Жаңатаста қос бірдей аллея бой көтеруде

0 0

Сарысу ауданынның орталығы Жаңатас қаласында «Ұстаздар аллеясы» үшін арнайы жер беріліп, оған тал-дарақтар отырғызылып жатыр. Бұл аллеяның ұстаздар атына берілуінің де өзіндік мәні бар. Өйткені қаланың шыға берісінде орналасқан жерге ұстаздан тәлім-тәрбие алған әрбір шәкірт түрлі жеміс талдарын егіп, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарын жүргізуге бар мүмкіндік қарастырылған. Аудан жастары, жалпы сарысулықтар жаңа аллеяны алдағы уақытта күтіп-баптау ісінде қалыс қалмаймыз деп отыр. Айта кетерлігі, аталған аллея 10 гектар аумақты алып жатыр. Алдағы уақытта 5000 түп тал-дарақ отырғызылады деп жоспарлануда.

Бүгінде аталған маңға тал-дарақтар егу басталып кеткен. Әрине өздеріне арналған аллея ашу ұстаздарды қуанышқа бөлеп жатыр.
– Расында туған жерді қастерлеу – асыл ұғым. Бала жанының бағбаны бола білген азаматтардың өздері ортамызда болмағанымен олардың ізгілікті ісі жалғасып келеді. Педагогтар үшін «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылданғанына өте қуаныштымын. Президенттің көтерген мәселесі көңілімізден шықты. Сондықтан оның әрбір бастамасын қолдаймыз. Осы орайда елімізде жарияланған төтенше жағдайға қатысты үндеумен де танысып, алаңдаушылық танытудамыз. Елдің елдігі қиындықта білінеді. Біз де ұстаздар қауымы ерікті түрде үндеуді қолдап, болашақ ұрпақ саулығы жолында еселі еңбек етуге әзірміз, – дейді Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Әйгерім Әділханова.
Жалпы облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың тазалық жұмыстарына баса назар аударып, тал егу, көгалдандыру көгеріштендіру туралы тапсырмасы аясында ауданда екі бірдей аллеяға орын беріп, бірін «Ұстаздар аллеясы», екіншісін «Дәрігерлер аллеясы» деп атап, тал егу жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта аудан көлемінде қыруар жұмыстар басталып та кетті.
Бос жатқан жерді тиімді пайдалану және табиғат тазалығына баса мән беруге байланысты «Дәрігерлер аллеясы» болатын аймақ 5 гектар аумақты құрайды. Онда 3000 түп жеміс және қарағаш егіледі деп күтілуде.

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.