Жаңатасты жылусыз қалдырған бөлім басшысын қызметінен босату ұсынылды

0 23

Кеше Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда 13 мәселе қаралды.

Кеңесте ең әуелі заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі сипатындағы мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны, яғни мемлекеттік сатып алу шарттары және жобалық-сметалық құжаттамаларымен көзделген жұмыстар атқарылмағандығына қарамастан, мердігерлерге қаражатты аудару фактілері бойынша Жамбыл ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы К.Тилеубаевқа және Т.Рысқұлов ауданындағы Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Н.Жамалбековке қатысты қозғалған тәртіптік істер қаралды. Нәтижесінде Әдеп жөніндегі кеңес Жамбыл және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдеріне аталған қызметшілерге «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаларды қолдануды ұсынды.
Ал Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы қазандықтың істен шығуына байланысты кеңес мүшелері жауапты маманның басынан сипамады. Тарқатып айтсақ, келісімшарт бойынша Жаңатас қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен қамтамасыз ету мақсатында мазут отынын жеткізіп беруші «Galaxy Petroleum» серіктестігі өз міндеттерін толық орындамағанына және серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талап арызбен жүгінуіне қарамастан, бөліммен осы серіктестікпен 09.02.2021 жылы 1 600 тонна мазут жеткізуге шарт жасалған. Осы ретте бөлім басшысы Е.Бейсенбеков «Galaxy Petroleum» серіктестігіне құқыққа сыйымсыз артықшылықтар көрсету сипатындағы мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаған. Бөлім (тапсырыс беруші) мен «Galaxy Petroleum» ЖШС (өнім беруші) арасында жасалған мемлекеттік сатып алу туралы 2020 жылғы 1 қазандағы №170 шартқа сәйкес, өнім беруші жалпы сомасы 665 333 760 теңгені құрайтын көлемі 10 608 тонна М-100 маркалы өртенгіш мазутты 2020 жылдың қазан (4 500 тонна), қараша (5 355 тонна) және желтоқсан (753 тонна) айларында Жаңатас қаласының орталық қазандығына жеткізіп беруге міндеттелген. Алайда мемлекеттік аудитордың 2021 жылғы 23 ақпан күнгі қорытындысына сәйкес, 2020 жылдың 1 қазаны мен 31 желтоқсаны аралығында шарт бойынша жеткізілуі тиіс болған 7 971,6 тонна мазут үшін барлығы 499 981 761 теңгені құрайтын қаражат өнім берушінің шотына аударылған. Өз кезегінде жеткізілмеген 2 363,4 тонна мазутқа төленуі тиіс, яғни игерілмеген 165 355 008 теңгенің 165 352 000 теңгесі жергілікті бюджетке қайтарылған. Дегенмен өткен жылдың қазан-желтоқсан айларында жоғарыдағы 7 971,6 тонна мазуттың іс жүзінде 7 004 тоннасы жеткізіліп берілген, ал құны 60 687 872 теңгені құрайтын 967,6 тоннасы қаражаттың өнім берушіге төленгеніне қарамастан, шартта көрсетілген мерзімде (2020 жылдың желтоқсан айы ішінде) жеткізілмеген.
Аудит қорытындысы бойынша 2021 жылдың 1 қаңтары мен 18 ақпаны аралығында 2020 жылдан қалған 967,6 тонна мазуттың 736,9 тоннасы (құны 46 218 300 теңге) Жаңатас қаласының жылыту қазандығына жеткізіліп берілген. Алайда өнім берушімен жеткізілген мазутқа «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы Жамбыл филиалымен сынама жасау барысында М-100 маркалы мазуттың 59,9 тоннасына су араласқандығы және 54,404 тоннасы жылыту қазандықтарына арналмағандығы, яғни екі сынаманың да «Мазут. Мұнай отыны» ГОСТ 10585-2013 нормативтік құжаттарына сәйкес келмейтіні анықталып отыр. Бұл ретте аудит қорытындысында «Galaxy Petroleum» ЖШС-нің сапасы төмен ГОСТ нормативтеріне сәйкес келмейтін құны 46 218 368 теңгені құрайтын 736,9 тонна мазутты жеткізіп бергені жөнінде тұжырым жасалған. Сонымен бірге аудит жүргізу барысында жеткізіліп бермеген 230,7 тонна мазут үшін алдын ала төленген 14 469 504 теңге көлеміндегі бюджет қаражаты өнім берушімен негізсіз пайдаланғаны туралы қорытынды берілген.
Қызметтік тергеп-тексеру барысында сұралған бөлім басшысы Е.Бейсенбеков өз түсініктемесінде Жаңатас қаласының әлеуметтік нысандарына және қала тұрғындарына жылуды үздіксіз беру мақсатында және қазандықтағы мазут қорын 2021 жылдың ақпан айына дейін жеткізу үшін «Galaxy Petroleum» ЖШС-ның кепілдік хаты негізінде 967,6 тоннаға 60 687 872 теңге қаржыға алдын ала төлем жасалғанын мойындаған.
Сонымен бірге Е.Бейсенбеков «Galaxy Petroleum» ЖШС-мен 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында жеткізілген құрамында суы бар мазуттың 4-5 күн бойы қабылданбай тұрғандығы, алайда қазандықтағы мазуттың көлемінің азаюына байланысты акт жасай отырып, цистернадағы мазуттың суын төгіп, қалғанын қабылдап алуға мәжбүр болғандығын түсіндірген.
Десе де кеңес мүшелері бұны жауапсыздық ретінде бағалап, Сарысу ауданы әкімінің міндетін атқарушы О.Көкейге аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының басшысы Е.Бейсенбековті «атқаратын мемлекеттік лауазымынан босату» түріндегі тәртіптік жазаға тартуды ұсынды.
Сондай-ақ облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысына мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін Жамбыл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Б.Куандыковқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза белгіленді.
Ал мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны бойынша Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы О.Борисюкке және облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Т.Мукушовқа қатысты қозғалған тәртіптік істе Әдеп жөніндегі кеңес аталған қызметшілерге «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаларды қолдануды ұсынды.

Дедек ТӨЛЕН

Leave A Reply

Your email address will not be published.