"Топжарған"

Жаңа маусымдағы жаңа леп «Тараз» алғашқы ойынын кубоктық кездесуден бастайды

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымы басталды. Өткен жексенбіде жалауы желбіреген ел біріншілігінде ірі есептермен қатар, күтпеген нәтижелер де тіркелді. Бұл маусымда төменгі лигаға түсіп қалған жерлестеріміз, «Тараз» футбол клубы өнер көрсетпегендіктен, кездесулер басталмай тұрып көңілімізде жабырқау болғанын жасырмаймыз. Десе де, футболдың аты — футбол. Сондықтан, ел чемпионатының жаңалықтарынан жанкүйер ретінде шет қалуға біздің құқығымыз жоқ.

Сонымен, маусымашар турдың алғашқы голын «Ертіс» ойыншысы Павел Шабалин «Атырау» қақпасына соқты. Павлодарда өткен кездесуде есепті алаң иелері ашып, артынша румыниялық легионер Дору Попадюк «Ертістің» ұпайын еселей түсті. Ал, 90 минут түгесілер тұста «Атыраудың» хорватиялық қорғаушысы Томислав Барбариче есеп айырмасын бір голға қысқартты. 2:1 нәтижесімен аяқталған кездесуде «Ертіс» үш ұпайды еншісіне жазды. Айта кетейік, екі клуб та биылғы маусымда бас бапкерлерін ауыстырды. «Ертіс» тізгінін 33 жасар испаниялық маман Жерард Нус қолына алса, «Атырау» клубының бапкерлігіне Вахид Масудов тағайындалды. Осылайша екі жаңа жаттықтырушының жекпе-жегі алғашқысының пайдасына шешіліп отыр.

Ал, алматылық «Қайрат» өз алаңында премьер-лиганың дебютанты петропавлдық «Қызыл-Жар СК» командасын қабылдады. Ойынның 26-минутында сербиялық легионер Братислав Пуношевиц «Қайрат» қақпасынан саңылау тауып, көпті таңғалдырды. Алматылық клубты осылайша састырған «қызылжарлықтар» бірінші таймды 0:1 есебімен аяқтады. Алайда, матчтың екінші бөлігінде ойын өрнегі мүлде өзгеше өрілді. Ел чемпионатының бірнеше дүркін күміс жүлдегері «Қайрат» қауқарын көрсетіп, Исаэль мен Аршавиннің голы алматылықтарды жеңіске жетеледі.

Ал, Қызылордаға екінші құраммен барған «Ақтөбе» күтпеген жерден жеңіске жетті. Кездесудің 75-минутында «ақтөбелік» жартылай қорғаушы Асланбек Кәрімов гол соғып, «Қайсарды» қосалқы құраммен-ақ тізе бүктірді.

Дәл осы есеп Талдықорғанда да тіркелді. Қостанайлық «Тобылды» қабылдаған «Жетісу» жеңіліс тапты. Ойындағы жалғыз голдың авторы — қостанайлық клубтың жаңа шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек.
«Ордабасы» мен «Шахтер» арасындағы кездесу 2:1 есебімен аяқталды. Ойынның 22-минутында Еркебұлан Тұңғышбаев «Ордабасыны» алға шығарса, 51-минутта «Шахтердің» сербиялық шабуылшысы Дамир Кояшевич есепті теңестірді. Десе де, араға он минут салып өзбекстандық легионер Иван Нагаев жеңіс голын соқты. Бұл екі команданы да биыл жаңа бапкерлер жаттықтыруда. «Шахтердің» мәртебесін белоруссиялық маман Владимир Журавель асыруға бел буса, «Ордабасының» ойынын болгариялық Георги Дерменджиев жаңа дәрежеге жеткізуді көздеп отыр. Әзірге Дерменджиевтің жоспары жүзеге асып жатқандай.

Елордалық «Астана» клубы болса, маусымды өте сәтті бастады. Команда 4 наурызда алматылық «Қайратты» 3:0 есебімен ойсырата ұтып, үш дүркін суперкубок иегері атанса, премьер-лиганың алғашқы кездесуінде де айы оңынан туды. «Ақжайықтың» адымын аштырмаған елордалықтар кездесудің 9-минутында есеп ашып, екі таймда есепті 3:0-ге жеткізді. Гол авторлары: Марин Томасов, Сергей Малый және Серік Мужиков. Айта кетейік, «Астананың» бапкері Станимир Стойлов ұлттық құраманың бас бапкерлігіне тағайындалуына байланысты қазір клуб ойыншыларын Григорий Бабаян жаттықтыруда. Бұл маманның басшылығымен де команда жақсы нәтижеге жетіп отыр.

Премьер-лиганың алғашқы турында тең нәтиже тіркелген жоқ. Турнир кестесінің алдыңғы алтылығы 3 ұпайдан иеленсе, кейінгі алтылық әзірге 0 ұпаймен тұр. Бірінші турдың қорытындысы бойынша көптен қара үзіп шыққан мергендер жоқ. Ең көп гол соққан – «Астана» клубы. Одан кейінгі орында – «Ордабасы», «Қайрат», «Ертіс». Содан кейінгі орында бір-бір доптан соққан «Тобыл», «Ақтөбе», «Атырау», «Қызыл-Жар СК» командалары жайғасқан. Қарымта кездесулер 17 наурызға белгіленуде.

Ал, «Тараз» Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарынан жуырда оралды. Бірінші лиганың ойындары 1 сәуірден бастау алатындықтан, әзірге командалардың кездесу күнтізбесі белгіленген жоқ. Десе де, жерлестеріміз 20 наурыз күні өз алаңында павлодарлық «Ак-бет» командасымен ҚР Кубогы сарапқа салынатын турнирде күш сынасады.

Футболшыларымыз оқу-жаттығу жиындарында бес кездесу өткізіп, оның екеуінде жеңіліп, екеуінде жеңіп және бір мәрте тең түскенін ескерсек, маусымды бастауға «тараздықтар» жалпы дайын деуге негіз бар. Сондай-ақ, клуб негізгі ойыншыларын жасақтап, қатарын жаңа есімдермен және білікті спортшылармен толықтырды. Олардың сапында Абзал Таубай, Бауыржан Байтана, Тимур Байжанов сынды Жамбыл футболына жақсы таныс ойыншылар бар. Даңқты бапкер Ваит Талгаев баптайдын жерлестеріміз осы құраммен жанкүйерлерді жерге қаратпай, алға ұмтылады деп сенеміз. Тек, бір емес шыр айналдырған қырсық қайта шалмаса болғаны…

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР