"Шамшырақ"

Жаңа жатақхана жаңа оқу жылында іске қосылады

Written by Aray2005

Студенттік өмір жайындағы әзіл-шыны аралас әңгімелердің арқауы жатақхана десек, қателесе қоймаспыз. Ал бүгінде жатақханамен қамту мәселесі қазақстандық маман даярлаушы құрылымдардың барлық буынында ең өзекті мәселе саналады. Сондықтан да бұл түйткілдің түйінін тарқату жайы Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде сөз болды. Іле-шала аталған Үндеуде айтылған міндеттерді орындау мақсатында Тараз қаласындағы Жамбыл даңғылының бойында орналасқан «Тараз» қонақүйі бұдан былай Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жатақханасына айналды. Ағымдағы оқу жылынан бастап аталған ғимараттың алғашқы қабаттары іске қосылып, 150-180 студент жатақхана орнымен қамтылмақ.

Іргетасы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қаланған бұл ғимараттың жалпы аумағы 7656,2 шаршы метрді құрайды. Қазір бұрынғы қонақүйді жатақхана етіп қайта қалпына келтіру жұмыстарына бірнеше құрылыс бригадалары жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстарының барысын оқу орнының басшылығы толығымен бақылауға алған.
– Қыркүйек айынан бастап жаңа жатақхананың 1-2-қабаттарын пайдалануға береміз. Сол арқылы жатақханамен қамтуды сұранған 150-180 студенттің мәселесі оң шешімін табады. Қалған қабаттардағы құрылыс жұмыстары да қарқынын жоғалтпайды. Соның есебінен келер жылдың наурызында ғимарат толықтай іске қосылады. Нәтижесінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде оқитын 500 студент жатақханамен қамтылады. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық бойынша өзге оқу орындарынан, шетелдерден келген оқушыларға ыңғайластырылған орындар беріледі, – дейді ТИГУ-дың бірінші проректоры Юрий Дубский.
Бұрынғы «Тараз» қонақүйінен бүгінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жатақханасына айналған ғимаратта студенттердің сабаққа тыңғылықты дайындалып, бос уақытын тиімді өткізуі үшін де барлық жағдай жасалмақ. Олар үшін мұнда өзін-өзі дамытуға арналған кабинеттер, сабаққа дайындалу, психологиялық көмек көрсету бөлмелері, интернет-кафе, кітапхана, спортзал және түрлі үйірмелер қызмет көрсетеді.
Оқу орнының басшылығы жатақханада тұру ақысы студенттерге қолжетімді болатындығын айтады.

Ш.Атыханұлы

ПІКІР