"Шабыт"

«Жан сүйсінген әдебіне, ісіне, Жақсы адамнан қалатұғын белгі көп»

Written by Aray2005

Бес күндік дүниенің әдеби әлманахында ақындардың өмірге келген күні ғана таңбаланады. Ал өмірден өткен күні айтылмайды. Себебі нағыз ақындар өмірден өткеннен кейін рухы өлеңге еніп, халқымен, жырсүйер оқырманымен бірге мәңгілік жасай береді. Өңірде өніп-өсіп, өлеңге айналып кеткен сондай ардақты азаматтың бірі – Өкім Жайлауов. Талант иесі тірі болса биыл тоғыз белден асып, тоқсан жасқа толар еді. Осы орайда ақын һәм оның шығармашылығы жайлы кеше және бүгін рухани әріптес қаламгерлер тарапынан жазылған естеліктер, сағынышты лебіздер мен автордың бірқатар өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

РЕДАКЦИЯДАН

Мезгіл сыйы

Кербез көктем келген сайын оралып,
Кең әлемге шуақ-нұры таралып.
Жауқазынның жас өскіні көктеген,
Жер-Ананың құрсағынан жаралып.

Дүр сілкініп дүние қайта түлеген,
Тіршіліктің күні туып тілеген.
Жадау тартқан жайсаң жерге жан бітіп,
Жасанады зерлі үлде-бүлдемен.

Бар төңірек құлпырды ерек боянып,
Көңілдерде балғын сезім оянып.
Адамдардың жарқын жүзі жадырап,
Шат шырайын паш еткендей баян ғып.

Жастық дәурен құрып қызық думанын,
Шарықтаған шадыман күй, дулап үн.
Бір-біріне ыстық ықылас танытқан,
Әркім құрмет тұтып туыс-туғанын.

Тыныс кеңіп ару көктем лебінен,
Қуат тапқан қырдың жұпар желінен.
Көркем кездің көрсетті әсем келбетін,
Қаз-тырналар көкте шырқай легімен.

Тамашалай табиғаттың дүр кезін,
Көзбен шолып көк аспанның күмбезін.
Әр кеудеде қанат қаққан құштарлық,
Жан дүниеңді баурап сиқыр сыр-сезім.

Ауыл оты

Қараңғы түн. Жоқ жұлдыз да, жоқ ай да,
Кетті үдеріп күндізгі аспан – көк айна.
Тұңғиық бір иірім жұтып қойғандай,
Ғайып бопты маңайдағы тоғай да.

Тылсым дүние думаны кілт тыйылған,
Далиған кең дала етегі жиылған.
Қырдағы ауыл үйлерінде жанған от,
Шұғыла шашып жарқырайды қиырдан.

Аспан астын орын қылып орайлы,
Мүлгіген түн әрі сұсты, әрі ойлы.
Айналаға шашыраған ақ сәуле,
Атқан таңның шапағындай арайлы.

Қарағанша кірпігіңді сәт қағып,
Бір кез көктен жұлдыз шоғы өтті ағып.
…Адамдар ғой тас қараңғы түнде де,
Алаулатқан өмір нұрын от жағып.

Таңсәріде

Сәріде сан құбылып нұрлы сағым,
Толтырған көк торғынға қыр құшағын.
Оянып әр көңілде әсерлі ойлар,
Маздатты көкіректе жыр ошағын.

Жазғы таң жарқ еткізіп, күміс күнін,
Даланың жүз түрлентті пүліш түгін.
Ақ кептер қанатымен ұшты аялап,
Өскен ел, туған жердің тынышығын.

Ұшақ үстінде

Ұшып келем, арайлы таңертеңмен,
Шыр айналып дөңгелеген жер төмен.
Көкейіме ғаламат сыр тоқыдым,
Көз жеткізгісіз ұлан-байтақ өлкемен.

Сәрідегі сағымы бір сынбаған,
Кербез дала тірлік күйін тыңдаған.
Ақ лентаға ұқсайды өзен арнасы,
Толқыны өмір ағынындай тынбаған.

Жасыл белден жатыр асып жол шеті,
Жарқырайды қиырдағы көл беті.
Сұлулықтың, ұлылықтың символы,
Туған жердің көктемгі әсем келбеті.

Көктем

Мезгіл дарқан табиғатты оятты,
Кербез бұлақ кеудесінен күй атты.
Сұлулықты дүниеде ешкім таппаған,
Көктем тауып ала келген сияқты.

Жер түлеген желкілдеген гүл шығып.
Баршаға ыстық, базарлы өмір, тіршілік.
Балғын дәурен – көктем сайын бір жасап,
Қалады ғой адам көңілі құлшынып.

Көзіме ыстық

Жайлау жолы – жолақ арқан,
Түгесілмес құсаң тынбай.
Қызғалдақты дала дарқан,
Қойлы ауылдың құшағындай.

Аспанда ұлпа бұлттар маңын,
Ақ шәлідей желбіреген.
Алыс қиыр сағымданып,
Айна көлдей мөлдіреген.

Жасыл кілем жамылғандай,
Бар төңірек, айнала маң.
Сарғайып көп сағынғандай,
Самал желі аймалаған.

Көзіме ыстық ауылым менің,
Көрінеді туу алыстан.
Кең жайлауға іңкәр көңілім,
Құс боп ұшқан қуаныштан.

Ақ сәуле суда дірілдеп

Көктемгі қандай гүл әсем,
Көз жауын алған желбіреп.
Қырдағы сағым ересен,
Толқыған теңіз мөлдіреп.

Шуағын төккен нұрлы күн,
Шар айна – көктен күлімдеп.
Ақ қайың өрген бұрымын,
Ақ сәуле суда дірілдеп.

Табиғат таңсық сыр шертіп,
Әуезді ән жүрек тербеген.
Ойыңды алыс үдеріп,
Қиялың көкке өрлеген.

Керімсал қырдың көркі ерен,
Көз тартқан кербез көк орман.
Ұстартқан ойды көнерген,
Кеудені кернеп, көп арман.

Дүниеге көктем нұр шашып,
Тіршілік нуы қаулаған.
Жүректе толқын сыр тасып,
Жаныңның оты лаулаған.

ПІКІР