Жаңа медиа: Көш соңында қалмаудың креативті жолы қандай?

0 11

Сәт сайын жаңғырған цифрлық технологияның алтын дәуірі қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енді. Әсіресе, журналистикада қоғам цифрландыруға бет бұрғалы жаңа медиа деген ұғым қалыптасты. Ә дегеннен дәстүрлі медиаға қарағанда өзінің жылдамдығымен, мол мүмкіндігімен ақпарат кеңістігіндегі бәсекелестікке ие болған жаңа медианы қазақ журналистикасы да жатсына қоймады. Есесіне БАҚ халыққа жедел әрі шынайы ақпарат беруге көшті. Дегенмен, жаңа медианы дамытуда әлі де жан-жақты пысықтауды қажет ететін мәселелер де бар.
Облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйытқы болуымен өткен «Жаңа медиа және болашақ» атты медиа форумда бұл жайтқа көзіміз анық жетті.

Жергілікті БАҚ өкілдері, аудан, қала әкімдері мен облыс әкімдігі басқармаларының баспасөз қызметінің мамандары қатысқан форум жұмысына танымал блогер, «Хабар» агенттігінің арнайы жобалар қызметінің жетекшісі Өркен Кенжебек модераторлық етті. Шараны облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали алғы сөзімен ашып, аймақ журналистикасында жаңа медианың ролі артып келе жатқандығын тілге тиек етті.
Бүгінде желі қолданушылары үшін толассыз ақпарат тасқынында деректің шынайылығына көз жеткізу қиындық туғызады. Қала берді рейтинг үшін сенсация іздеген сайттар да мардымды ақпарат алуды мақсат еткен аудиторияны әрі-сәрі күйге түсіріп тұрғаны жасырын емес. Демек, жаңа медиа бірінші кезекте ақпарат таратуда белгілі бір қағидаттарға сүйенуі қажет-ақ. Журналистика әліппесінде «шындықты айту» деп басталатын бұл қағидаттарды ұстану тілшінің қарым-қабілетін, біліктілігін көрсетудің құралына айналды. Форумда алғашқылардың бірі болып сөз алған «Astana» телеарнасының жүргізушісі Жайна Сламбек дәл осы жайттар төңірегінде өз ойын ортаға салып, аудитория күткен ақпарат пен БАҚ-та таралатын мәліметтердің арасындағы кереғарлықтың туындау себебін түсіндірді.
– Ақпарат берудің басты қағидасы– объективтілік. Біздің бұқаралық ақпарат құралдарында да шынайы ақпараттар таратылады. Бір қарағанда шындыққа сай келеді. Рас, мемлекеттік бағдарламалар аясында жолдар салынып, газ тартылуда. Ауруханалар мен өндіріс орындары ашылуда. Алайда осы ақпараттардың қабылдау реакциясы берілу формасымен сәйкес келмей жатады. Неге? Біз шарды үрлеп, бояуын қалың етіп береміз. Ал қазіргі жағдайда жеткеніміз­бен жетпегенімізді айтуымыз керек. Оны айта алатын журналист халықтан екі қадам алда жүргені абзал. Ол үшін журналиске мол ізденіс қажет, – деді спикер.
Расында жаңа медиа ұғымы қазақ журналистикасына қадам басқаннан басылымдардың дәурені аяқталғандай көрінген. Алайда ретін тауып қолдана білгенге жаңа технологияны дәстүрлі БАҚ-тың көмекшісі ету ешқандай қиындық туғызбайды. Форум барысында газеттің танымалдылығын арттырудан бастап оның оқырманмен кері байланыс жасаудағы құралына айналған жаңа медиа мен дәстүрлі БАҚ арасындағы байланысты әңгіме өзегіне айналдырған «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Қамбар Ахметовтің пікірі осыған саяды.
– Газет бір күнде 5-6 рет басылып шықса да ол интернет-журналистикамен иық теңестіре алмайды. Басылымдарды бәсекеге қабілетті ету үшін журналистер сараптамалық материалдар жазуға көшкені дұрыс. Сараптама оқиға өтіп кеткен соң оған баға беру сарынында емес, оқиға болмастан бұрын болжау қасиетіне ие болса өтімді болады.
Қазір біздің газеттің сайтын қолданушылар саны 30 мыңға жетті. Сондықтан да желідегі оқырманның пікірімен санасып тұрамыз. Олардың көп талқылайтын тақырыптарын журналистеріміз жиі материалдарына арқау етеді, – деді Қамбар Ахметов.
