Жаңа атаумен жаңғырған жасампаз шаһар

0 6

Тәуелсіз қазақ тарихында Нұр-Сұлтан қаласы өзіндік маңызға ие. Соңғы 30 жылда әуелі Ақмола, кейіннен Астана, екі жыл бұрын ғана Нұр-Сұлтан аталған қала ел өміріндегі ең маңызды шешімдер қабылданатын әкімшілік-іскерлік орталыққа айналды. Қазақстанмен бірге күллі әлем елдеріне ортақ мәселелердің де түйінін тарқатуға төр ұсынған шаһардың Нұр-Сұлтан атанғаннан кейінгі тыныс-тіршілігінде жаңалық көп.

Халқының саны жыл сайын орта есеппен 40-45 мыңға адамға өсетін қала тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешілуін қажет етеді. Бұл орайда Мемлекет басшысының қолдауымен қала билігі Елорданы қолайлы қалаға айналдыруға ден қойды.
Соңғы екі жылда шаһардың жекелеген тұрғын алаптары газдандырылып, жаңа мектептер мен ауруханалар, басқа да халыққа қажет әлеуметтік нысандар салынды. Үлескерлердің де мәселесі өз шешімін тапты. Қаланы көгалдандыру, тұрғындардың демалысын ұйымдастыруға баса мән берілді.
Елорданың атауы ауысып, ел өміріндегі ең елеулі өзгерістердің ізін ала бас қаланың әкімі ауысты. Бұл қызметке жаңадан кіріскен Алтай Көлгінов қарбаласқа толы қала тіршілігін ә дегеннен-ақ қолына алды. Қала тұрғындарының әлеуметтік мәселесі де шаһар басшысының назарынан шет қалмады.
2019 жылдың маусым айында қала әкімдігінің қолдауымен тұрғын үй-коммуналдық сектордағы ұйымдардың қызметін ұсынатын «іQala» қалалық қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл орталық баспанамен қамту ісінде ашықтықты қамтамасыз етіп, жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік берді.
Сол секілді «Жанұя» отбасылық институтты қолдау орталығы да іске қосылып, азаматтарға «бір терезе» қағидатымен заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік қызметтер көрсетіле бастады. Тек жыл басынан бері орталыққа әртүрлі мәселемен 23580 азамат келген. Қала тұрғындарының мемлекеттік органдарға жүгінуінің себеп-салдары сараланып, елордалықтарды баспана мәселесі көптеп толғандыратыны белгілі болды. Осылайша бұл салада тиісті қызмет ұсынатын «Тұрғын үй» орталығы құрылды.
Жалпы Нұр-Сұлтан қаласында 48 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен жылы елордада 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Тұрғын үйлердің 80 пайызы жеке инвестиция есебінен бой көтерді.
Мемлекет басшысының Нұр-Сұлтан қаласындағы қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемін үш есеге арттыру тапсырмасы өз деңгейінде орындалды. Әлеуметтік сала мамандары мен өрт сөндірушілер, мәдениет, спорт және полиция қызметкерлеріне арнап әлеуметтік баспаналар берудің жүйесі түзілді.
«Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы да аз уақыттың ішінде өз тиімділігін дәлелдей алды. 2019 жылы қалада 2900 әлеуметтік пәтер берілсе, биыл бұл көрсеткіш 10 мыңға дейін ұлғаймақ. Бағдарлама жүзеге асырылған екі жыл ішінде бір мыңнан астам жас отбасы баспаналы болса, биыл олардың қатарын 300 жас отбасы толықтырады.
Президенттің тұрғын үй қатынастары саласындағы тағы бір тапсырмасына сай «сақалды» құрылыс нысандарының санын азайтуға баса мән берілді. 2019 жылдан бері 30-ға жуық үлескерлік тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Қалған 22 нысанның құрылысы алдағы 2 жылдың ішінде аяқталады. Үлескерлік құрылыстардың қайта жандануы есебінен жыл соңына дейін 10 мыңға жуық отбасы баспаналы болады. Айта кетерлігі, бұл нысандардың кейбірінің құрылысы 15-16 жыл бұрын басталған-ды. Сондай-ақ екі жылда 400-ден астам елордалық отбасы апатты жағдайдағы ескі үйлерден көшірілді. Биыл тағы 200-ден астам отбасы көшірілмек.
