Жаңатас жаңғыру жолында

0 0

Кеншілер шаһарында 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында қайта жаңғыртудан өткен 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл үйде бір бөлмелі – 5, екі бөлмелі – 35, үш бөлмелі – 20 пәтер бар. Аталған үйге қоныс аударатын адамдардың тізімі аудандық тұрғын үй комиссиясы тарапынан жасақталған.
Қаладағы №1-ықшамауданда орналасқан №5 үйге қайта жаңғырту жұмыстарын тараздық мердігер «Бер-Нур-Тараз» ЖШС жүргізген. Жобалық құны 195,1 миллион теңгеге бағаланған нысан өткен жылдың 29 желтоқсанында пайдалануға қабылданған екен.

Жалпы, Сарысу ауданында өткен жылы барлығы 180 пәтерлі 2 жалдамалы тұрғын үй қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Бұл үйлерден 92 аз қамтылған және 18 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Оның ішінде мерекеге орай кілттері табыс етілген осы 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйден 8 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 33 тұрғын, 19 бюджеттік сала қызметкері пәтерге ие болып отыр.
Айта кетерлігі, бүгінде облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте 23 762 адам тұр. 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нысандарына 12,7 миллиард теңге бөлінген. Осы қаржылар есебінен 32 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, 38 инженерлік инфрақұрылым жобалары іске асырылуда. Былтыр 1 673 пәтер пайдалануға беріліп, 4654 жер учаскелеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды. Жалпы, жыл қорытындысымен 482,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 21 пайызға артық.
Ал, 2019 жылға Бағдарлама аясында 23,5 миллиард теңге қаралған. Осы қаржы есебінен 28 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілмек. 2019 жылы 27 үй тапсырылуы тиіс, ал 1 арендалық үйдің құрылысы 2020 жылға өтпелі. Ағымдағы жылы бюджет есебінен 1970 адамды пәтермен қамту көзделіп отыр.

«ARAI»-ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.