Туризм

«Жаңа Жібек жолы» жобасы туристерді таңғалдырмақ

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа сапары барысында өңірде туризм индустриясын дамытудың маңыздылығын ескеріп, аймақ басшысы Асқар Мырзахметовке Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарын байланыстыратын «Жаңа Жібек жолы» экспедициялық маршрутының туристік инфрақұрылымын дамытуды тапсырған болатын. Осы орайда өткен аптада «Жаңа Жібек жолы» туристік жобасы жан-жақты талқыланып, облыстағы туристік орындарға ақпараттық тур ұйымдастырылды.

Аталған жиынға Алматы қаласы мен Алматы облысы, Шымкент қаласы мен Түркістан облыстарының туризм басқармалары мен аталған салаға қатысты қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Үш күнге созылған шараның алғашқы күні Ш.Уәлиханов атындағы орталықтандырылған әмбебап-ғылыми кітапханада брифинг өтті. Онда облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова «Жаңа Жібек жолы» экспедициялық маршруты Қазақстан аймақтарына жасалатын ең ірі экспедиция екендігін жеткізіп, осы арқылы туристік кластерді қамтып, маңызды табиғи нысандарға бару көзделгенін сөз етті.
Мұнан соң әр облыстан жиылған туристік сала өкілдері «Жаңа Жібек жолы» экспедициялық маршрутын Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында дамытудың жолдарын талқылады. Ондағы инфрақұрылымдар мен туристерге жасалатын жағдайдың жай-жапсары әңгіме өзегіне айналды. Айта кетер жайт, біздің өңірден аталған маршрутқа 18 тарихи-мәдени орын кіріп отыр.
Экспедицияның негізгі шарасынан соң, Тараз қаласының аумағына саяхат ұйымдастырылды.
Ал экскурсияның қалған екі күнінде қатысушылар Т.Рысқұлов, Меркі, Шу және Қордай аудандарындағы тарихи-мәдени ескерткіштермен танысты.

Ш.БИДІЛДАҰЛЫ

ПІКІР