"Топжарған"

Жаңа әлемге жол саламыз!

Осындай ұранмен Астана қаласында 
«Жас Отан» Жастар қанатының IV съезі өтті
Осыдан 10 жыл бұрын «Нұр Отан» партиясының жанынан «Жас Отан» Жастар қанаты құрылғанда екіұдай пікірде болғандар бар. Бір тарап «Тәуелсіз ел жастарының басын біріктіретін ұйым құрудың маңызы зор» десе, екінші жақ Жастар қанатының бәрібір баяғы комсомол ұйымының орнын баса алмайтындығын айтып, бүйректен сирақ шығаруға тырысты. Бірақ, «Жас Отан» сөзден гөрі іске басымдық беріп, жасқа тән жойқын жігерімен, батыл бастамаларымен сірескен сеңді бұзды. Оның төңірегіне озық ойлайтын, терең толғайтын, елін қолдайтын, жерін қорғайтын жастар топтасты. Білімдар, еңбексүйгіш, креативті замандастар жұмылған жерде алынбайтын қамал, бағынбайтын белес болмайтындығы бесенеден белгілі. Міне, осылайша Жастар қанаты Ұлы дала елінің ұландарын ұйытқан ұтқыр ұйымға айналды. Биылғы 28-29 наурызда елордамыз — Астана қаласында өткен «Жас Отан» Жастар қанатының IV съезінде бұған тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық.

«Отарбадағы» ойласу

Жалпы, Арқа төсіндегі алқалы басқосуға барлығы 1500 адам шақырылған. Олардың 600-і еліміздің әр аймағынан сайланған делегаттар. Бұл қатарда жамбылдық жастардың да өзіндік орны бар. Айта кету керек, салмақты съездің алдында облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының конференциясы өтіп, делегаттардың тізімі нақтыланды. Сөйтіп, ел ішінен іріктелген ең таңдаулы елу жастың Елордаға баратындығы белгілі болды.
Хош, сонымен сайдың тасындай іріктелген сайыпқыран саңлақтар Сарыарқаға жол тартты. «Жас Отанның» жауынгерлеріне «Сарығаш-Астана» поезынан тұтас бір вагон бұйырды. Әрі жас, әрі көшбасшы замандастарға бұйығып отыру жараса ма?! Облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбектің байыпты басқосуға лайықты атсалысу туралы пайымды пікірінен кейін ән мен әңгіменің тиегі ағытылды. Делегаттардың осалы жоқ. Мысалы, Исламбек Дастан жас та болса бас болып, бірнеше қоғамдық ұйымдарға жетекшілік жасауда. Тәуелсіздік құрдасы Шалқар Елемес Тараз қалалық №4 «Халыққа қызмет көрсету орталығының» басшысы. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары Жамбыл облысы бойынша штабының төрағасы Берік Үскембаев та көпке үлгі. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Айнил Әбдуәлі де жалынды жастың бірі. Ол жақында өңірде тұңғыш рет өткен «Үздік экскурсовод» байқауында бас жүлдені жеңіп алып, талайдың таңдайын қақтырған. Сол сияқты, «Жас Отан» Жастар қанатының жергілікті жерлердегі жетекшілері, оқу орындары жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағалары, қоғамдық бірлестіктердің көшбасшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік, тағы да басқа салаларда жетістікке жеткен жастар да жетерлік.
Жол ұзақ болған соң талқыланған тақырыптар ауқымы да кеңейе түсті. Елбасының дәстүрлі Жолдаулары, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы, мемлекеттік жастар саясаты, «Жас Отан» Жастар қанатының жарқын жобалары, жаңа съезден күтілетін нәтижелер төңірегінде оралымды ойлар ортаға тасталды. Қандай тақырып болмасын, заңғар ойлы замандастарымыздың еркін әңгіме қозғауы бізді ерекше сүйсінтті.
Тараз қалалық жастар орталығының бөлім басшысы Айбек Қадірәлиев пен Сарысу аудандық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Самат Тоқбанов оқыған патриоттық рухтағы өлеңдер де делегаттардың делебесін қоздырып, дүр сілкіндірді. Саматтың сазгерлік қасиеті де бар екен. Ол тіпті, гитараны қолға алып, өзі шығарған және кеңінен танымал әуезді әндерді әуелете шырқады. Оған бүкіл «жасотандықтар» қосылды. Осылайша «отарбаны» думанға бөлеген делегаттар Астанаға қалай жеткендіктерін де байқамай қалды.

