Астанаға 20 жыл

«Жаңарған Жамбылдан – Асқақтаған Астанаға!

Written by Aray2005

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Жамбыл облысының мәдениет күндерін елордалықтар ыстық ықыласпен қарсы алды. Мерекелік шара шымылдығы облыстық қазақ драма театры артистерінің қойылымымен түрілді. Нақты айтқанда, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу қыздар-ай» атты комедиясы жұрт назарына ұсынылды. Сондай-ақ, облыстық орыс драма театры Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Александр Коровкиннің «Тётки» комедиясын сахналады.

Келесі күні Астана қалалық «Қазанат» ипподромының аумағындағы Этноауыл мәдени кешенінде өңірдің қолөнер бұйымдары шеберлерінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уалиев арнайы ат басын бұрды. Осы күні облыстық филармония ұжымы «Жаңарған Жамбылдан – асқақтаған Астанаға!» атты мерекелік концертімен жұртшылықты қуантты.
Әулиеатаның бай мәдениеті мен ән-жыр мұрасын елордалықтарға паш еткен екі күндік думанды шараның жоғары деңгейде өтуіне Жамбыл облысынан 180 өнерпаз атсалысты. Мерекелік кештен кейін көрермендер арасында алдын ала таратылған лоторея билеттерімен ұтыс ойыны ұйымдастырылып, 20 адамға Тараздан жеткен сыйлық табыс етілді.

«Арай-ақпарат»

ПІКІР