«Жаңалықтың халыққа жедел жеткені дұрыс»

0 0

Биылғы жылдың наурыз айынан бастап облыстық «Аq jol» газеті дүйсенбі күні жарыққа шыға бастады. Аймақтың бас басылымына енгізілген жаңашылдықтарды білу мақсатында газеттің директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлымен сұхбаттасқан едік.

– Ғасырға жуық тарихы бар басылымға соңғы уақытта енгізілген жаңашылдықтарды айтып берсеңіз…
– Жарыққа шыққалы халқының қуанышы мен қайғысын бөлісіп, мұң-мұқтаждарына құлақ асып келе жатқан жүз жылдық тарихы бар облыстың басты газеті 1990 жылдың 3 сәуірінен бастап «Ақ жол» деген атпен жарық көре бастады. 1980 жылдардың аяғына дейін аптасына 5 рет (сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма және сенбі күндері) жарық көрген басылым тоқсаныншы жылдардың қаржы мен қағаз тапшылығы сынды қиындықтарға байланысты оқырмандарымен аптасына үш рет (сейсенбі, бейсенбі және жұма күндері) қауышуға тура келді. Форматтары да бірде үлкейіп, бірде кішірейіп, жиі-жиі өзгеріп тұрды. Ал осы жылдың 2 наурызынан оқырмандар өзінің сүйікті газеті – «Аq jol»-ды дүйсенбі күні қолға алып, оқу қуанышына ие болды. Одан кейінгі сандары сәрсенбі және жұма күндері жарық көреді.
– Мұндағы басты мақсат не?
– Негізі «Аq jol» дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері оқырман қолына тисе, облыстық «Знамя труда» газеті бұрынғысынша сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері, ал облыстық «ARAI» жастар басылымы бейсенбі күні шарыққа шыға береді. Сонда өңірдегі ақпарат кеңістігінде бос орын (вакуум) қалмайды. Анығы оқырмандар өңір жаңалықтарынан газет арқылы аптаның алты күні толыққанды ақпарат алып отыратын болады.
– Бұл бастама кімнің идеясы?
– Бұл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жаңашылдығымен жүзеге асып отыр. Өйткені Президент пен Үкіметтен бастап жергілікті билікке дейін елдің экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрмыс сапасын арттыру, Қазақстанды мекендеген ұлттар мен ұлыстар арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайту, мемлекетіміздің ғылым, білім, мәдениет, өнер, спорт деген сияқты сан саласын қамтитын үлкен істер мен бағалы бастамаларды сенбі, жексенбі демей қолға алып, тынымсыз қызмет етіп отырғаны белгілі. Ал әлемді ақпарат билеген бүгінгі заман талабына сәйкес, әрбір жаңалық халыққа неғұрлым жедел жеткені дұрыс.
– Жексенбі күні жұрт демалып жатқанда сіздер газет шығарасыздар, ол үшін үстемеақы төлене ме?
– Газеттің дүйсенбі күнгі санын шығаруға атсалысқан жауапты хатшы, корректор, дизайнер, кезекші редактор, тілші секілді шығармашылық топ жексенбі күні газет шығару үшін аптаның жұма күні демалады. Егер 8 наурыз, 22 наурыз секілді мерекелер жексенбі күнге түсіп қалса, оларға мейрам күні еңбек еткені үшін қосымша ақы төленеді. Біз осы арқылы ешкімнің құқығының тапталмауына, Еңбек Кодексінің сақталуына мән беріп отырмыз.
– Өзгеріске сай қарбалас жұмыстардың да көбейетіні анық. Бұл қосымша штаттық бірлік ашуды қажет етпей ме?
– Жоқ. Егер газет аптасына 5 күн жарыққа шықса, қосымша штат ашуға мүдделі болар едік.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.