Жамбыл жаңалықтары

Жаңатаста 120 отбасы қоныстойын тойлады

Сарысу ауданының орталығы — Жаңатас қаласы жыл өткен сайын гүлденіп келеді. Қалада қаңырап бос қалған тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріліп, ел игілігіне берілуде. Соның нәтижесінде, ішкі көші-қон да тұрақталып, баспанаға деген сұраныс арта түскен. Бүгінде кеншілер шаһарында 1892 адам пәтер кезегінде тұр. Міне, осы тұрғындардың бірқатары кеше су жаңа баспанаға қол жеткізді. Нақтырақ айтқанда, қаланың 1-ықшамауданындағы №34 тұрғын үй биыл қайта жаңғыртудан өтіп, 120 отбасы қоныстойын тойлады.

Салтанатты рәсімде аудан әкімі Балабек Нарбаев пен Жаңатас қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Байтуған Рыспаев қоныс иелеріне пәтер кілтін табыстап, жүрекжарды тілектерін арнады.
– Қазіргі таңда аудан орталығында 22 мың тұрғын бар. Кейінгі жылдары пәтер кезегінде тұрған азаматтардың қатары көбейе түсті. Әйтсе де, біз осы мәселені бұрын иесіз қаңырап бос қалған үйлерді қайта жаңғыртудан өткізу арқылы шешудеміз. Өйткені, жаңа нысан салғаннан гөрі, бос тұрған үйлерге жаңғырту жұмыстарын жүргізу екі есе арзанға түседі. Мұның бәрі де, әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Апта басында Президентіміз өзінің бес әлеуметтік бастамасында әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін жария етті. Бізді қарапайым халықтың тұрғын үй ипотекасына қол жеткізуге деген мүмкіндіктерін арттыратын маңызды қадам қатты қуантады. Себебі, 2012 жылдан бері осымен 8 көп қабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылып, пайдалануға беріліп отыр. Жақында 1 ықшамаудандағы тағы бір үйге жаңғырту жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Бұдан бөлек, әлі жаңғыртуды қажет ететін 16 көпқабатты тұрғын үй бар. Осыларға да келешекте жөндеу жұмыстарын жүргізіп, халыққа үлестірсек деген ойымыз бар, – деді Балабек Жанбекұлы.

Жалпы, 1975 жылы салынған осы үйді жоба бойынша былтыр қайта жөндеуден өткізу үшін шамамен 262 миллион теңге жұмсалса, биыл бөлінген 40 миллион теңге толығымен игеріліпті. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Жандарбек Әбдіқалықовтың айтуынша, нысанның жобалық сметалық құны 302 миллион теңгені құрапты.
– Бас мердігер — «Строители Века» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған 120 пәтердің 10-ы бір бөлмелі, 70-і екі бөлмелі, қалғаны үш бөлмелі. Біз осылайша қаладағы бос тұрған көпқабатты үйлерді қалпына келтіру арқылы тұрғындарды баспанамен қамтудамыз. Бұл тұрғыда 1-ықшамаудандағы №5, 9 және 2-ықшамаудандағы №29 үйді қалпына келтіру мақсатында жобалық-сметалық құжаттарын жасап, мемлекеттік сараптамадан өткіздік, – дейді Жандарбек Мұқтарұлы.

Пәтерге қол жеткізгендердің ішінде көп балалы ана Меруерт Нарбаева да бар. Пәтер кезегіне 2012 жылы тіркелген ол баспаналы болғанын алғаш естігенде қуанышы қойнына сыймағанын айтады.
– Менің төрт ұлым бар. Оның екеуі егіз. Балаларымның кішісі бастауыш сыныпта оқиды. Өзім аудандық ауруханада мейірбикемін, күйеуім жұмыссыз. Бұрын әркімнің пәтерін жалға алып тұрып келгенбіз. Біз қол жеткізген үш бөлмелі пәтердің аумағы шамамен 68 шаршы метр. Мұнда ыстық су мен мұздай су, жылу, жарық бәрі бар. Бұрын осындай үйде тұрғандар ауыз суды тасып ішетін. Қазір газ құбырына дейін тартып қойған. Бірақ, табиғи газ 2020 жылға дейін тартылады деген жақсы жаңалық естудеміз. Бастысы – біздің енді өз баспанамыз бар. Сол үшін Елбасымызға және облыс, аудан, қала басшыларына айтар алғысым шексіз, – дейді ол.

Мереке қарсаңында қоныстойын тойлап, қос қуанышқа қатар кенелген жаңатастықтар жақсылықтар тізбегінің жалғаса беретініне нық сенімді.

Алуа ЖАҚСЫМБЕТ,
Сарысу ауданы

ПІКІР