Елорда тұрғындары үшін баспанамен бірге әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі де үлкен мәселе саналады. Мысалы алдағы 10 жылда қаладағы мектеп оқушыларының жалпы саны 400 мыңға жетпек. Бұл дегеніңіз қосымша мектеп құрылысын қолға алуды қажет етеді. Соған сай алдағы бес жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 80880 оқушыға арналған 67 мектеп салынады. Өткен жылы пандемияның өршігеніне қарамастан елордада 11 мектеп жаңадан бой көтерді. Ал қазір шаһарда 16 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Елордада астаналық стандартқа сай келетін медициналық кластер қалыптасқанын да мақтанышпен айтуға болады. Бұл орайда қала әкімдігі «Қадамдық қолжетімдік» қағидатына басымдық беріп отыр. Аталған қағидаға сай бас қалада 30 «Үй маңындағы дәрігер» нысаны ашылып, 5 медициналық мекеме салынады.
Қазір бас қалада 16 тұрғын алап бар. Өткен жылы осы тұрғын алаптарды газдандыру қолға алынды. «Сарыарқа» магистральды газ құбыры арқылы Қызылорда облысынан Нұр-Сұлтанға газ тартылды. Көгілдір отын әуелі «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, №29 орта мектеп сынды әлеуметтік нысандармен бірге «Көктал-1» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарына келді. Жыл соңына дейін қала маңындағы 10 елді мекен толығымен газға қосылады. Елорданы толықтай газдандыру 2023 жылы аяқталады.
Өткен жылы қабылданған «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» жоспары елордада жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау, қаланың үздіксіз тіршілігін қамтамасыз ету, қала ішіндегі көлік жолдарын кеңейту, жасыл желектер мен веложолдар санын көбейту, көпірлер салу және қаланы дамыту сынды мәселелерді қамтиды.
Биыл бас қалада демалыс орындары мен жасыл желекті аймақтар айтарлықтай көбейеді. Ал өткен жылы алғаш рет көпір астындағы алаңдарды мақсатты пайдалану бастамасы қолға алынды.
Сарайшық көшесіндегі «Арқар» көпірінің астында спортпен айналысуға арналған бірнеше аймақ ашылып, саябақ аумағында футбол алаңдары орнатылды. Былтыр 148 аула мен 60 қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Биыл 150 аула мен 28 қоғамдық кеңістік абаттандырылады.
Әлемдік пандемия қаладағы жекелеген салаларға өз әсерін тигізгенімен Нұр-Сұлтан қаласының қарбаласқа толы тіршілігі тұраламады.
Карантиндік шектеу шаралары кезінде 97 мыңнан астам жеке кәсіпкер жалпы сомасы 31 миллиард теңгені құрайтын салықтық жеңілдіктерге ие болды. Мемлекеттің меншігіндегі ғимараттарды жалдап отырған кәсіпкерлер жалдау ақысын төлеуден уақытша босатылды.
Коронадағдарысқа қарсы 2 миллиард теңге бөлініп, 500-ге жуық жоба қолдау тапты. Пандемия кезінен отандық тауар өндірушілерге ерекше назар аударылды.
Өткен жылы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры Елбасы тапсырмасымен бой көтерген еңселі жаңа ғимаратқа көшті.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Наурыз-2021» ұлттық сыйлығы тағайындалды. Көрнекті күйші, композитор Секен Тұрысбек аталған сыйлықтың алғашқы иегері атанды.
Былтыр елорда ақын-жазушылары бас қосатын «Жазушылар үйі» ғимараты Жазушылар одағының астаналық филиалына берілді. Оң жағалауда «Қаламгерлер аллеясы» ашылып, сол жерге үш бәйтерек Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиннің ескерткіштері орнатылды.
Міне, осылайша күн санап көркейіп келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласы мәуелі бәйтеректей жайқалып келеді. Аз уақыттың ішінде осылайша жасарған, жасампаз, жас қала әлі талайды таңғалдыратынына бек сенімдіміз.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы «ARAI» үшін

Leave A Reply

Your email address will not be published.