«Жаңа жарған бүршіктей пәк пейілді, Иесі келгенінше сақтай берем!»

0 107

Облыстық «ARAI» жастар газеті өзінің он бес жылдық ғұмыр жолында талай шығармашыл таланттардың тұсауын кескені белгілі. Сол сайкез сарынның жалғасы, республикалық һәм облыстық жыр додалардың жүлдегері – Елдар Боранбек. Газетіміздің «Жыр-жауһар» айдарында жас ақынның топтамасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Бүгін – ертең

Бүгінгі күн, ертең – тарих тыңдаған,
Бір орында кідірмейді бұл ғалам.
Уақыт санап асығамыз,
Білінбей,
Әр өткен күн қарттығыңа бір қадам.

Қалдырмаймыз жастық шақта із неге?
Уақыт келер аңсайтұғын бізге де.
Еске алатын жасыл көйлек көктемің,
Адам түгіл өкінішті күзге де.

Жастық шағың, сірә, емтихан әр таңға,
Алма-кезек өмір салар сарсаңға.
Бір қолыңды малып жүрсең жастыққа,
Қарттық тұрады екінші бір қалтаңда.

 

Бір ғажайып

Бір ғажайып бар сенің келбетіңде,
Сол ғажайып сезімді селдетуде.
Дидарыңа сұқтанып қарай берем,
Көзмоншақтай қалқыған көл бетінде.

Тұла бойдан табылмай есіл күшім,
Тәуекелге жүрегім бекінді шын.
Ғұмыр көшке ілесер арманымның,
Кейіпкері тек өзің секілдісің.

Тармағынан адаспай талай жолдың,
Асылым-ау, алдыма қалай келдің?..
Күйбең тірлік көп болсын, арасында,
Күнде өзіңді кеп тұрады қарай бергім.

Күнде шіркін тұрғандай күнім күліп,
Ғашықтықтың не екенін ұғындырып,
Мені сонша бірбеткей жаратқанмен,
Сені Құдай жаратқан сұлу қылып.

Мен өзіңнен көремін жылылықты,
Тегінде, тәрбиеңнің сыры мықты.
Аты қалған тарихта асыл ана
Есімі де өзіңе бұйырыпты.

Сәмбі талдай сызылған еркемісің,
Ерке құсым – басқаға ертегісің.
Қапияда кез болған жер бетінде,
Секілдісің періште сен мен үшін.

Тәңір қосқан біз бір жұп құрайықшы,
Ар алдында еңкеймей тұрайықшы.
Қазақы есім қойылған қаракөзге,
Нағыз қазақ жігіті лайықты.

 

Күндестік құрысын

Жігіттер!
Күндестік құрысын,
Тілдеп жүрген бірінің бірі ісін.

Тоздыратын табанды,
Надан етер адамды.
Біле білсек, бір мейірім,
Ұстап тұрған ғаламды.

Жігіттер!
Бірің алда, бірің артта келесіңдер,
Бір мұхитта жүзген көп кемесіңдер.
Бар кезіңде дүниеде сыйласпасаң,
Өсек теріп өмірде өлесіңдер!

Құр күңкілден, жұртым-ау, алшақтайық,
Жылпостықтан бір күні сан соқпайық…
Сақа мінез керек қой серілерге,
Бөріміз деп жүргендер – ар сатпайық.

 

Өмір

Біреулерге бай болып шалқу арман,
Ал біреулер иманға жан суарған.
Жаңа ғана естідім соқталдай ер,
Бір әйелдің орынын тартып алған.

Біреулер бар түзуден тайып кеткен,
Тәнін сатып табанда байып кеткен.
Үйінде отыр тағы бір адам, әне,
Бере көр деп алақан жайып көктен.

Бір досым жүр перзентті боламын деп,
Бар бақытым болады соларым деп.
Қарапайым алыста ағалар жүр,
Құдайындай сыйлаған қонағын көп.

Тал бойына өтірік сіңіп кеткен,
Бір адам жүр алаяқ – туыс көппен.
Тағы да бір білімсіз таққа отырды,
«Ертең енді ағайын жуыс» дескен.

Кеше ғана бір атам өтті өмірден,
Бар кезінде шыққан жан көп көңілден.
Терезеге телміреді тағы бір жан,
Ақын екен, алысқан кесте жырмен.

Жігіттер жүр жүректі, серті бөлек,
Елді ойлаған, кеудеде өрті бөлек.
Өзі жақсы ару тұр жүзі сынық,
Өкпелеткен жасанды кей сүмелек.

Өмір қандай. Байлайды көзді шын-ақ!
Тірі кезде жауап жоқ көп қой сұрақ.
Бір жапырақ үзілді қара талдан,
Лапылдаған бір үйден сөнді шырақ.
Ойлан…

 

Бір кем дүние

(Ш.Мұртазаға арнау)

Жыл құстары жиналатын сәт келді,
Шүкір, Құдай
қазаққа үлкен бақ берді!
Өмірінің күзі келіп аттанған,
Өр тұлғаны сағынамыз көктемгі.

