та өзіміздің Қордайдың тумасы, Қырғыз Республикасының академигі Құрмантай ағамыз да өз аталарынан естіген әңгіме желісі бойынша ақынды біздің өңірге келді деп жазды. Негізінен Ақмай деген кейіпкер шығыс өңірінің жесірі. Ол тағдыр тәлкегімен өзіміздің атақты Ноғайбай биге тиген. Одан тараған ұрпақты жұрт «Арғын апа» балалары деп атаған. Қазіргі Сұлутөрдің атын Абай қойған деген де деректер бар. Бұған ешкім қарсы дау айтпауы керек. Оның үстіне Абайды Қарауыл мен Жидебайдан ұзап ешқайда шықпады десек ұят. Ол кісі Омбыға да, Сібірге де барған адам. Мәселен орыстың ақыны Пушкин Омбыға сапарлап келіп, «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырының сюжетін алған. Бірақ, оның өмірінің 13 күні қайда болғаны белгісіз. Қазір соны орыс ғалымдары жабыла зерттеп жатыр. Ал біз Абайдың Жетісуға келгенін ұмыт қалдырсақ, бұл тарихқа қиянат. Мен өз драмамда біздің өңірге Абайдан бұрын оның әндері, өлеңдері Ақмаймен бірге келгенін негізге алдым.
– Жастарға ақыл айтқанда зиялы адамды үлгі тұтамыз. Ал сол зиялылар қандай болуы керек?
– Зиялы адам парасатты болуы керек. Әсіресе басшы адамға парасаттылық қажет-ақ. Сонда басқалар оның алдында ештеңе бүлдірмесе де қарадай қысылып тұрады. Құрметтеу, сыйлау – пендеге көрсетілмейді, парасаттылықты мойындау. Ол адамға текпен, дегдарлық қасиетпен келеді. Жалпы бұл қасиет адам баласына ұшқан ұясынан дариды. Қазір жастар ұлттық болмысқа сай тәрбиеленбей жатыр, ұлтқа қатысты дүниелерді оқымайды дегеніміздің бәрі бекер. Ол әркімнің өскен ортасына байланысты. Рас қоғам да әсер етуі мүмкін. Дегенмен оның бойындағы тектілігі парасаттылыққа бастайды.
– Тәрбие деп қалдыңыз, осыны тарқата айтсаңыз және ел ішінде әке мен бала, ене мен келін арасында болатын нәзік байланыстар үзіліп барады деген пікірмен келісесіз бе?
– Келісемін. Негізі мейірім азайып бара жатыр. Мұқағали Мақатаевтың «Үйдегі ана мейірін бер, Түзде жортқан қасқырға» деп келетін өлеңі бар. Бұрын ашаршылық, соғыс адамдарды біріктіріп, оларды мейірімді болуға итермелеген секілді. Ол кезде біреуге біреу қиянат жасамайтын, есіктеріне құлып салмайтын. Біреу ата-анасын қарттар үйіне апармақ тұрмақ, ондай ой иектей де бермейтін. Біз соны кезінде мәселе етіп жаздық, айттық. Ал қазір бұл қалыпты үрдіске айналып бара жатыр. Әке-шешесін қазір қарттар үйіне мәдинетті адамдардың апарып өткізуі – қалыптасқан үдеріске айналған. Өзіңнің ата-анаңа, бауырыңа, айналаңдағыларға мейірімің жоқ бола тұра, бұл туралы әңгіме айтудың қажеті жоқ. Қысқасы, қазір бәрі бар, бірақ мейірім жоқ. Менің көзқарасымда қазіргі қоғам қатыгез.
«Тәрбие-тал бесіктен» дейді қазақ. Десе де мен балаларымды мендей болмады деп жамандай алмаймын. Олар қазір өтпелі кезеңде өмір сүріп жатыр. Сондықтан оларға қиын, қоғамның ауысуы одан да күрделі. Біз сол баяғы қатып қалған тәртіппен, қатып қалған қағидамен балам біздің заманымыздағы көзқараспен өмір сүрсе, сол кездегідей азамат болып өссе деп ойлаймыз. Әйтсе де, оларға біз секілді ойла десек – ол қиянат. Менің заманым алдағы қоғамға керек болмауы мүмкін. Менің өз заманым өзімдікі болса, жастар – жаңа қоғамның адамы.
