Жалын

Жаңатаста «Жастар сарайы» салынады

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай қазіргі Қазақстан, әлемдік саяси сахнаға көрермен көзімен қарайтын үйренуші елден өсіп, енді үйретуші ел деңгейіне жетті. Бұл – бұлжымайтын байлам. Сол сияқты осы жиырма алты жылда жастардың да санасы өсті, ойы серпілді, қоғамға деген көзқарасы өзгерді. Десек те, барлығы бірдей жүйеге түспесе де ауыл жастарына байланысты көптеген түйінді мәселелердің жыл санап шешімін тауып жатқандығын да ешкім жоққа шығара алмайды. Осы орайда, газетіміздің «Жастар және саясат» айдары аясында Сарысу аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мұхамедқали Бегеевпен еркін әңгіме-дүкен құрып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан едік.

– Мемлекеттік мекемеге басшылыққа келгенге дейін бірнеше жыл кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етіп, жарқын жобаларыңызбен көзге түстіңіз.
Мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетілгендіктен, кәсіпкерлік саласына бет бұрушылардың қатары жыл санап артып жатқанда, сіздің жастар саясатына келуіңізге не себеп болды?
–Кәсіпкерлік саласында жүргенде «еңбек­тің көзін тапқан, байлықтың өзін таба­ты­ны­­на» көзім анық жетті. Тек жолыңды кес-кестейтін түрлі кедергілерге мойымай, табан­дылықпен жұмыс істей білсең болғаны. «TARAZ LOGISTIC SERVICES» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, кейін аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне қарасты «Бизнес инкубатор» мекемесінде директор болып қызмет атқара жүріп, көкейге көп нәрсені түйдім. Ал, жастар саясатына келу­де­гі мақсатым – қоғамда позитивтік орта қалыптастыру, жастарды көшбасшылыққа жетелеу. Өзім де жас болғаннан кейін осы сала жаныма жақын болды.
– Ізіңізді басып келе жатқан, болашақта кәсіпкер болуды мақсат еткен жастарға істі неден бастау керек, кедер­гі­лермен қалай күресу керектігі жайында қандай кеңес берер едіңіз?
– Жастарға «еңбек ет, талма» деп айту оңай. Әрине, мықты кәсіпкер болу үшін жемісті еңбек пен қайсарлық керек. Айналаңдағылардың өзіңе деген сенімділігі қалыптасуы үшін жігерлі болуың қажет. Барлық бизнес белгілі бір идеядан туындайды. Соған сәйкес жоспар құрасыз. Ойланасыз, толғанасыз. Ақырында «жеті рет өлшеп, бір рет кесесіз». Сол секілді ең алдымен қолға алғысы келген ісін зерттеп, зерделеп алғаны дұрыс.
Бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тікелей қолдауымен жастарға айрықша көңіл бөлініп жатқаны бекер емес. Өз кезе­гін­де жас кәсіпкерлеріміз де артылған жауап­кершілік жүгін сезініп, сенімге селкеу түсірмей, жүйелі жұмыс істеп жатыр деуге толықтай негіз бар. Сондықтан, шағын және орта бизнесті дамытуда, инновациялық және әлеуметтік-экономикалық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда жас кәсіпкерлердің мүмкін­дігі мол, әрі оның қозғаушы күші десек қателес­пейміз.
– Аудандық «Жастар ресурстық орта­лығының» директоры қызметіне тағайын­далғаныңызға жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында жастар игілігі үшін қандай жұмыстар атқарылды?
– Жалпы, бір жылдың ішінде ауданда жастар саясатын іске асыруда біршама тірліктер тындырылды. Жылдық жоспардан бөлек, жастарды жақсылыққа шақыратын «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы сынды түрлі қайырымдылық шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар айында «Тегін такси» акциясы көптің көңілінен шығып, әлеуметтік желіде тез тарап үлгерді. Тіпті, қоғамда қызу тал­қы­ға түсіп, аудан жастарын еліміздің өзге аймақтарына үлгі ете білдік. Сонымен қатар, қасиетті Рамазан айында «Оразада арақ сатпайық!» акциясы жастардың айрықша қолдауына ие болды. Сол секілді жуырда ғана Тараз қаласында тұңғыш рет тұсауы кесілген «Үздік ресурстық орталық» атты облыстық байқауда бас жүлдеге қол жеткіздік. Аталмыш байқаудың деңгейі жайында «ARAI» газетінде сыни мақала да жарияланды. Келісуге де болатын шығар. Дегенмен, біз ұйымдастырушы емес, тек қатысушы болғандықтан тас түйін дайындалып, өзгелерден дара шықтық. Бұл да біздің еңбегіміздің жемісі деп білемін. Айта берсе, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алдағы жоспарлар да ауқымды. Орталық қызметкерлерімен жұдырықтай жұмылып, саладағы нәтижелі жұмыстарымызды жал­ғас­ты­ра беретін боламыз.
– Өңірде әлі күнге дейін шешімін тап­паған немесе сіздің де мүмкіндігіңіз жет­пей жүрген жастардың қандай түйінді мәселелері бар?