Секциялық жұмыстардың салмағы бөлек

Екі күнге созылған съездің алғашқы шаралары «ЭКСПО» қалашығындағы Конгрес-орталықта өтті. Жалпы, жаңашылдыққа бет бұрған «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері бірінші кезекте өздерінің Орталық кеңсесін түбегейлі өзгертіп, «open spase» форматына көшкені белгілі. Кезекті съездің ашылуында әдеттегідей баяндамалар оқылмай, сұрақ-жауап тәсілі қолданылды. Съездер аралығындағы кезең бойынша есеп берген «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев ұйымның өткеніне шолу жасады. Биылғы жылдың басында «Жас Отанның» тарихында алғаш рет Орталық кеңеске сайлау онлайн тәсілімен өткен. Бұл ашық бәсекеде еліміздің әр түкпірінен 363 үміткер өз кандидатурасын ұсынып, олардың 16-сы Орталық кеңес мүшелігіне енген. Жеңіске жеткендердің қатарында жерлестерімізден облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек пен Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа да бар.
Съездің ресми ашылуына арналған жиыннан кейін қатысушы делегаттар бірнеше топқа бөлініп, түрлі тақырыптарда пікір алмасты. Атап айтқанда, «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация» және «Саламатты ұлт» тақырыптарында өткен секциялық жұмыстарда жасотандықтар ұлттық жаңғырту процесін идеялық кеңістікте жүргізу, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру сынды ауқымды тақырыптар төңірегінде ашық алаң құрды.
Ұлттық музейде өткен «Рухани жаңғыру» бағытының жұмысына қатысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттер аясында атқарылған ауқымды жұмыстарға назар аударды. Аталған секцияға Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов, Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш спикер ретінде қатысып, бағдарлама аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Съезд аясында жастардың бір легі Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын Тұяқовтың, «Қазпошта» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтің, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі төрағасының орынбасары Павел Коктышевтің «Цифрлы Қазақстан» тақырыбы бойынша дәрістерін тыңдады.
Өзге сессияларда да жастар мол мағлұматқа қанықты. Ел дамуына тікелей қатысты елеулі бастамалар бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Бұл қатарда жамбылдық делегаттардың да ерекше белсенділік танытқанын айта кеткен жөн.

Ұсыныс пен ұмтылыс

Алқалы басқосудың екінші күні Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, Үкімет басшысының орынбасарлары және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өткен гала-форуммен жалғасты. Шараның ашылу салтанатында Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Құттықтау хатын Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді. Онда Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында жаңа заман талаптарына бейімделу мен жетістіктерге жетудің жолдары қарастырылғанына баса назар аударған.

«Осының барлығында мен жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп, соған басымдық бердім. Өйткені сендер еліміздің ертеңі ғана емес, мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар. Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып білуге, ең бастысы, әрқайсыңды өз салаларыңда әлемнің ең озық мамандарымен иық тірестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырамын. Сендер, ата-бабаларымызға арман болған, біздің буын негізін қалаған Тәуелсіздікті баянды етіп, біздің жеңісті жолымыз бен жасампаз дәстүрімізді лайықты жалғастыруға тиіссіңдер!

