Sport

Жаңа әлемге жол салады «Жас Отан»!

Таяуда Астана қаласында «Жас Отан» Жастар қанатының IV съезі өткені баршаға аян. Елорда төріндегі елеулі шараға облысымыздан елу делегат қатысып, үлкен әсермен оралды. Әрине, салмақты басқосуда салиқалы шешімдер қабылданатыны, алдағы міндеттер айқындалатыны белгілі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек осы мәселе төңірегіндегі ойларымен бөлісіп, «Жас Отан» бүгінгі таңда Мемлекет басшысының барлық бастамалары мен стратегиялық жоспарларының сенімді тірегіне айналғанын, бұл беделді ұйым мыңдаған білімді де белсенді жастардың, Қазақстанның нағыз патриоттарының басын біріктіріп отырғанын айрықша атап өтті.

– «Нұр Отан» партиясының негізгі 7 жобасы болса, оның ішінде жастарға арнайы екеуі бағытталған. Олар «Сәтті қадам» және «Жастар – Отанға» жобалары. Жыл басынан бері жасотандықтардың ұйытқы болуымен аталған жобалар аясында облыс бойынша 78 шара өткізіліп, оған 2 524 жас қатысты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақыттарда өз жалғасын таппақ.

Ал, ағымдағы жылдың 28-29 наурыз күндері Астана қаласында өткен «Жас Отан» Жастар қанатының IV съезі туралы әңгіме де, әсер де тіптен бөлек. Облыстан сайланған делегаттар құрамында «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері, белгілі спортшылар мен кәсіпкерлер, жайдарманшылар, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары, жұмысшы және ауыл жастары болды. Аталмыш басқосуда Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде, «Қазақстан-2050» Стратегиясында, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қойылған міндеттерді жүзеге асыру жайы кеңінен талқыланды. Ұтымды ұсыныстар, оралымды ойлар ортаға тасталды. Көп тілегін ескере келе, «Жас Отан» Жастар қанаты өз алдына бірнеше міндеттер қойды. Олар:
– жастар арасында компьютер сауаттылығын арттыруға ықпал ету;
– қазақ және ағылшын тілдерін дамытуға әсер ететін ортаны қалыптастыру;
– жастардың мәдени жайдарлылығы (culturalawareness) мен ақыл-ой ашықтығы деңгейін жоғарылату;
– жастар арасына салауатты мінез-құлық пен өмір салты қағидаттарын енгізу;
– жастар арасында кәсіпкерліктің жан-жақты дамуына және оны ынталандыруға ықпал ету.

Ол үшін «Жас Отан» Жастар қанаты нақты бастамаларды іске асыруға ниетті, – деді Уәлихан Болатбекұлы.
Айта кету керек, осы міндеттерді іске асыру барысында жасотандықтар алдыңғы қатарлы әдістемелер негізінде еліміздің барлық аймақтарында оқушыларға арналған тегін бағдарламалық курстар ашуға, әлемдік 10 бестселлерді және бизнес туралы 100 жақсы мақаланы қазақ тіліне аударып, оларды қолжетімді етуге, шетелдік және қазақстандық жас педагогтарды ауыл мектептерінде сабақ беруге тартуға бағытталған «TeachforKazakhstan» бағдарламасын ұйымдастыруға бел шеше кіріспекші екен.

Сондай-ақ, У.Болатбек қазақстандық прагматизмді дамыту мақсатында еңбексүйгіштік, қарапайымдылық, инабаттылық сияқты құндылықтардың жүйелі жүйесін қалыптастыру үшін жас қазақстандықтың Ар-намыс кодексі әзірленетінін атап өтті.

– Ұлттық бірегейлікті сақтау «Жас Отан» Жастар қанатының жұмысындағы маңызды басымдық болады. Біз өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтай отырып, әрқашан прогресс пен зайырлы өмір сүру салтын жақтауға тиіспіз. Бұл бағытта киім-кешектерде ұлттық киім элементтерінің пайдаланылуын дәріптеуге, заманауи ойын элементтерін (квестер, QR-кодтардағы мобильдік ойындар және т.б.) енгізе отырып, Қазақстанның төл әдет-ғұрыптарымыздың қаймағы бұзылмаған жерлеріне жыл сайын жастар экспедицияларын ұйымдастыруға баса назар аударылады. Сонымен қатар, отандық авиакомпаниялардың рейстерінде және теміржол вокзалдарында тақырыптық трансляция арқылы халыққа еліміздің әдет-ғұрыптық географиясы туралы ақпарат беру жүйесі қолға алынбақ. Және де, ұлттық мәдениетіміздегі зиянды архаизмдерді анықтап, олардың жастар ортасында қолданылмауына ықпал ету ойымызда бар.

«Жас Отан» Жастар қанаты цифрландыру саясаты аясында робототехникаға қатысты жарыстар мен стартап байқауларын ұйымдастырып, тәуекелі жоғары жобаларды қолдау саласында ұлттық заңнамаларды қабылдауға әрекет жасайды. Елде жоғары технологиялы бизнесті ендіруге арналған бизнес-инкубаторлардың желісін жасақтауға жағдай жасай отырып, балалар мен жастардың дағдыларын жетілдіруге күш саламыз, — деп Уәлихан Болатбекұлы съезд міндеттері төңірегіндегі сауалдардың түйіндерін тарқата түсті.

Тағы бір айта кететін жайт, Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шеңберінде жасотандықтар білім гранттарының мамандықтар, аймақтар, және ЖОО арасында тиімді бөлінуіне, жатақханалар салынатын орындардың дұрыс таңдалынуына тікелей араласпақ.

– «Жас Отан» Жастар қанатының «Жаңа әлемге жол саламыз» атты IV съезінің қорытынды құжатының негізгі бағыттары осындай. Маңызды міндеттердің жүйелі түрде жүзеге асатындығына сенім мол. Біздер «Нұр Отан» партиясының жастар қанатының өкілдері болғандықтан, елдегі әрбір өзгеріске құлшына араласып, оларды жүзеге асыруда алда тұруымыз керектігін түсінеміз, — деді жиын соңында Уалихан Болатбек.

Ғалия САДЫҚОВА

ПІКІР