Қоғам

Жаңатас жаңғыру жолында

Written by Aray2005

Қазыналы Қаратаудың қойнауындағы бүгінгі Жаңатас қаласының тарихы тереңде жатыр. 1964 жылы кент ретінде бой көтерген елді мекен 1969 жылдан бастап қала мәртебесін алады. Бай кенішімен ерекшеленген шаһар сол уақыттан бері қаншама өзгеріске ұшырап, әр алуан кезеңдерді бастан өткерді. Кезінде тікелей Мәскеудің қамқорлығында болған қаланы тоқсаныншы жылдардағы терең тоқырау айналып өткен жоқ. Одақтас мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың үзілуі салдарынан алып комбинаттың жұмысы тұралады. Өндірілген фосфор өнімі өткерілмей, тау-тау болып үйіліп жатты. Жаппай жұмыссыздық белең алып, жұртшылық күнкөріс қамымен сыртқа көшуге мәжбүр болды.

Десе де, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында шағын шаһар көз алдымызда қайта жасарып, дәуірлей бастады. Жемісті жобалар мен байыпты бағдарламалардың нәтижесінде Жаңатас жаңғырып, жаңа келбетке ие болды.
Негізінен, Жаңатас фосфор кенімен аты шыққан қала. Бүгінде мұнда «Қазфосфат» ЖШС филиалы – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» компаниясы табыс тайқазанын тасытып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Соның есебінен бүгінде өндіріс көлемі еселеп өсуде. Аталған өндіріс ошақтары алғашқы жартыжылдықта 293,7 мың тонна фосфор өнімдерін өндірді. Қазіргі таңда «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жаңатас қаласындағы фосфаттарды қайта өңдейтін химиялық кешеннің екінші кезеңінің құрылысын жүргізуде. Кешен 2019 жылы толық іске қосылады. Жобаның құны – 950,0 миллион АҚШ доллары. Жалпы, ауданның өңдеу өнеркәсібінде үгітілген ұсақ тас шығаратын «Жаңатас Монтаж Сервис», мәрмәр тас өндіретін «Минерал», жанар-жағармай өнімдерін өндіретін «Жарас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен елді жылумен қамтамасыз етіп отырған «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорнының үлесі мол.
Жаңатас қаласының қайта түлеуіне «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының тигізген пайдасы зор. Мұнда да шағын және орта кәсіпкерлік саласын мықтап дамытуға баса көңіл бөлінген. Шаһарда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының материалдық-техникалық базасы күн өткен сайын нығайып келеді. Қоғамдық орындарды абаттандырудың арқасында қала көркі ажарлана түсті. Қоғамдық жұмысшылар күшімен жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар, саябақтар ішіндегі жолдар қалыпқа келтірілді. Биыл сондай-ақ, «Горняк» саяжайына жаңа электр желілері тартылды. «Строитель» саяжайына ішкі электр желілерін жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалды. Ал, наурыз айының басында «Строитель», «Горняк», «Фосфорит» саяжайларының 13 көшесіне қиыршық тастар төселіп, автогрейдермен тегістелді.
Жаңғырған қала жасыл желекпен көмкерілуде. Наурыз мерекесінде қаладағы мекеме-кәсіпорындардың ұжымдары жұмыс орындарының ауласына жаппай тал-терек егіп, бұл бастама тұрғындар арасында да кеңінен қолдау тапты. Қала әкімі аппаратының тарапынан «Еңбек ерлері» саябағына 100 дана мальва талының, аудандық мәслихат депутаттары 30 дана жеміс ағашының көшеттерін отырғызды. «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында Жаңатас қаласының кіреберісіндегі қоршаудың ішіне 40 дана шырша, 2 000 дана сәнді тал көшеттері егілді. Мұндағы 4 саябақ және Әулиеата көшесінің ортасындағы қоршау іші барынша күтімге алынғанын айта кету керек.
Аудан әкімі Балабек Нарбаевтың басшылығымен жөндеуден өткен орталық саябақ та бүгінде көпшіліктің демалыс орнына айналды. Саябақта балалар үшін қолайлы ойын алаңдары орнатылып, неше жылдан бері аңқасы кеуіп тұрған 3 су бұрқағы қайта қалпына келтірілді. Әулиеата, Сағындықов көшелері мен орталық алаңда орналасқан жарық бағандарында түн мезгілінде жанып тұратын жарықдиодтық 50 дана лайт-бокс және 50 дана қызғалдақ гүлдері орнатылды. Қазіргі таңда жаңа үлгідегі 3 аялдама мен «Ұрпақтар» аллеясында заманауи түнгі жарық шамдары іске қосылып, №3 ықшамаудандағы мешіттің алдында «Ынтымақ» аллеясы ашылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да тындырымды тірліктер жетерлік. Осы орайда, бұқараны баспанамен қамтамасыз етуге барынша көңіл бөлініп отыр. Бүгінде №1 ықшамаудандағы №23 тұрғын үй «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, осы ықшамаудандағы №5 көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіру мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ, №16, 19, 20, 21, 22, 23, 24 көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі квартал жолдарына асфальт төселуде.
Бұл шағын қалада атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы мақсаттар одан да ауқымды. Сарысу ауданының 90 жылдық мерекесін атап өту аясында жаңғырту жұмыстарына басымдық берілуде. Бұл тұрғыда Жаңатас қаласына Саудакент ауылы бағытынан кіреберіс жолды жарықтандыру, балалар ойнайтын шынжырлы карусель мен «Карамелька» аттракционын орнату шараларына қаржы көздері қарастырылып, жылдық жоспарға енгізілді. Қала аумағындағы «Бүркітті» тұрғын алқабында әлеуметтік әріптестік негізінде 80 орындық балабақша ашылады деп күтілуде. Бір сөзбен айтқанда, Жаңатастың екінші тынысы ашылды деуге толық негіз бар. Жұртшылық игілігіне бағытталған жұмыстар жүйелі жалғаса беретін болады.

Гүлнар Амангелдіқызы,
Жаңатас қаласы әкімінің орынбасары,
Сарысу ауданы

ПІКІР