Алатау мен Қаратаудың арасы,
Демін тартып, түнеріп тұр қарашы.
Құт мекенге қайта айналып келмеген,
Қара күзде кеткен сол бір баласы.

Екі алып тау түйіскен жер Жуалы,
Қырандарды құзға ұшырған қырағы.
Қаңтар мінез Барысханын қарттарым,
Құранына қосып отыр дуалы.

Құрметтеді бар қазақтың баласы,
Алдаспаны ақиқаттың, панасы.
Ұлт мүддесін жаннан биік қойған ұл,
Мұртазаның Шерхан атты баласы.

Тұсау салған тағдыр ерте текті ұлдың,
Тіршілікте тарқамай жан жарасы.
Бірі – елі, ал бірін – жер санаған,
Қос көзінің ағы менен қарасы.

Мұратты ердің аманатын сақтаған,
Тағдыры ауыр болсын арын сатпаған.
Асыл туған Айша ананың тұңғышы,
Алаш үшін ақиқатты жақтаған.

Мысын оның баса алмады кей мықтың,
Мінберде де мінін айтқан биліктің.
Кесіп түсер қанжар тілді, шыншыл жан,
Шерағамыз үлгісі еді шындықтың.

Тоқтатпайды ағысын бұл кең дүние,
Шығармасын шын оқи білсең – кие.
Кең әлемнің кемдігін біліп кеткен.
Шерағасыз әдебиет – бір кем дүние…

 

Оңашадағы ой

Өмір ғой, өкінейін мен несіне,
Қарамайды берілмей көнбесіңе.
Өтірік пен шындық бар, бәрін бірдей,
Адамбыз ғой сыйғызған кеудесіне.

Көп белді ойлап, өткенді сағынасың,
Үміт семіп, маңдайды тағы ұрасың,
Қарап тұрсам қыр мінез қырандардан,
Ауладағы қарғаның бағы басым.

Көрінбейді шын бейне алғашқыда,
Абаданға ұқсайды албасты да.
Боранбектің баласы бұзықтау деп,
Болмысымды өзгерте алмас, сірә.

Мінезімнен барлығы,
Мойындаймын.
Жылпостыққа беріліп бой ұрмаймын.
Таба көріп жатса егер тексіздерден,
Жазықсыздың қолында сойылдаймын.

Ешкім болжай алмайды алдағыны,
Аласарсын қалайша арман ірі.
Бірі кетсе, келмесе қапа болман,
Бағалайын одан да қолдағыны.

Несібесін ілді әне шабан қарға,
Қыран жалғыз қалқып жүр сол орманда,
Сеніміне селкеу көп түссе дағы,
Пейілінен айырма, адамды Алла.

 

Желтоқсан желі ызғарсыз

Жан сақтаудың қамын күйттеп жағындық,
Колбинге де көкеледік, табындық.
Желтоқсанның жастарының арқасы,
Бөтен ұлтқа бағынудан арылдық.

Бірі кетіп, алға басты бір ісім,
Ашылғандай болды енді тынысым.
Азаттықтың таңы атты бүгінде,
Тәуелді боп өмір сүрген құрысын.

Тәуелсіздік – қанша күтті ел сені,
Қазақ үшін құны артық, өлшемі.
Әулиеатаның ортасынан орын ап,
Ескерткіші Қайраттың тұр еңселі.

Ешбір жүрек қалмаған-ды сыздаусыз,
Болмасыншы бүгінгі жас тұрлаусыз.
Солып жатқан жоқ бүгінгі қызғалдақ,
Желтоқсанның желі қазір ызғарсыз.

Артқа тастап зұлмат күндер азабын,
Қайта оралды қуаныш пен базарың.
Майдан кешіп, желтоқсанда оққа ұшқан,
Құтты болсын Тәуелсіздік, қазағым!

Тұмшаланып, тұманданып тұр дала,
Жүрегімді жыр кернеді сыздана.
Төле бидің көшесіне түсіп ап,
Құшақ гүлін алып барады бір бала…

 

Алашқа арнау

Кез болдық тағы мылтықсыз майдан сынаққа,
Алысып жатыр жақын да, о мен жырақ та.
Залалын сезіп отырғанымызбен сұм дерттің,
Бейғам жұртыма бәрібір боп тұр бірақ та.

Ел болып есті жинайық, Алаш ұлдары,
Кетпесін құрып бабаның серті құр бәрі.
Бейберекетпен құрғанша сауық аурудың,
Дәрігер, сарбаз болмасын дейік құрбаны.

Бастарын тіккен бәйгеге қанша бауыр бар,
Сұрауын жолдап «Үйде бол!» деген қауымға әр.
Құдайдың өзі құлына біліп жіберген,
«Сақтансаң ғана сақтаймын» деген қару бар.

Жауапты сәтте тақымға қысып тажалды ең,
Жауапсыз дертті дәрігер емдеп жазарма ең…
Алысқан сенсің аман алам деп науқастың,
Аманат жанын бетпе-бет келіп ажалмен.
Дәрігерлерім, аман бол!

