Жастар.kz

«Жанам деген жүрекке от беремін…»

Written by Aray2005

«Достық үйінде» облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірдегі дарынды балалармен жүздесті. Кездесуге халықаралық, республикалық пән олимпиадаларының жүлдегерлері, ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздары, жалпы саны жүзге жуық оқушы мен олардың ұстаздары қатысты.

Айта кету керек, 2018-2019 оқу жылында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысқан 245 оқушының 130-ы жеңімпаз атанған. Оның 28-і алтын, 33-і күміс және 69-ы қола медаль иеленіпті. Кездесу барысында Бекболат Серікбекұлы дарынды оқушылардың алдағы өміріне сәттілік тіледі.
– Білімді жастар – ел тірегі. Еліміз егемендігін алып, азаттыққа қол жеткізгелі бері жастар мәселесі назардан тыс қалған емес. Елбасымыз да жас буынға зор сенім білдіріп, биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл мемлекеттің жастарға үлкен үміт артып, оларға қолдау көрсеткенінің жарқын нышаны. Жастар жылы аясында да бірқатар жобалар қолға алынып, көпшілік назарына ұсынылды. Отанымыздың гүлденуі, дамудың даңғыл жолына түсуі сіздер секілді жастардың қолында. Тәуелсіздік тұғырының берік болуы да өскелең ұрпақтың білімі мен қажыр-қайратына байланысты. Өздеріңіздей дарынды жастар тұрғанда мемлекетіміздің іргесі берік, керегесі кең боларына кәміл сенемін. Сіздердің жастарыңызда осындай үлкен марапатқа ие болу– зор қуаныш. Алдағы уақытта да білімнің биік шыңынан көрінулеріңізге тілектеспін, – деген Бекболат Серікбекұлы жеткіншектерге оқуда озат болып, жоғары білімді маман атануларына тілектестік білдірді.

Кездесуге білім бәсекесінде топ жарған 94 оқушы қатысты. Олардың бәріне бірдей 100 000 теңгенің сертификаты табысталды. Осы дарынды жастардың арасында мектеп бітіруші 50 түлек те бар. Олардың 17-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ грантқа ие болады. Болашағынан зор үміт күттіретін бұл жастар облыс басшылығына ризашылық сезімдерін білдіріп, өздерінің арман-мақсаттарымен бөлісті.
– Менің болашақтағы мақсатым – биология ғылымдарын тереңнен зерттеу. Кореядағы «Юнист» атты оқу орнына түстім. Сол жақта мен ғылыми жобаларымды жалғастыратын боламын. Осы орайда маған білім берген ұстаздарыма алғысымды білдіргім келеді. Үкілеген үміттерін ақтап, алдағы уақытта алған білімімді тәжірибемен ұштастыруға белді бекем буып отырмын, – дейді «Биология» пәнінен үш дүркін алтын медаль иегері Әділет Тұртемір.
Еркін форматта өрбіген кездесуде дарынды балалар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.

Айжан Өзбекова

ПІКІР