Жаңа технологияны пайдаланғандар ағын судың азабынан құтылады

0 6

Өңір экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан егістік жерлерге ағын су жеткізіп беру басты мәселелердің бірі екені белгілі. Осы орайда облыс көлеміндегі егістік жерлердің ағын сумен қамтамасыз етілуін жақсарту және суды үнемдеу мақсатында бірқатар су шаруашылығы нысандарына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу, механикалық тазалау жұмыстары толық аяқталмай отыр. Соның салдарынан егінге тіршілік нәрін жеткізе алмаған облыс диқандары жанайқайын баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде жазуда. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында Халықаралық даму банктері арқылы каналдардың құрылысы және жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Жиынға ҚР Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қайрат Аманов, аудан әкімдері, «Казсушар» мекемесінің облыстық филиалы басшысы, Шу-Талас бассейндік инспекциясының мамандары қатысты.

Алдымен баяндама жасаған «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қазбек Бедебаев ирригациялық және дренаждық жүйелерді жақсарту жобасын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың есебін берді.
Баяндамашының айтуынша, облыста агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Қордай, Меркі ауданының аумағындағы суару нысандарына Еуропа қайта құру және жаңғырту банкі есебінен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
– Өңірімізде құны 21 миллиард теңге тұратын 31 жоба бар. Жоба аясында 1270 шаршы шақырым болатын 310 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңғырту жұмыстары аяқталғанда 51 мың 271 гектар суармалы алқап қайта пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, Жамбыл ауданында 7,3 миллиард теңгелік 7 жоба, Байзақ ауданында 8 жоба (8,6 миллиард), Жуалыда – 2 (1,5 миллиард), Қордай ауданында – 1 (909,557 миллион), Меркіде 2 (2,9 миллиард) жоба жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта барлық 31 жоба бойынша түзету, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Әйтсе де бүгінгі күні бөлінген қаржының тек 5,27 миллиард теңгесі игеріліп отыр. Механикалық тазарту жұмыстары бойынша осы уақытқа дейін 188,863 шаршы шақырым аумақ қамтылып, 86,662 шаршы шақырым канал бетондалды. Осы нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 51 271 гектар суармалы жер қалпына келтіріледі деп күтілуде, – деді Қазбек Бедебаев.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов өткен жылы каналдарды тазалау жұмыстары аяқталғаннан кейін, яғни су жіберу кезінде арналардың мүжілгенін айта келе, биыл мұндай жағдай орын алмас үшін топырақпен жасалған су арналарын бетонмен қаптау қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар Жамбыл, Қордай, Шу аудандарының аумағында орналасқан 212,2 шақырым су шаруашылығы нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 51 нысан күрделі жөндеуден өтсе, 15 172 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік деңгейі жақсарады деп күтілуде. Жөндеу жұмыстарының құны 9,2 миллиард теңге, оның ішінде аталмыш үш ауданда нақты игерілген қаражат көлемі 4,696 миллиард теңгені құрайды. Басқарма басшысы құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапалы орындалуы үшін жобаларды дер кезінде жасап, каналдарды бетонмен қаптау үшін сметалық құжаттаманы жедел жасау керек екенін тілге тиек етті. Және бұл жұмыстарды қадағалауды басты назарға алу керек екенін баса айтты. Өңір басшысы жобалық-сметалық құжаттардағы өзгерістерге байланысты құрылыс-жөндеу жұмыстарының сағызша созылып жатқанын сынға алды.
– Егістікті суару науқаны басталғанымен, суару нысандарының құрылысы әлі аяқталмай отырғаны қынжылтады. Бұл деген ешқандай қадағалаудың жүргізілмей жатқанын көрсетеді. Алдымен аудан әкімдерімен бірлесе суды қалай үнемдейміз, қалай жеткіземіз, міне, осылардың барлығын ойластыру қажет. Ең бастысы, жаңа технологияларды жолға қою маңызды. Қазгидрометтің мәліметінше, биылғы жаз ыстық болатын түрі бар. Сондықтан қазірден бастап дайындалуымыз керек. Дұрыс пайдалансақ, өз суымыз өзімізге жетіп қалады. Топырақтан жасалған атыздар судың көп мөлшерін жоғалтуға әкеліп соғады. Сондықтан жұмысты жүйелеуді тапсырамын. Көршілес қырғыз елі бізге суды аз беріп жатыр. Сондықтан су тапшылығының алдын алуымыз керек, – деді облыс басшысы.
Аппараттық кеңесте қаралған екінші мәселе – негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов есеп берді. Айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші мамырына азық-түліктер инфляциясы 103,9 пайызды, әлеуметтік азық-түліктер 105,0 пайызды құраған. Мысалға алсақ, өткен аптада күнбағыс майы 1,2, картоп 2,1, пияз 4,1, қырыққабат 2,2 пайызға көтеріліпті.
Көтерілудің себептерін өткен жылғы төмендетілген бағадан жинақталған тауарлар үлесінің кемуі мен ерте шығатын импорттық өнім бағаларының ішкі нарыққа маусымдық ықпалынан деп түсіндірді баяндамашы.
Бүгінгі күнге Тараз қаласында 15 әлеуметтік дүкен іске қосылды, оның 9-ы жаңадан соғылғандар. Бүгінгі күні 1 дүкеннің құрылысы жүргізілуде және қосымша салынатын 5 дүкеннің жері белгіленген. Аудандарда жалпы 12 дүкен іске қосылып, жұмыс жасауда, Сарысу мен Шу аудандарында екі дүкеннен ашылды. Жуалы ауданында қосымша бір дүкеннің құрылысы басталды.
Басқарма басшысының айтуынша, әлеуметтік дүкен қызметінің арқасында тұрақтандыру қорындағы тауар айналым 2,9 есеге артып, жыл басынан 1 442 тонна тауар өткерілген. Осыған байланысты баяндамашы бірнеше ұсынысты алға тартты.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.