"Шипа"

Жаңашыл Жошыбаев

Адам кеудесіндегі жұдырықтай жүректің қызметіне тең келер ештеңе жоқ болар, сірә. Оны дүниедегі тоқтаусыз жұмыс істейтін жалғыз мотор дейді. Десе де, қазір жүрек дерті жас талғамайтын аурудың бірі болып тұр. Мамандардың мәлiметiне сүйенсек, елiмiзде жүрегі сыр берiп, жүрек-қан тамыры ауруларынан зардап шегушiлер аз емес көрiнедi. Бұрын жүрек дертіне ер адамдар 45 жастан, әйел адамдар 55 жастан бастап шалдығатын болса, қазір сырқаттың бұл түрі жастар арасында белең алған.

«Тілім-тілім жүрегім» деп ақын жырға қосқан адам кеудесіндегі тіршілік тірегін көздің қарашығындай сақтау мақсатында бүгінде облысымызда облыстық аурухананың кардиохирургиялық бөлімі, Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы мен «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы сынды 3 орталық жұмыс жасауда. Оның ішінде есімі елімізге кеңінен танымал медицина ғылымдарының докторы, профессор, Сейтхан Жошыбаевтың бастамасымен 2008 жылы Тараз топырағында ашылған Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығына биыл 10 жыл толып отыр.

Жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің барлық дамыған елдерінде өлім көрсеткіштері бойынша бірінші орында тұрғанын ескерсек, аталмыш орталықтың қоғамға қаншалықты қажет екенін аңғару қиын емес.
Ал, Сейтхан Жошыбайұлы өзі басқаратын кардиохирургия­лық орталықты ашу оның шет жерде жүрген кездегі басты арманы болғанын айтады.

– Қырғызстанда қызмет еткен жылдарымда туған елімдегі жүрек хирургиясына өз үлесімді қосып, өркендетуді армандайтынмын. Содан елге оралып, халқыма қызмет етсем деген түпкі ниетімді қағазға түсіріп, Елбасымызға хатпен жолдадым. Президент бұл ұсыныс-тілегімді қабыл алып, көне Тараз қаласына орналасуыма жағдай жасады. Сөйтіп, 2008 жылдың басында Әулиеата жерінде бұрын-соңды болмаған алғашқы кардиохирургиялық орталық ұйымдастырып, өз шәкірттеріммен бірге жүрекке ота жасау жұмысын шұғыл бастап кеттім. Бірте-бірте қызметкерлер саны алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарын бітірген дәрігерлермен толыға түсті. Бастапқыда Тұрар Рысқұлов атындағы шипажайдың бір қанатын жалға алып, аз ғана уақыттың ішінде орталықтың жұмысын аяғына тік тұрғыздық. Жаңадан ашылған жекеменшік мекеме болған соң оның мүмкіндіктері де шектеулі болды. Бірақ, қаржылық қиындықтар қос бүйірден қысса да, білікті мамандардың тынымсыз еңбегі мен халықтың бізге деген сенімінің арқасында осы күнгі жетістіктерге жеттік. Ендігі жерде адам ағзаларын, оның ішінде бүйректі, бауырды, жүректі алмастыру операцияларын жасауды, клеткалы трансплантологияны дамытуды жоспарлап отырмыз, — дейді профессор.

Дәлірек айтқанда, орталық биылдан бастап жүрек пен бүйрек, бауыр трансплантоло­гиясын қолға алмақшы. Қазір бұл іске қажетті аппараттар алынып, мамандар даярлануда.

– Бүгінде жүректі алмастырып қана қоймай, жүрек клеткасын жаңартуға дәрілердің орнына адамның өзінің қанын немесе жаңа туған нәрестелердің кіндік қанын пайдалануға болатынын ғылым дәлелдеуде. Енді жүректің бұлшық еттері жарамсыз жағдайға жеткен уақытта сол тәсілді қолдансақ деген ой бар. Бұдан бөлек, бүйректі алмастыруға да дайындалып жатырмыз. Бүйрекке донор жағы жеңілдеу болады ғой деп ойлаймын. Өйткені, екі бүйрегі де жарамай қалған адамға ағайын-туғаны бір бүйрегін бере алады. Яғни, адам ағзасында екі бүйрек болғандықтан, біреуін беріп, донор атануға болады. Ал, жүрекпен жағдай басқаша. Оның қиындығы технологиялық жағы емес, ұйымдастырушылық қыры. Жүрек — жалғыз. Жүрек трансплантациясына мамандар дайын болғанымен, басты мәселе — донордың жетіспеушілігіне келіп тіреледі. Осы мәселені шешу жолын біз шетелдік мамандармен байланыса отырып, қарастырудамыз.

Ал, келер жылғы мақсатымыз – бауырды алмастыру. Себебі, бүйрек аруларымен қатар, бүгінде бауыр аурулары да көп. Бауыр деген адам ағзасында зертханалық қызметті атқарып отыратын жүйе. Барлық ішкен тамақ, ащы-тұщы сол бауыр арқылы өтеді. Бірақ, оған да ота жасау донор болса жеңілдеу. Өйткені, бауырды бөліп екінші адамға қондырсақ, ол тез түзіліп кететін қасиетке ие.

Жалпы, осы секілді мақсат-міндеттердің орындалуы алдымен білікті мамандарға байланысты десек, екіншіден заманауи аппараттарға келіп тіреледі. Бізде бүгінде жасанды қан айналымы, демалу аппараттары, бүйрек пен бауырдан сыртқа шықпай бойға тараған улы заттарды тазалайтын заманауи «Премиум класс», «Экстра Класс» сынды құрылғылар бар. Олардың барлығы отаның қауіпсіз өтуіне өлшеусіз үлес қосуда, — дейді Сейтхан Жошыбайұлы.

Иә, он жылдық белесте Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығынан ем алып, дертіне дауа тапқан жандар аз емес. Осы таңға дейін Сейтхан Жошыбаевтың бастамасымен 3000-нан аса ота жасалса, барлығы сәтті шыққан. Енді, алдағы мамыр айында орталық клиниканың трансплантациялық оталар жасауға дайын екендігін көрсету мақсатында халықара­лық конференция өткізбекші. Бұл, сөз жоқ, медициналық мекеменің жаңа бір қадамы мен белесі болмақ.

Біз де өз тарапымыздан адам өміріне араша түсіп, осынау қиын да, жауапты қызметті мінсіз атқарып жүрген мамандардың жұмысына тек сәттілік тілейміз.

Айжан ӨЗБЕКОВА

ПІКІР