"Кәсіпкерлік"

Жаңатастық жас кәсіпкердің жомарттығы

Written by Aray2005

Жаңатас қаласында тағы бір көпбалалы отбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Бір отбасы, бір пәтер» аудандық жобасы аясында баспаналы болды. Ұзақ жылдар бойы пәтерден пәтерге көшіп жүрген жалғызбасты анаға жас кәсіпкер Фархат Исақұлұлы Шаимқұлов үй сыйлады.

Меценат бұған дейін де бірқатар аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен, басқа да жан-жақты көмекпен демеп, мүмкіндігінше қол ұшын созып келген.
– Осы отбасыны көзім шалған сайын тұрмыс жағдайы тым төмен екендігін байқайтынмын. Көп ойлана келе осындай қадамға барып, Рамазан айы қарсаңында сыйлық жасауды жөн деп шештім. Елімізде пәтер алуға жағдайы келмейтін көпбалалы отбасылар жетерлік. Мен мұсылман, өз елімнің патриоты ретінде осындай жандарға көмек көрсетуді жөн деп санаймын,– дейді кәсіпкер.
Енді бұл пәтер балалардың сыңғырлаған күлкісіне толады. Қуанышқа кенелген отбасы бұрынғыдай әр үйге көшіп жүрмейді.
– Үйім жоқ еді. Тіршіліктің тауқыметін жас та болсам аз көрмедім. «Жыртық үйдің Құдайы бар» деген рас-ау, жоқ жерден
2 бөлмелі үй берді. Мұндай болады деп ойламап едім. Жомарт кәсіпкерге рақметім шексіз, – дейді Нұргүл Қонысбаева.
Ал мұның алдында ғана жергілікті кәсіпкерлер Дәулеталды Жанбаев пен Тоқтасын Бләлиев бір-бір отбасын баспанамен қамтып, көптің алғысына кенелген болатын.

Дариха Үмбетиярова,
Сарысу ауданы

ПІКІР