"Шамшырақ"

Жаңа оқу жылы нендей өзгерістермен ерекшеленбек?

Written by Aray2005

Жер бетіндегі барша адамзатты алаңдатып отырған пандемияның салдарынан өткен оқу жылын студенттер мен оқушылар қашықтықтан аяқтаған болатын. Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да жақындады. Алайда індет әлі түбегейлі жойылмай тұр. Тіпті алдағы күз айларында оның жаңа толқыны жүруі мүмкін деген болжам бар. Яғни жаңа оқу жылы да қашықтан білім берумен басталатын сыңайлы. Күзде студенттер мен оқушыларды не күтіп тұрғанын еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов онлайн конференцияда мәлімдеді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне, әкімдіктерге жаңа оқу жылын ұйымдастыруға қатысты бірнеше тапсырма берген еді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сол тапсырмалар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар Үкімет отырысында бөлек қаралып, тиісті шешім қабылданғанын жеткізді.
– Қазір ахуал қиын. Денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметті қарайтын болсақ, күз айларында жылда болатын ЖРВИ инфекциясы да таралады. Барлық мәселені қарастыра отырып, бүгін тиісті шешім қабылдадық. 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер қашықтан оқу форматына көшеді. Әрине бұл өте күрделі шешім. Қазіргі уақытта қоғамда осы мәселеге қатысты бірнеше ой, ұсыныс бар. Осы шешімді қабылдамас бұрын сарапшылармен сөйлесіп, пікірлерін тыңдадық. Ата-аналардың да пікірін біліп, халықаралық тәжірибені зерделедік. Бізге керегі – балалардың, ата-аналардың, педагогтардың денсаулығы, сондықтан осындай шешім қабылдап отырмыз. 1 қыркүйектен бастап 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қашықтан оқиды. Оларға барлық тиісті жағдайды жасап беруіміз керек, – деген министр бәрінен маңыздысы денсаулық екенін кезекті рет еске салды.
Өткен оқу жылы аяқталғанда аталмыш министрлік жаңа оқу жылы дәстүрлі технология ретінде мектеп қабырғасында басталатынынан үмітті екендерін мәлімдеп еді. Алайда жаз айында өршіген індет сақтанбасқа амал қалдырмай тұрғаны анық. Ал Білім күнінен бастап тағы да қашықтан білім беруге өңірімізде нендей дайындық жүргізіп жатқанын облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеновадан сұрадық.
– Пандемияға байланысты республика бойынша жаңа оқу жылында оқу процесі оқушылар үшін қашықтықтан оқыту ы арқылы және алыс ауылдарда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады. Облыста жаңа оқу жылында оқу процесі 306 мектепте 222 мың 820 оқушы қашықтықтан оқыту арқылы ал, 136 мектепте 11 мың 895 оқушы дәстүрлі түрде оқымақ. Қашықтықтан оқитын мектептегі оқушылар «ДаrуnOnlinе» білім беру платформасына қосылады. Жұмыс істейтін ата-аналар үшін мектептерде «кезекші сыныптар» ашу мүмкіндіктері қарастырылуда. Ондай сыныптар бастауыш сыныптарда тек қана ата-аналардың өтініштері бойынша, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылатын болады.
Бүгінгі күнге дейін 1 704 компьютер сатып алынды. Жаңа оқу жылына дейін жергілікті бюджет есебінен 1536 компьютер сатып алу жоспарланып отыр.
Республикалық бюджет есебінен қашықтықтан оқытуға дайындық жұмыстарының іс-шаралары шеңберінде аз қамсыздандырылған және көп балалалы отбасы балаларын қамтамасыз етуге Білім және ғылым министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды, – деді Гүлнар Махақызы.

Қайта оралған Әліппе!

Бала күнімізде:
Бар кітапқа бас болған,
«Әліппе» – ғылым анасы.
«Әліппеден» басталған
Даналықтың данасы, – деп тақпақтатып өскен едік. Сол ғылым анасын бүлдіршіндерге қарағанда ата-аналар көбірек сағынды, іздеді. Оның орнын басқан «Сауат ашуға» көптің көңілі тола қоймаған болатын. Міне сол жоғымыз түгенделетін сыңайлы. Бұл жағымды жаңалықты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Facebook-тегі парақшасында «Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі – келесі 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады» деп жазды. Бұл барша жұртты қуантқаны соншалық, елдің ертеңіне алаңдаған азаматтар министрдің жазбасын іліп әкетіп, жағымды жаңалықты әлеуметтік желілерде жарыса жариялап, сүйіншіледі. Жағымды жаңалықтың елді ерекше қуантқаны – «Әліппенің» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалатын болғаны.
Министрдің айтуынша, 1-сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасын оқып, қалған екі тоқсанда «Ана тілін» оқиды екен. Сол секілді орыс тілінде және басқа да тілдерде білім алатын сыныптар да «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндерін оқиды.
Министр қазір оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын, бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрғандарын да хабарлады. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары кіргізіліпті. Яғни бұған дейін талайлардың ашуын тудырған оқулықтағы қателер бұл жолғы жаңа «Әліппеде» кездеспес деген сенімдеміз. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан соң оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу жоспарланыпты. Содан соң ғана басқа мектептерге жіберілмек. Ол жұмыстардың жүргізілу барысын министр өзі жіті бақыламақ, яғни бүлдіршіндерге алғашқы білімнің бастауын беретін жаңа «Әліппеде» ешқандай шалалықтың орын алуына жол берілмейді.
Ал облысымызда жаңартылған білім беру мазмұнына 11 сыныптардың көшуіне байланысты және басқа да сыныптар үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуге 2,9 миллиард теңге бөлініпті. Облыс бойынша 19 баспамен 169 келісімшарт жасалған. Білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу әдістемелік кешенмен қамтамасыз ету бойынша 2020-2021 оқу жылына арналған жол картасы әзірленген. Оқушыларға оқулықтарды тарату жұмыстары кестеге сәйкес ұйымдастырылады. Өңіріміздің бас ұстазы Гүлнар Махақызының айтуынша, 10 тамызға дейін оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.

Бұл жылғы тағы бір жаңалық – жаңа оқу жылында оқушылардың киім үлгісіне ешқандай өзгерістің енгізілмейтіні. Яғни ата-аналар
1 қыркүйек жақындағанда балаларына мектеп формасын тіктіріп, киім іздеп, сабылмайтын болды. Бұл да індеттен сақтануды талап еткен уақытта халықты әурелемеудің бір шарасы болса керек.

Қамар Қарасаева

ПІКІР