«Жаңа әлемге жол саламыз» деген съездің атауы да жастарымыздың жаңашылдыққа ұмтылысын аңғартып, көңілге қуаныш ұялатады. Мен сендердің тың бастамаларыңды әрқашан қолдаймын! Ендеше жаңа әлемге салған жолдарыңыз әрдайым ашық әрі даңғыл болсын!», — делінген Елбасы құттықтауында.

Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында еліміздегі жастар саясатын жаңғырту жайына ерекше көңіл бөлген болатын. Бұл «Жас Отанның» жаңа қарқынмен жұмыс істеуіне де тың серпін берді. Осы міндеттердің үдесінен шығу жолында «Жас Отан» Жастар қанаты мыңдаған жастың саяси және өмір мектебіне айналғанын жастар ұйымының төрағасы Данияр Сүндетбаев атап өтті.

Бұдан соң кезектесіп сөз алған жастардың әр саладағы көшбасшылары Елбасының, мемлекеттің қамқорлықтарын, жылуын сезінгендегі ішкі толғаныстары мен тебіреністерін жеткізді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев съезді қорытындылай келе, Мемлекет басшысының жастарға ұдайы қолдау білдіріп, білікті маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасап келе жатқанын айтып өтті.

–Съезд кезінде ұтымды ойлар мен өзекті пікірлер айтылды. Жастарымыз белсенділік танытып, түрлі ұсыныстармен шықты. Ең бастысы, креативті, заманауи, ел жастарының бағыт-бағдарын айқындаған нәтижелі съезд өткіздік деп айтуға толық негіз бар. Біз осы жолы осындай аясы кең жиынды жаңа форматта, тың бағытта өткізуге болатынын көрсеттік. Сол арқылы «жасотандықтар» ашықтықтың озық үлгісін танытты. Сондықтан, бұл съезді «Жас Отан» Жастар қанатының жаңғыруының жарқын көрінісі ретінде қарастыруға әбден болады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар, партия Төрағасының бірінші орынбасары биылғы съезд «Нұр Отан» партиясының, «Жас Отан» Жастар қанатының бүгінгі бағыт-бағдарын, бет-бейнесін айқын көрсетіп бергенін тілге тиек етті.

– Біз осы съезд арқылы жаңа әлемге ұмтылып, дамудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. Мақсатымыз – анық, бағыт-бағдарымыз – айқын. Алдымызда Елбасы белгілеп берген абыройлы міндеттер тұр. Сол көздеген межеге қол жеткізу үшін жұдырықтай жұмылып жұмыс істейік! Біз берекелі тірліктің бастауы бірлікте ғана екенін батыл іс-әрекетімізбен дәлелдеуіміз керек. Осы жолда барша қазақстандық жастарға үлгі-өнеге көрсетуге тиіспіз, – деді.

Сондай-ақ, М.Әшімбаев «Жас Отанның» алдағы уақытта атқарар жұмыс жоспарына назар аударып, бірқатар нақты міндеттерді айқындап берді.
Айта кетейік, съезд алғаш рет VR, яғни виртуалды шынайылық форматында онлайн режимде көрсетілді. Соның нәтижесінде форум жұмысын қазақстандық жастар ғана емес, әлемнің барлық интернет қолданушысы 360 градуста көруге мүмкіндік алды. Бұл – биылғы съездің басты ерекшеліктерінің бірі. Жиын соңында «Жас Отан» Жастар қанатының алдағы бағыт-бағдарын айқындап берген жаңа құжат қабылданды. «Жаңа әлемге жол саламыз» атты бұл құжатта еліміздегі жастар саясатына тың серпін беретін игі бастамалар мен «жасотандықтардың» ұйымның дамуы және еліміздегі жаңғыру үдерістеріне қатысу жөніндегі стратегиялық міндеттері көрсетілген.

Съезд соңында барлық қатысушылар халқымызға кеңінен танымал «Атамекен» әнін қосыла шырқап, естелік суретке түсті.

Тұрсынбек Сұлтанбеков

ПІКІР