Қоғам

Жаңа жылға әзірлігіңіз қалай?

Written by Aray2005

Жаңа жыл мерекесіне де санаулы күндер қалды. Мерекедегі ең басты тарту, ол – жаңажылдық дастарқан. Әдетте қыз-келіншектер дастарқанға бар тәттісін үйеді. Тоқаштар мен тіл үйірер ыстық тағамдар дайындап, үстел бетінен бос орын қалдырмауға тырысады. Мұның сыры келер жыл молшылық жылы болсын деген ниет.

Мерекелік ас мәзірі дәмді салат пен ыстық тағамдардан ғана тұрмайды. Үстелді сәндеу, ыдыстарды әдемі етіп қою– келген қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлары анық. Қарап тұрсаңыз, бұл – өз алдына өнер. Мамандардың сөзіне сенсек, келер жылы қызыл, ақ және ашық жылы түстер сәнде. Таңдаған дастарқаныңызға қарай ыдыстарды да үйлестіріп қойған жөн. Мысалы, ыдыстарыңыз түрлі-түсті немесе суретімен болса, ашық түсті дастарқанмен үйлесіп-ақ кетеді. Егер Жаңа жыл белгісі ретінде қызыл жаулық таңдаған болсаңыз, үстел үстінде ақ және әйнек ыдыстардың болғаны абзал. Сонымен қатар мерекелік көңіл күй сыйлау үшін орындықтарды да сәндеуге болады. Қиялыңызға ерік беріп, әдемі бант, қоңырау және шырша ойыншықтарын қолдана аласыз.
Кез келген мерекелік дастарқанда ыстық тағам, салат, тәттілер және сусын болатыны анық. Алайда ыстық тағамға манты және өзіміздің ұлттық тағам – етті ұсынуға болады.
Дастарқанда салаттардың болуы мін­дет­ті. Әрине, дәмділігі мен әмбебап­тылығына байланысты «Оливье» және «Сельдь под шубой» салаттарынсыз мерекелік ас мәзірін елестету мүмкін емес. Сонымен қатар көптеген сауалнамалар нәтижесінде «Винегрет» салаты да дастарқанның көркін аша түседі деп ұйғарылған. Осы жылы қонақтарға ерекше тағам ұсынғыңыз келсе, «Маскарад» салатын әзірлеңіз. Ол үшін 200 грамм сиыр не тауық еті, 100 грамм краб таяқшалары, 100 грамм консервіленген бұршақ, 2 дана қызанақ, 2 дана картоп, 2-3 ас қасық өсімдік майы, 2-3 ас қасық майонез, 1 бума аскөк және сәндеу үшін салат жапырақтары қажет. Одан кейін ет, краб таяқшалары және қызанақты ұзын етіп тураймыз. Сондай-ақ туралған қартопты майға қуырып аламыз. Дәміне қарай тұз, майонез қосып араластыру қажет. Тәрелкеге салат жапырақтарын сәндеп төсеп, дайын салатымызды саламыз. Бір сөзбен айтқанда, «Маскарад» салаты оңай әрі дәмді. Сонымен қатар мүмкіндігінше «Дәмді шырша» тортын дайындау да көптің көңілін көтере түсетіндігі сөзсіз. Оның да дайындалу әдісі қарапайым. 6 жұмыртқа, 200 грамм қант, 1 ванилин және 150 грамм ұн болса жеткілікті.
Әрине, қатып қалған қағида жоқ. Жоғарыда айтылған ас мәзірін қалауыңызша өзгертіп, әрлей аласыз.
Биылғы жаңа 2019 жылды жақсы қарсы алу – тек берекелі дастарқанға емес, сіздің жеке көңіл күйіңізге де байланысты. Ең бастысы, құттықтап келген қонақтарды жылы шыраймен, ақ ниетпен қарсы алсаңыз, дастарқандарыңыз да жайнайтыны сөзсіз.

Жанар Қанатбек

ПІКІР