Жаңа балабақша балдырғандарды қабылдады

0 1

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қордай ауданында есігін айқара ашқан нысанның бірі – «Нұрсила әже» балабақшасы. Мерекеге орай тұсауы кесілген ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, Қордай ауылының әкімі Бақыт Сахатов және Қордай ауданының Құрметті азаматтары Төле Сүгірбай мен Ақлима Қабылбаева қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Аудан орталығынан орын тепкен «Нұрсила әже» балабақшасы Қордайдың сәнін кіргізер ғимараттың бірі десек артық айтқандық емес. Қос қабатты зәулім ғимарат алыстан менмұндалап, жарқын түсімен көз тартып тұр. Ашылу салтанатына жиылған қалың жұрттың қуанышында шек жоқ. Бірі баласын, енді бірі немересін жетектеп келген әжелер саны көптеп кездеседі. Қордайлықтарды осынау қуанышпен құттықтап келген Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай сөз алып, әуелі тұрғындарды ҚР Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

– Бал тілді баланың былдыр тілі мен шат күлкісінен асқан шаттық барма. Бүгінде еліміз көркейіп, гүлденіп, озық елдердің арасынан ойып орын алды. Сол мемлекетіміздің болашақта тұтқасын ұстайтын осы жандар. Мемлекет бүгінде ертеңін ойлап осылардың барлық жағдайын жасауда, – деп осындай тұрғындар игілігіне жасалған балабақша басшысына алғысын айтып, істеріне береке тіледі. Содан кейін сөз алған ауданның Құрметті азаматы Ақлима Қабылбаева мен ардагер ұстаз Зәуре Жұмабаева барша қонақтарды айтулы мерекемен құттықтап, балабақша ұжымына сәттілік тіледі. Жаңа бой көтерген нысанның салтанатты түрде тұсауын кескен Төле Аманжолұлы мен Ақлима Ескендірқызы лентасын қиды. Шашуы шашылып, есігі ашылған балабақшаның ішкі көрнісін көруге асықты. Тамашалығы таңдай қақтыратын балабақшаның балақайлары да мәз-мейрам. Қолдарында қос-қостап ойыншық ұстаған бүлдіршіндерді көргенде еріксіз балалық шаққа жетелейді. Жетпіс бес орынға арналған ғимаратта тәрбиеленушілер үшін жағдайдың барлығы жасалған. Мұнда да үш тілде сабақ өткізіледі. Музыкаға, биге, спортқа әуістігі бар балалар үшін де керектінің барлығы қарастырылып, арнайы хореограф пен жаттықтырушы қызмет етеді. Жаңа ашылған орынмен құттықтай келген қонақтарға өз кезектерінде бүлдіршіндер өлеңдерін айтып, ән салып, би билеп, көңілдерін көтерді. Осындай игі істі бастаған жеке кәсіпкер Лида Бегалиеваның еңбегін айрықша айта кеткен жөн. Сондай-ақ, бұл балабақшаға ауданда ұзақ жылдар басшылық қызметте болып, ерен еңбегімен ерекшеленетін Нұрсила Оспаналықызының есімі берілгенін айта кеткен жөн. Ауданның құрметті азаматтары Төле Аманжолұлы мен Ақлима Ескендірқызы сол жылдары бірге атқарған қызметтерін атап, естелік сәттерін айтып, бүлдіршіндерге болашақта Нұрсила әжесіндей болуды тілеп, ақ баталарын берді. Аталмыш балабақшаға екі бірдей немересін алып келген Бағлан Абдиева «Балалар үшін осындай керемет дүниелерді жасап жатқан әуелі Елбасына, содан кейін

аудан басшылығы мен балабақша басшысына алғысым шексіз. Осындай зәулім балабақша ашылып, біздің үйдің бір мәселесі шешілгендей болды» –деп ағынан жарылып, алғысымен қатар, «Нұрсила әже» ұжымына алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тіледі. Салтанатты іс-шара соңы қонақтарға дастарқан жайылып, есімі берілген Нұрсила Оспаналықызына арналып, Құран оқылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.