Жаңа тоқсанның жаңалығы қандай?

0 4

Әне-міне дегенше биылғы оқу жылының жартыжылдығы аяқталып, үшінші тоқсан да басталып кетті. Осы орайда жаңа тоқсанның жаңалықтарын білмек ниетте облыс әкімдігінің білім басқармасына қайырылған едік.

Жалпы пандемияға байланысты биылғы оқу жылында оқу үрдісі 3 түрлі форматта ұйымдастырылып, жүргізілуде. Сол секілді екінші тоқсан қашықтан және кезекші сыныптар режимінде өтіп, білім беру ұйымдарында оқу жоспарының барлық пәндері толығымен орындалған. Облыс әкімдігі білім басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, өңір бойынша 456 мектепте 240 813 оқушы білім алуда. Ал үшінші тоқсанда 221 мектепте 166 824 оқушы қашықтан білім алып жатыр екен. Яғни аймақтағы оқушылардың 49 пайызы әлі де болса онлайн оқу үстінде. Сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайы тұрақты шалғай елді мекендерде орналасқан және оқушы саны 300-ге дейінгі 234 мектепте 36 632 оқушы дәстүрлі түрде білім алуға көшкен.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, қашықтан оқитын мектептердегі 1-5-сынып оқушылары үшін 4 785 кезекші сынып ашылып, онда 61 217 оқушы дәстүрлі түрде білім алуда. Демек, осы тоқсанда шалғай ауылдар мен кезекші сыныптарда барлығы 96 057 оқушы дәстүрлі түрде оқу үстінде. Сондай-ақ мектеп бітіруші 9 және 11 (12) сыныптардың
26 040 оқушысы дәстүрлі форматта оқуды бастаған. Жалпы офлайн өтетін сабақ кестесіне орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шетел тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы енгізіліпті. Бұл оқыту пәндерінің 70 пайызын құрайды екен. Сонымен қатар аталған пәндер ҰБТ және мемлекеттік емтихан тапсыратын пәндер болғандықтан дәстүрлі форматта оқытылатынын да айта кеткен жөн. Өз кезегінде пәндердің 30 пайызы қашықтан оқытылмақ. Нақтырақ айтқанда, информатика, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, құқық негізі, алғашқы әскери технологиялық дайындық пәндері онлайн форматта оқытылады. Ал вариативті компоненттің пәндері кестеге сәйкес, асинхронды түрде жүргізіледі.
– Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әртүрлі уақытта ұйымдастырылады. Сабақ уақыты 30 минуттан аспайды және үзіліс 5 минуттан болады. Сабақ кестесін құру кезінде жоғары сынып оқушыларының жас ерекшеліктері, олардың қабілеттері мен қажеттіліктері, сондай-ақ 11-сынып оқушыларының жаңартылған білім беру мазмұнына көшуі және кіріктірілген сабақтарды өткізу мүмкіндігі ескеріледі. Облыс оқушылары «Dаrуn Onlinе», «Edu Page», «Google Classroom» білім беру платформалары арқылы оқу бағдарламаларына сәйкес қашықтан оқытылуда. Мектеп бітіруші түлектердің біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 10 адамнан аспайтын топтарда жеке консультациялар ұйымдастырылуда. Ол үшін әрбір мектепте арнайы кесте жасалған, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Г.Ходжабергенова.
Сондай-ақ 2020-2021 оқу жылының ІІ семестрінен бастап кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарындағы 1-курстың 5 659 студенті аралас форматта оқи бастаған. Яғни пәндердің 70 пайызы штаттық режимде, ал 30 пайызы қашықтан оқытылып жатыр. Сол секілді ауылдық жерлерде орналасқан 7 колледжде 1 298 студент штаттық режимде білім алып жатса, 2-4 курстың 14 018 студенті аралас форматта оқуда.
Әрине, өңірдегі білім ошақтарының біртіндеп дәстүрлі формат бойынша білім беруге көшуі көңіл қуантады. Десе де індеттің беті қайтып, арқаны кеңге салатын кез келді деген сөз емес. Сондықтан сала мамандары сақтық шараларын да қаперден шығармағаны абзал. Бұл орайда мектептерде оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шараларын сақтау мақсатында ағымдағы оқу жылының бірінші жартыжылдығына 372 миллион теңгеге дезинфекциялық құралдар алыныпты.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.