Әйтсе де, әп-сәтте хабар тарататын интернет-журналистикада сауатты әрі шынайы ақпарат беру ісінің ақсап тұрғаны мәлім. Рейтинг пен жалған статистика үшін жанын салатындар үшін ақпарат шынайылығының құны көк тиын. Олардың көксегені сайт қолданушыларының санын арттыру ғана. Дегенмен, ақпаратты оңды-солды тарату ешкімге опа бермейді. Ең оңтайлысы – жаңа медиа кеңістігінде ақпараттық саясатты заң шеңберінде жүргізу. Форум жұмысына спикер ретінде қатысқан «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы медиа ақпараттық сауаттылық төңірегінде білгенімен бөлісті.
– Ақпаратты жедел таратуда дәстүрлі және жаңа медиа әлеуметтік желіге ілесе алмай келеді. Қазір халық ақпаратты «WhatsApp» мессенджерінен алады. Ондағы чаттан алған ақпаратын халық сол күйінде қабылдап, оның соңы үлкен дүрбелеңге әкеп соғуда. Бұл орайда, қарапайым халыққа медиасауаттылық қажет. Біле білсеңіздер жалған ақпарат тарату заңмен қудаланады. Одан соң әлеуметтік желіні пайдаланудың жас ерекшелігін шектеу де жаңа медиа үшін маңызды мәселеге айналды. Әлеуметтік желінің кей түрлеріне кәмелеттік жасқа толмағандарға кіруге тыйым салынған. Жасөспірімдер өз жасын ұлғайтып көрсету арқылы бұл кедергіні де оңай еңсеріп жүр, – деді Есенгүл Кәпқызы.
Форумда сөз алған «QAZAQSTAN» телеарнасының жүргізушісі Нұрмұхамед Байғара жаңа медиадағы заманауи трендтерді қолдану жайына баса назар аударды.
– Телеарналарға өз көрерменін ұстап тұру үшін олармен кері байланысты ұмытпау қажет. Әлемге танымал «ВВС» телеарнасында бұл қызмет 1936 жылдан жолға қойылған. Яғни, қазіргі қазақ тележурналистикасына адаптация керек. Демек, телеарна көрермен сұранысына қарай бейімделгені жөн. Бүгінгі көрермен бұрынғыдай 30 минуттық бағдарламаны көрмейді. Олар алғашқы 7 секундтан соң-ақ бейнекөріністен жалыға бастайды. Содан соң қазіргі журналистикада сараптама жанры ақсап тұр. Өкінішке қарай, сараптама жанры шолу деңгейінде қалып келеді, – деді Нұрмұхамед Байғара.
Форумның екінші кезеңінде де жаңа медиаға қатысты айтары бар мамандар шоғыры мінберге көтерілді. Олардың қатарынан табылған «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай ақпараттар ағыны толастамайтын шақта сапалы контент жасаудың қиыншылығын әңгіме өзегіне айналдырды.
– Күнделікті әлеуметтік желіні пайдаланып, шетел арналарын шектеусіз көретін оқырман бізден ақылды. Демек сапалы аудитория сапалы контентті күтеді. Бұл орайда, тележурналистикаға көрермендердің үдесінен шығу оңайға соқпайды. Әсіресе, аудитория балаларды құраған кезде бұл салмақ еселене түседі. Қазір біздің арнаны 4 миллион көрермен тамашалайды. Бір қарағанда Қазақстандағы жалғыз балаларға арналған арна ретінде «Balapan»-ға балама табылмайды. Сонда да біздің бәсекелестеріміз көп. Олар – шетелдік телеарналар. Балаларға арналған телеөнім жасауда қолда бар ақпаратты түрлендіру, оны екінші өнімге айналдыру мүмкіндігін қолдануымыз керек. Өз кезегінде, ауқымды жобаларға білікті мамандарды тарту маңызды,– деді М.Жұмабай.
Сондай-ақ «Мінбер» журналистерді қолдау орталығындағы жаңа медианы және дата журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбай, «baribar.kz» сайтының негізін қалаушы Ербол Серікбай конвергентті журналистиканы дамыту, әлеуметтік желіні оңтайлы пайдалану жайын сөз етті. Ал жергілікті БАҚ басшылары аймақтағы жаңа медианы дамытудың жай-күйін тілге тиек етті.
Шара соңы «Медиа ақпараттық сауаттылық», «Бейне көрініспен контент жасау», «SEO-ны пайдалану» тақырыптарындағы семинар-тренингке жалғасты.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.