Жаңа форматта қызмет көрсететін орталық Қордайда ашылды

0 0

Қордай ауданында  «Сервистік әкімдік» және  «Қордай – адалдық алаңы» кеңселері ашылды.
Сервистік әкімдік кеңсесі «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет атқарады. Кеңседе мемлекеттік қызмет көрсететін бірқатар мекеме бір жерде шоғырланған. Жобаның көздегені халықтың мемлекеттік қызметшілерге сенімін арттырып, жемқорлық деңгейін төмендету. Сондай-ақ, бұл жаңашылдық көрсетілетін қызметтің сапасын көтеріп, халықтың цифрлық сауаттылығын жетілдіруге де оң ықпал етпек.
Жаңа форматта қызмет көрсететін кеңсе «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асқанын атап өткен жөн. Бір кеңсеге шоғырландырылған мемлекеттік қызмет көрсететін мекеме өкілдері тұрғындарға тиісті ақпарат беріп, қызмет етеді. Өз кезегінде тұрғындар өздеріне қажетті 27 қызмет түрін осы орталықтан ала алады.
Сервистік әкімдіктің ашылуына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, ақпараттық-түсіндіру штабының төрағасы Қасымхан Төлендиев және «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жувандикова қатысты. Аудан әкімі Рүстем Дәулет облыс орталығынан келген қонақтарды кеңсемен таныстырып өтсе, олар өз кезегінде «Сервистік әкімдікке» оң бағасын беріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, аталмыш орталықтың жанынан «Қордай – адалдық алаңы» кеңсесі ашылды. Жалпы мұндағы мақсат – азаматтардың билік басындағыларға сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету мен сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастыру. Адалдық алаңында бірнеше қызметкер жұмыс істемек, Равиль Төлебаев кеңсеге жетекшілік еткен Расул Беделбаевпен сұхбаттасып, олардың жұмысының маңызыдылығы мен үлкен жауапкершілігін атап өтіп, сәттілік тіледі.
ҚР  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев «Қордай – адалдық алаңы» кеңсесінде бірнеше тұрғынды қабылдады. Аудан тұрғындары өздерінің шеше алмай жүрген проблемаларын алға тартты. Олардың басымы жас мұғалімдер болғандықтан, басты мәселе – «Дипломмен ауылға» жобасына қатысты болды. Равиль Төлебаев әр тұрғынның проблемасына жекелей тоқталып, өз кеңесін беріп, оны шешу жолдарын қарастырды. Осы орайда, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріліп, тұрғындардың тілегі назарға алынды.

Осыдан кейін облыс орталығынан келген қонақтардың қатысуымен аудан әкімдігінде жиын өтті. Бұл кездесуге аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары, өзге де мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Равиль Төлебаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды тапсырғанын тілге тиек етіп, Президент сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ», деген сөзін атап өтті. Сондай-ақ, Равиль Төлебаев осы мақсатта Жамбыл облысында өткен жылдың желтоқсан айында ағартушылық штаб құрылып, әр ауданда кездесулер де ұйымдастырылып жатқанын айтты.
Аталған штаб бүгінгі таңда өз жұмысын жалғастыруда. Штабтың төрағасы Қасымхан Төлендиев бұл жемқорлықпен күресудің тиімді тәсілдерінің бірі екенін жеткізіп, жұмысының мақсатына кеңінен тоқталды. «Жалпы, штабтың мақсаты да адамдардың моральдық-этикалық түсінігіне ықпал етіп, адал әрі ашық қоғам қалыптастыру. Ең бастысы – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру», – деді ол.
Жиында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жувандикова да өз ойын ортаға салып, кездесуге қатысушылармен сұхбат құрды. Ал, аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов облыстан ат терлетіп келген қонақтарға алғысын айтып, Президенттің жемқорлыққа қарсы мәселелері бойынша бастамасын қолдайтындарын жеткізді

Leave A Reply

Your email address will not be published.