ЖАҢА АТАУҒА ИЕ БОЛҒАН«ОТБАСЫ» БАНКІНЕН ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТЕМІЗ?

0 3

Сиыр жылы елімізде бірқатар жаңашылдықтар мен өзгерістер орын алуда. Көп өзгерістің бірі халықты баспанамен қамту саласына да енгізілді.

Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары тұрғын үй қорының жекешеленуі, бағаның еркіне жіберілуі, еліміздің нарықтық экономикаға өтуі барысындағы түрлі үдерістер мен теңге құнының құбылуы секілді жайттар жұртшылықтың баспана сатып алуын айтарлықтай қиындата түсті. Десе де мемлекетіміздің халықты тұрғын үймен қамту мәселесін басты назарда ұстауының арқасында түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, нәтижесінде тұрғындардың басын ауыртып, балтырын сыздатқан баспана мәселесі оң шешімін таба бастады. Бірақ табысы тым аз, айлығы шайлығынан артылмайтын отбасылардың үй алсам деген ниеті осы күнге дейін арман күйінде қалып келді. Дегенмен 2021 жылдан бастап аталған мәселенің де түйіні тарқатылатын болды.
Жалпы жаңа тұрғын үй саясаты әр қазақстандықтың тапқан табысына қарай баспаналы болуын көздейді. Қандай да бір бағдарламамен үй алуға мүмкіндігі келмейтін, яғни табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтіндер енді жалдамалы пәтерде тұра алады. Көп көңілінен шыққан игі істі жүзеге асырушы бұрынғы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы биылдан бастап атауын «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамы деп өзгертті. Банктің ребрендинг жасауына байланысты пікір білдірген «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова салаға енгізілген жаңашылдық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың мамыр айында жүктеген тапсырмасының жүзеге асып жатқанының көрінісі екенін айтады.
– Банктің жаңа атауға ие болуы – халыққа жақын болуымен тікелей байланысты. Ал акциялардың мемлекеттік пакетін иеленуге және пайдалануға 100 пайыз құқығы бар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы оның жалғыз акционері болып қала береді. Қаржы құрылымының мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының операторы міндетіндегі қызметіне де өзгеріс енбейді. Демек, бұл жерде банктің заңды тұлға ретіндегі ресми атауы ғана өзгеріп отыр. Сонымен қатар биыл аталған банк баспанаға мұқтаж жандарды тіркеу, есепке алу, тұрғын үйлерді үлестіру жұмыстарын бір орталықтан жүзеге асыратын толыққанды даму және қолдау институтына айналады. Ал бұл міндеттерді іске асыру үшін кезекке қою жүйесін әкімдіктер «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкiне» тапсырып, тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Баспанамен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарланған. Бұл жағдайда тұрғындарымызға баспанаға мұқтаж екенін растау үшін бірнеше мекемеге жүгініп, кезекте тұрып, ізінше несие алу үшін банкке келіп, қысқасы әуре-сарсаңға салынбай, мәселесін бір орталықтан шешу мүмкіндігі туып отыр. Банктің дамыған инфрақұрылымы, ақпараттық және технологиялық қоры тұрғындарымызды, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарымызды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетеді, үй алуға кезек құру жүйесін басқару мүмкіндігін кеңейтеді, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға баспана алу рәсімін оңтайландырады. Сондай-ақ банк 1,7 миллионнан астам салымшы мен 181 мыңға жуық займ алушыға қызмет көрсетуін жалғастыра отырып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберіндегі өзінің негізгі қызметімен айналыса береді, – деді Ляззат Ибрагимова.
Бүгінгі күні банктің депозиттік портфелі 976 миллиард теңгені құрапты. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 1 триллион теңгеге жетеді деп күтілуде. «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамы облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Бердияр Құттыбаевтың айтуынша, облыста банктің 68 мың 278 салымшысы бар екен. Оның ішінде 3 553 адам баспана несиесін алған. Алдағы уақытта өңірдегі салымшылар саны еселене түсетініне сеніміміз мол. Өйткені «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» халықтың арнайы ипотекалық бағдарламаларға қатысуын қамтамасыз ету, жалдамалы немесе қызметтік пәтерге ие болу сынды мемлекеттік қолдау тетіктерін жүзеге асырушы, яғни еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір қаржы ұйымы.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.