– Жастар арасындағы кезек күттірмейтін мәселелердің бірі – жұмыссыздықтың алдын алу. Осы бағытта аудандағы жұмыссыз жастар­мен түрлі форматта кездесулер өткізіліп тұрады. Жастардың жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы ұдайы үгіт-насихат жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, биылдан облысымызда жүзеге асырыла бастаған «ZHAS PROJECT» жобасы аясында да кездесулер өткізіліп, жастардың өз жобаларын ұсынуына септігін тигізуде. Жұмыссыз жастарды қоғамға бейімдеп, әрі жеке кәсібін ашуға ниетті жандарға қолдау көрсетуді мақсат еткен жобаға аудан жастары айрықша қызығушылық танытуда. Жастарды жұмыспен қамтудан бөлек, кәсіпкерлікке баулу, бойларына ұлттық тәрбиемізді сіңіре білу – біздің бүгінгі басты бағытымыз.
– Ауданға қарасты елді мекендердің кейбірі бір-бірінен шалғай орналасқан. Тек қала жастарына көңіл бөлініп, қашықтағы ауыл жастары назардан тыс қалып жатқан жоқ па?
– Мекемеде 9 ауылдық округтің жас­тар ісі жөніндегі инспекторлары еңбек етеді. Ауданға қарасты елді мекендермен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Мәселен, шалғайдағы Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылдарындағы жастармен байланыс тұрақты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында, ауданымыздың 90 және Астана қаласының 20 жылдығына байланысты өтіп жатқан мәдени-спорттық шараларға ауыл жастары белсене қатысуда. Сол сияқты, шалғайдағы замандастарымызды облыстық, республикалық жарыстарға қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл да ауылдармен байланыстың тұрақтылығының бір көрінісі.
– Ауылды жерлердегі жастар ісі жөнін­дегі кеңесшілердің жұмысына байланысты көп сын айтылады. Өзіміз де талай мәрте көзбен көргенбіз. Кеңесшілердің жұмысын бір жүйеге түсіру үшін сіздіңше не істемек керек?
– Орынды сұрақ. Мекеме тарапынан әр инспектордың жұмысын қадағалау мақ­са­тын­да тоқсан сайын зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Биылдан бастап облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының бекітуімен «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлерінің біліктілігін анықтау мақсатында мемлекеттік тест сынақтары өткізіледі. Ауылдық округтегі жастар ісі жөніндегі инспекторларды сынаққа дайындау мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, семинар-тренингтер, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
– Білуімізше, аймақта жастарға арнал­ған типтік үлгідегі орталық жоқ. Аталмыш мәселе бойынша аудан басшысына ұсыныс жасап немесе басқа да жолдарын қарас­ты­рып көрдіңіздер ме?
–Жастардың бос уақытын тиімді ұйым­дас­тыру үшін қазіргі таңда әр түрлі үйірмелер, өнер, спорт мектептері мен балалар-жасөспірімдер орталықтары жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, аудан әкімі Балабек Нарбаевтың қолдауымен аймақ жастары үшін алдағы уақытта «Жастар сарайы» соғылатын болады. Бұл да жастарымызға көрсетіліп жатқан қамқорлықтың айғағы. «Жастар са­ра­йы» болашақта сарысулық жастардың құтты мекеніне айналады деп сенеміз.
– Аудан жастарының тәрбиесіне бай­ла­нысты да бір емес, бірнеше мәрте редак­ция­мызға хат келген болатын. Мәселен, «Ақылды қала» жобасы аясында салынған аялдамалар жастардың қолымен бірнеше айдың ішінде сұрықсыз күйге еніп шыға келген. Қазынадан миллиондап қаржы бөлініп, ел игілігі үшін жасалып жатқан жүйелі жұмыстарды жастардың жарамсыз етіп тастауын қалай түсінсек болады?
– Аудан тұрғындары үшін салынған аялдаманың кейбірінің жарамсыз күйге түскені ащы да болса ақиқат. Бұған кінәлі тек жастар деп бір жақты қарауға болмайды. Осы мәселеге байланысты, аудандық ішкі істер бөлімі, прокуратура, қала тұрғындары, қала әкімі аппаратының қызметкерлерімен бірлесе отырып, жедел рейд жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
– Сарысулық жастардан алдағы уақыт­та қандай жағымды жаңалықтар күтсек болады?
– Биыл ауданымызға 90 жыл толып отыр. Дүбірлі мерейтой қарсаңында жылдық жоспарға сәйкес, бірқатар шаралар өткізілді. Алдағы уақытта облыстық деңгейде түрлі байқаулар, мерекелік концерттер өткізу жоспарда бар. Алла сәтін салса, Астанамыздың 20 жылдығын да ауданымызда үлкен көлем­де атап өтетін боламыз. Одан өзге де жос­парларымыз жетерлік. Қазірдің өзінде мерейлі мерекелерге қызу дайындық басталып кетті.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР