Қоғам

Жаңа атаулы әлеуметтік көмек қалай тағайындалады?

Written by Aray2005

Келер жылдан бастап елімізде барлық көпбалалы аналарға жаңа атаулы әлеуметтік көмек беріле бастайды. Бұл қолдаудың атаулы әлеуметтік көмектен бір айырмашылығы, отбасылық кіріске қарамастан жасалады. Түсіндіре кетсек, жаңа атаулы әлеуметтік көмек алушылардың отбасында 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған немесе арнаулы орта, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалар болуы керек. Бұл ақжолтай хабар апта басында Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысынан жетті. Үкімет мүшелері атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілін зерделеу және оны әділетті берудің мән-жайын қарады.

Сонымен, келер жылдан бастап еліміздегі барша көпбалалы аналар мемлекеттің тағы бір тамаша қолдауын айқын сезінетін болады. Оларға жәрдемақымен бірге атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Оның сомасы отбасындағы балаларының санына қарай 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейінгі аралықта болмақ.
Бұған қоса мұндай отбасылар кепілдікті әлеуметтік топтаманың көмегіне жүгіне алады. Көмектің бұл түрінен мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар да қалыс қалмайды. Оларға аталған әлеуметтік төлемдер мүгедек балаларға төленетін жәрдемақыны есепке алмастан төленеді. Бүгінгі таңда елімізде ана мен балаға қатысты жәрдемақының 10 түрі бар екенін айта кету керек.
Әлеуметтік төлем жасау жүйесіне Елбасы – Тұңғыш Президенттің бастамасымен енгізілген өзгеріске сай ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап отбасындағы кәмелеттік жасқа толмаған әрбір балаға 20 789 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып келді. Әлеуметтік қолдаудың аталған шарасы 417 мың қазақстандық отбасыны немесе 2,1 миллион отандасымызды қамтыды.
Көмектің бұл түріне 179,5 мың жамбылдық қол жеткізген. 9 ай ішінде оларға атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 14,5 миллиард теңге жұмсалған.
– Негізінен атауы әлеуметтік көмек алушы 17 мың жамбылдық отбасы көпбалалы жанұяға жатады. Осыған орай атаулы әлеуметтік көмек алушы көпбалалы отбасылардың құрамынан балаларды шығарып, оларға табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақы тағайындау жүйесі енгізілмек. Ал атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болып, одан өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы тиіс. Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындау фактілерінің жиілеуіне байланысты оны беру тетіктерін түзету жайы қарастырылып жатыр. Әсіресе көмек алушы отбасылардың табыстарын жасыру мүмкіндіктерін барынша шектеу амалдары қарастырылады. Бір сөзбен айтқанда атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы тетігі түзетілетін болады,– дейді облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ жаңа атаулы әлеу­меттік көмек аясында табысы аз отбасы­лардан шыққан балаларға кепілді әлеуметтік топтама енгізілмек. Көмектің бұл түрі мектеп жасына толма­ған балаларды тамақпен, гигиена­лық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз ету арқылы жүргізіледі. Мұнан бөлек аз қамтылған отбасыларынан шыққан мектеп оқушыларына ыстық тамақ, жол ақысы мен мектеп формасы, оқу құралдары мемлекет есебінен беріледі.

ПІКІР