Жан-жақты Жаннұр

0 38

Талант деген екінің бірінің басында бола бермейтін қасиет. Өңірде бойындағы талантын талабымен демеп, қазірден табандылықпен ізденіп келе жатқан оқушылар баршылық. Сондай талантты жастың бірі – Жаңатас қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы Жаннұр Жайлыбай. Өн бойына бірнеше өнерді сыйдыра алған оқушы қыздың болашағы жарқын.

Жаннұрдың бойындағы таланты мен талабын бүлдіршін кезінен байқаған ата-анасы оны Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның орыс сыныбына беріпті. Бүгінде ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, жаза алады екен. Тіпті Жаннұр қазіргі таңда ағылшын тілінде сөйлеп қана қоймай, сондай-ақ шығарма да жазып, ойын қағаз бетіне еркін түсіре алатын дәрежеге жеткен. Жақын арада мектепте ұйымдастырылған байқаулардың бірінде ағылшын тілінде жазған «Батыр Бауыржан» тақырыбындағы шығармасы үздік деп танылып, ұстаздары тарапынан жоғары бағаға ие болыпты. Себебі олар небәрі 5-сынып оқушысынан ағылшын тіліндегі мұндай шығарманы күтпесе керек-ті. Сондықтан тілге деген зеректігін байқаған ұстаздары оның болашағына зор үмітпен қарап отыр.
Сондай-ақ Жаннұр Жайлыбай сабақтан тыс уақытта пианино үйірмесіне қатысады екен. Бірінші сыныптан бері музыка үйірмесіне үйір бүлдіршін талай байқауларда жүлдегер атаныпты. Қазіргі таңда Альбина Жанқызының төл шәкірті Жаннұрдың музыка әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдыратынына сенім мол. Айта кетерлігі, наурыз айында өткен халықаралық музыка байқауында талантты оқушы қыз «Птичка» шығармасын асқан шеберлікпен орындап, І дәрежелі дипломмен марапатталыпты.
– Баланың талантын кішкентай кезінен тани білу керек. Жаннұрдың таланты мен талабы бар екенін кішкентайынан байқап, пианино үйірмесіне бердік. Оның бос уақытында сурет салумен айналысатын да өнері бар. Өзге балалар секілді ұялы телефонға мүлде қызықпайды. Қолы қалт етсе, кітап оқығанды жаны сүйеді, – дейді Жаннұрдың әпкесі Мадина Смағұлова.
Жаннұр қазірдің өзінде болашақта қандай маман иесі болатынын таңдап қойыпты. Өзінің айтуы бойынша, болашақта оташы-дәрігер болғанды армандайды. Қазірдің өзінде таланты тас жарып тұрған оқушы қыздың қандай маман иесі болса да жетістікке жететіндігі сөзсіз.

Шынболат Сейдуалиев,
Жаңатас қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.