Сарбаз бауырым, есен-сау келші жұртыңа,
Шаттықпен қауыш даламның әдет-ғұрпына.
Құлынын көріп, қуанып ана жас алсын,
Сүйсініп тұрсын ағайын сенің тұрқыңа.
Сарбаздарым, аман кел!

Ботасын іздеп боздамасыншы бозінген.
Ұйқысы тыныш болса екен елдің көз ілген.
Осының бәрін тілеген болсақ жүректе,
Жөн болар жұртым тәртіпке келсек төзіммен.
Жөн болар жұртым жүрекпен соны сезінген!

Қорғанбасақ ел қарқыны үдеп таралады,
Сақтансақ қана жеңіледі ауру жаман ат.
Қырық жыл қырғын болса да қазақ бар болдық,
Бабаның қаны біздерге енді аманат!
Бабаның қаны қазаққа – асыл аманат!

 

Жыл басы немесе алғашқы қар

Көк аспанның жанарынан мұң құлап,
Буаз бұлттар түнереді тұнжырап.
Бұйығы жел баяу тербеп талдарды,
Шыны əйнектен сығалайды ұрғылап.

Төңіректі тұмшалаған сызданып,
Көкжиектен тұрғандай дəл нұр жауып.
Қара жер де жұтып жатыр сағынған,
Ару – қыстың ақ ұлпасын қызғанып.

Тіршілік қой таңдандырған тамаша,
Барлығына мейіріммен қарасаң.
Жаңа бақта адасып қыз жүр ме екен?..
Ескі шақта қыдырған сол оңаша.

Алақандай түсіп жатқан ақ қарды,
Қызықтаумен қуанды жұрт, шаттанды.
Жаңа жылда жаңа жауған ырыс деп,
Жаңа өмірі əр пенденің басталды.

 

Маған қуат

Маған қуат – олардың амандығы,
Ағалаған ақпейіл, адалдығы.
Жаратқаннан сұрадым жақсы болсын,
Жоқ олардың ешкімге жамандығы.
Жанымның бір бөлшегі бауырларым,
Жарық еткен қасымда қараңғыны.

 

Қаратауы қазақтың
(Р.Ниязбековке арнау)

Таластың аңызақ желін көріп пе едің?
Көркейтсем деп соғады көрікті елін.
Алтын құрсақ аналар баурайында,
Байрақ ұстар босанған бөрікті ерін.

Таластың өр толқынын білесің бе?
Шөлін басқан жұртының күресінде.
Ұлттың ұлы Димекең ұлықталып,
Тербегені тектіні тұр есімде.

Таластың толқынын да, ыссы желін,
Тал бойына сіңірген күш-жігерін.
Ері бүгін еңселі жетпіс бесте,
Елге арнаған қарт қыран құс жүрегін.

Батыр ақын Махамбет бұрынғының,
Дінмұхаммед биігі тұғырлының.
Аманаттап арда ізін асылдардың,
Бізге əкелген бір жан бар бүгінгі күн.

Даралардың жалғаған даналығын,
Жең ұшынан жалғанбай жағалының.
Үні болған халықтың көмейдегі,
Бағаланбай жүргенде бар алыбым.

Арын күйттеп Асанбай Асқаровтың,
Аласапыран жатқанда басталып күн.
Жалын кешіп Махамбет майданында,
Отын жазған жалғанда тас тамұқтың.

Ақ пен қара жатқанда тайталасып,
Ару дүние есігін айқара ашып.
Қаңтарында өмірдің қажымаған.
Ата жолы, əке кек сай қарасып.

Алатаудың еріткен қасаң мұзын,
Амандығын тіледік асау жүздің.
Құзар шыңы қашанда қуармасын,
Қаратаудай Рафаэль атамыздың.

 

Көктем сезім

Тоң кетіп жүректегі ақ қарменен,
Жоғалтуға сезімді шақ қалған ем!
Жаны кеткен ағаштай күн суынса,
Жапырағыма көп болды бақ қонбап ең!

Жігіт едім жақсыға жарайтұғын,
Əр уақытын ырысқа балайтұғын.
Əлі шындық алқынған əр мезгілмен,
Тағы нəсіп келеді деп санайтыным.

Айлар сырғып, жыл жылжып жеткенменен,
Мұңымды айтқам ақпанға өткенде мен.
Көгілдір таң балауса тамсандырды,
Таза сезім туған ба көктемменен?..

Ақын – бағбан, гүл сынды баптайды өлең,
Көктем сезім, үмітті бас бəйгеден.
Жаңа жарған бүршіктей пəк пейілді,
Иесі келгенінше сақтай берем.

Ешкім ойға салмайды пасық бұғау,
Арман ару, өңімде тасыттың-ау,
Қазақтықтың қаймағын қанып ішкен,
Бір көргенше өзіңді асықтым-ау!
Иəə, солай,
сірə, мен ғашықпын-ау!

 

Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.