Жаңа оқу жылы қандай жаңалығымен қуантады?

0 72

МЕКТЕП ФОРМАСЫ МІНДЕТТЕЛМЕЙДІ

Жыл сайын оқу жылы қарсаңында міндетті мектеп формасына қатысты дау-дамай өрши түседі. Білім саласына байланысты қазір де халық арасында ең жиі талқыланып жатқан тақырыптың бірі – мектеп формасына байланысты. «Оқушылар биыл қандай мектеп формасын киеді? Қайдан сатып аламыз? Неге алдын ала ескертпейді?» деген сауалдар төңірегінде қызу пікірталас басталып кетті.
Ал жуырда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов формаға байланысты көптің көкейінде жүрген, ата-аналарды алаңдатқан сұрақтарға жауап беріп, соңғы нүктесін қойды. Асхат Қанатұлы «Facebook» желісіндегі парақшасында: «Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында мектеп формасы туралы мәселе өзекті болады. Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бірақ өткен жылы барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық.
Мектеп формасы алдағы оқу жылында міндетті бола ма? Мен өзім ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын.

Cонымен қатар педагогтар мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады.
Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім.
Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық.
Бұл шешім тек қана келесі оқу жылы үшін қабылданды», деп жазды.
Сондай-ақ А.Аймағамбетов мұндай шешімді елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып қабылдағандарын жеткізген.
«Қазір еліміздің көптеген аймақтарында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын сонар кезек болып, COVID-19 вирусын жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз.
Екіншіден, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады.
Қорытындылай келе, мектеп формасына қатысты қандай шешім қабылданса да осы мәселе төңірегінде пікірлер әртүрлі болатынын түсінемін. Мектеп формасын жақтаушылар да, қарсы болғандар да өз пікірлерін айтатыны белгілі.
Бірақ бұл мәселеде біз үшін қалыптасқан жағдайды объективті бағалау және ықтимал тәуекелдерді қарастыру маңызды болды», деп түйіндеген А.Аймағамбетов.
Яғни мектеп формасы міндеттелмейтіндіктен ата-аналардың енді алаңдауына еш негіз жоқ.

ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

Жасырып-жауып қайтейік, өткен оқу жылына дайындық кезінде бірқатар олқылықтарға жол берілді. Әсіресе мердігер компаниялардың өз міндеттеріне немқұрайды қарағанынан және басқа да маңызды себептердің салдарынан білім ошақтарының құрылысы жоспарлаған уақытында аяқталмады. Сондықтан да өткен жылы орын алған олқылықтардың тағы қайталанбауы үшін қазірден сала мамандары жұмысын ширата түсіп, құрылыс жұмыстарының барысын тұрақты бақылауға алуда.
Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамаловтың айтуынша, 2020-2021 оқу жылында 7 мектеп және 6 мектепке қосымша ғимарат пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ Жамбыл ауданындағы ескі мектеп ғимараты қайта жаңартудан өтіп, қосымша білім беру мекемесі ретінде ел игілігіне ұсынылған.
– Облыста 3 апатты, 6 үш ауысымды, 6 орын тапшылығы бар мектеп бар. 2021 жылы 1 апатты, 3 үш ауысымды, 2 оқушы орны тапшылығы бар, 2 тозығы жеткен мектептің мәселесін шешу жоспарлануда.
Ағымдағы жылы 19 мектептің құрылысы, 4 мектепке қосымша ғимарат салынуда. Құрылыс жұмыстарына 8,9 миллиард теңге қарастырылды. Сондай-ақ 16 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Жыл соңына дейін 8 мектеп пен 3 мектепке қосымша ғимарат пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар биыл 16 білім нысанының (15 мектеп, 1 басқармаға қарасты мекеме) күрделі жөндеу жұмыстарына 3,6 миллиард теңге бөлінді.
Қазіргі таңда 2 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Оқу жылы басталғанға дейін 9 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Ал 4 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде, – дейді Талғат Салқанұлы.

ҚАУІПСІЗДІК ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Бірнеше ай бұрын Татарстанның Қазан қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін елдегі білім беру мекемелерінде қауіпсіздік күшейтіліп, алға үлкен ауқымды міндеттер қойылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуге қатысты тапсырмасы бойынша арнайы жиын да өткізіп, тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімдігі білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында берілген тапсырмалар тиянақты орындалуда. Күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе бойынша облыстағы мектептер мен балабақшаларға 100 пайыз бейнебақылау камералары орнатылыпты. Сондай-ақ 442 мектептің 47-сінде (10,6 пайыз) турникет, Тараз қаласындағы 18 мектепте дабыл түймесі қойылыпты. Ал 42 мектепке дабыл түймесі ғимараттың кіреберісіне жаңадан орнатылмақ. Оған 10 миллион 462 мың теңге қаралған.
Мектептерде қауіпсіздік ережелері бекітіліп, онда мектепке келушілерді тіркеу, қабылдау, шығарып салу регламенті айқындалған. Ата-аналар және бөгде адамдар білім нысанына кіру кезінде вахта қызметінде міндетті түрде тіркеледі. Облыс мектептерінде 795 вахтер, 1 366 мектеп қарауылы жұмыс істеуде. Барлық мектептерде мамандандырылған күзетті ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылуда.
Мектептердегі санитарлық тораптардың ғимарат ішіне орналасу көрсеткіші 100 пайызды құрайды екен.

22 327 ОҚУШЫ МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАЙДЫ

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Талғат Салқанұлының сөзіне сүйенсек, жаңа оқу жылында 442 мектепте 240 мыңнан аса оқушы, 1 сыныпқа болжаммен 22 327 оқушы келеді деп күтілуде. Бүгінгі күні 21 603 (97 пайыз) бала қабылданған.
– Облыс мектептері оқу үдерісінде пайдаланатын жұмыс қалпындағы 52 797 дана компьютермен жабдықталған. Сонымен қатар 2020 жылы облыс бойынша 1 компьютерге келетін оқушылар саны 8 оқушыны құраса, 2021 жылы сатып алынған компьютерлік техникалар есебінен 4 оқушыны құрап отыр.
Облыстағы барлық 442 мектеп интернет желісімен қамтамасыз етілген
Өткен жылы қашықтан оқитын аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасының балаларын интернетпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 20 234 роутер сатып алынып, таратылған.
Сондай-ақ 442 мектептің барлығы «Күнделік» ақпараттық жүйесіне қосылған, – дейді Талғат Салқанұлы.
Оқулықпен қамту жұмыстарында да олқылық жоқ. 2022-2023 оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 3,1 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Бүгінгі күні оқулықтарды баспадан тасымалдау жұмыстары басталған. 15 тамызға дейін аяқталады деп күтілуде.
Осылайша басқарма жаңа оқу жылына дайындықтың ойдағыдай екенін айтады. Лайым солай болсын. Ең бастысы, жауапты сала мамандары алға қойылған мақсат-міндеттерді мүлтіксіз атқарып, кейін қапы қалмас үшін қам-қарекетін күшейте беруі тиіс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.