– Сіз осы уақытқа дейінгі еткен еңбегіңіз, қызметіңіз ел алдында. Енді бірер жылда зейнетке шығасыз. Осы орайда бір ой келіп тұр. Сіз секілді адамдар ауылға керек секілді. Ауыл жастарына ақылшы ретінде елге баруға қалай қарайсыз?
– Ауыл деген мәңгілік сағыныш. Шерағаң айтады ғой: «Мен мұхиттың арғы жағында ұйықтап жатып, түсімде Мыңбұлақты көрдім», – деп. Кейде мен де ұйықтап жатып, бір көліктің гүр еткен даусы шығып, тоқтай қалған сәттерде өзімді ауылда жатыр екенмін деп қалатыным бар. Ол ауылға деген сағыныш сезімінен пайда болатын жайт. Мен осыған дейін «зейнетке шықсам ауылға барып тұрамын» деп ойлайтынмын. Алайда, ауылға барып тұра алмайтынымды кеш байқадым. Бірақ, санамыз ауыл деп тұрады. Біз қалада қанша тұрсақ та, тас қаланың көркем пейзажын толық жасап бере алмадық. Ұлы жазушылар, ойшылдар «Адам қанша жазғанымен, оның өмір бойы жазғанына өзінің бала күнгі көрген түйсігі арқау» болады деп айтқан. Біздің жазған дүниелеріміздің дені ауыл жайында болатыны сондықтан.
Туған жеріме жиі-жиі барып тұрармын. Бірақ, ол жақта мен қалай өмір сүремін? Қалада тұрғаныма 50 жылдан асыпты. Осы қалыпқа үйреніп қалдым. Ол жақта әдеби орта, менің ортам жоқ. Өзім шаруашылыққа да бейім адам емеспін. Мал ұстап та жан сақтай алмаймын. Отын-суымды кім қамдап береді? Негізінен әдебиетте, өнерде жүрген адамдарға ауылға қайтып бару қиын.
– «АRAI» газетінің алғашқы редакторысыз. Осы газеттің негізін қалаған адамның бірісіз. Биыл газетімізге 15 жыл толады. Елдің бүгінгідей әлеуметтік желіге аңсары ауған заманда оқырман тарту үшін газетіміздің кескін-келбеті қандай болғанын қалайсыз?
– Әлемді интернет қанша жерден жаулағанымен, газетке мен әлі де «мода» ретінде қараймын. Ел әлі бұдан жалығады. Мен ғаламтордан ештеңе оқымаймын. Ондағы жазбалар жүйесіз жазылған ауызекі өсектер. Онда әкімнен бастап Президентке дейін шабуылдап жатқан желі қолданушыларды мен шолақбелсенділер деп есептеймін. Баяғыда ұлт зиялыларын қынадай қырған, үштік одақпен ұстатып жібергендер сондай жандар еді. Блогерлер өзін журналист санайды. Тіпті үндемей жүрген журналисті менсінбейді. Бірақ, оларда журналисте бар білім жоқ. Журналистика деген үлкен ғылым. Ал зерттеу мақала мен сараптама, ақпарат, репортаж бен сұхбат, фельетон, эссе, көркем публицистиканың ғылыми негізде қалай жазылатынын журналист қана жақсы біледі. Сондықтан ел кәсіби журналистің жазбасына сенеді, соның қолынан шыққан мақаланы тұшына оқиды. Біреулер телеарнаға жылт етіп шықса, өзін тележурналистпін деп ойлап қалатын дәрежеге жетті. Бірақ, бұл уақытша ғана құбылыс, ертең ол өзгереді. Ғаламтор бетіндегі мақала мен ақпарат интернет немесе интернет құралы жоқ болса, оған қолың жетпейді. Ал үйге келіп тұрған газеттен ел кез келген уақытта керегін ала алады. Газеттің бір құдіреті кез келген оқиғаны халық бір күнде, бір мезгілде оқиды. Ал интернеттегі жазбаны біреу көрсе, біреу көрмейді. Интернет жеңіл-желпіге әуестендірсе, ал газет терең толғап, ойлануға жетелейді.
Газеттің кескін-келбетіне келсек, ол қоғамның өзгеруіне байланысты түрленіп отырады. Оның макеті де, форматы да жаңарады. Қысқасы, газетке ел көз қиығын тастағанда оның «АRAI» газеті екенін білуі, көзге оттай басылуы тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.